Қарағандыда Серік Сәпиев соққыға жығылған
Қарағандыда бокстан Олимпиада чемпионы Серік Сәпиев пен оның орынбасары Дәурен Есімхановқа қатысты жанжал туындады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Редакция мәліметінше, жанжал 21 қаңтарда Қарағандыдағы спорт мектебінің аумағында болған. Алдымен ауызша кикілжің туындап, кейін ол төбелеске ұласқан. Салдарынан Серік Сәпиев дене жарақатын алған.
Ақпаратқа Қарағанды облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметі пікір білдірді. Ведомство мәліметінше, 21 қаңтарда қаладағы спорт кешендерінің бірінде екі ер адам арасында жанжал туындаған.
"Қарағанды қаласының 42 жастағы тұрғынының арызы негізінде ұрып-соғу дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазір полиция қызметкерлері оқиғаның барлық мән-жайын анықтап жатыр. Тергеу мүддесіне байланысты өзге ақпарат жарияланбайды", - деді полиция.
Айта кетейік, Серік Сәпиев қазір Қарағанды облысында Дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысы қызметінде.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!
