Бәрібір өкінбеймін
Біздің Сайқан, Сауыр таулары тұнып тұрған сұлулықтың өзі сияқты. Тек асқар-асқар таулар мен ну ормандар, сарқыраған ақ көбік өзендер… қиялды еріксіз қозғайды. «Ақ қағаз бетіне қара қарындашпен бірдеңені саласың ба, қайтесің?» деп маза бермейді-ау, маза бермейді.
2-3-сыныптан бастап сурет сала бастадым. Онда да қайбір қиратып тастады дейсің — қисық қарағайлар, ақсақ аюлар деген секілді. Мұғаліміміз Кәрім Ақтаев бәрібір мені мақтап қояды:
— Бұл баланың көкірегінде көзі бар, — деп. Бірте-бірте әлгі қисық қарағайлар түзеліп, аюымның жүрісі оңала бастады. Енді сыныптағы қыздардың бейнелерін сала бастадым. Сонымен сыныптың, тіпті мектептің суретшісі болып алдым.
— Өскенде кім боласың? — дегендерге бірден жауап беремін....