Шымкентте тағы бір әйел пышақ жарақатынан көз жұмды
Шымкентте тағы бір әйел пышақ жарақатынан көз жұмды. Tengrinews-дің жазуынша, полиция күдіктіні ұстау кезінде қару қолданған.
“Алдын ала мәлімет бойынша, күдікті қастық ниетпен жәбірленушіні пышақпен жарақаттаған, соның салдарынан ол оқиға орнында көз жұмды” деп хабарлады полиция.
Оқиғаны полицияға куәгерлер хабарлаған. Күдіктіні ұстау кезінде ол қарсылық көрсеткеннен кейін полиция қызметкерлері табельдік қару қолданып, жарақаттаған деп айтылады. Желіде тараған видеода қолданушылардың бірі "нағыз атыс болғанын" айтады.
Ер адам медицина мекемесіне жеткізілген, ізінше қамауға алынды. Қазір тергеу органдары оқиғаның мән-жайын анықтап жатқаны хабарланды.
Шымкентте осымен екінші қыз кісі қолынан қаза болып отыр. 11 қаңтарда Шымкентте 21 жастағы студент Нұрай Серікбай пышақ жарақатынан қаза болды. Желіде тараған видеода жас жігіттің, қызды пышақтап, қашып кеткені байқалады. Күдікті ұсталды, оның үстінен адам өлтіру бабымен іс қозғалған.
Бұған дейін Нұрай Серікбайдың қазасына қатысты бірқатар лауазымды полиция қызметкерлерінің қызметтен алынып, "салғырттық" бабы бойынша да қылмыстық іс қозғалғаны белгілі болған. Бұл оқиға бойынша "Адам өлтіру", "Некеге мәжбүрлеу" және "Сталкинг" бойынша қылмыстық іс қозғалған.
Былтыр Қазақстанда Қылмыстық кодекске енген өзгеріс бойынша “қыз алып қашу” ("некеге мәжбүрлеу") “Адам ұрлау” бабына енгізіліп, ол бойынша жаза күшейтілген еді.
