Маңғыстау облысындағы ауруханада дәрігер пышақ жарақатынын қаза болды
Жаңаөзендегі ауруханада 29 жастағы терапевт пышақ жарақатынан қаза тапты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Не болған?
Бұған дейін әлеуметтік желілерде Жаңаөзендегі шабуыл туралы ақпарат тарады. Мәліметке сәйкес, 28 қаңтарда шамамен сағат 14:00-де белгісіз ер адам терапевт дәрігерге шабуыл жасап, оны пышақтаған.
Алдын ала деректер бойынша, бұл оқиғаның дәрігердің кәсіби қызметі мен медициналық мекемедегі жұмысына қатысы жоқ.
Маңғыстау облысының полициясы не дейді?
Маңғыстау облыстық Полиция департаменті адам өлтіру дерегін растады. Құқық қорғау органдары мәліметінше, күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалған.
Полиция мәліметінше, алдын ала болжам бойынша, ер адамдар арасындағы жанжал отбасылық-тұрмыстық негізде болған. Оқиғадан кейін күдікті өз еркімен Жаңаөзен Полиция басқармасына барып, жасаған ісін мойындаған.
Аталған дерек бойынша Қылмыстық кодекстің 99-бабы 1-бөлігі ("Адам өлтіру") бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайын жан-жақты және объективті анықтауға бағытталған тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!
