Астанада полиция балаларының қазасын әділ тергеуді талап еткен аналарды ұстады
15 қаңтарда Астанада полиция балаларының қазасын әділ тергеуді талап етіп жүрген үш ананы ұстап әкетті деп хабарлады құқық қорғаушы Инга Иманбай.
"Аналар Қасым-Жомарт Тоқаевтың атына ұжымдық өтініш тапсыру үшін барған. Өтініштің мақсаты — балаларының өліміне қатысты қылмыстық істердің объективті, тәуелсіз және толық тергелуін талап ету. Алайда олар ғимаратқа кіріп үлгермеген. Өтініш қабылданбаған. Аналарды полиция белгісіз бағытқа алып кеткен" деді Инга Иманбай.
Азаттық олардың телефонына хабарласқан кезде сөніп тұрды. Астана қалалық полициясында екі қызметкердің бірі сұраққа жауап бере алмайтынын, екіншісі "демалыста жүргенін" айтты. Ал үшінші нөмірдегі қызметкер телефон тұтқасын көтермеді.
Полиция аналармен қатар сол жерге барған Ulysmedia тілшісін де ұстаған. Редакцияның хабарлауынша, журналист балаларының қазасын әділ тергеуді талап етпек болып, президент әкімшілігіне хат тапсырғысы келген аналар жиналған жерге барған.
“Әйелдер балаларының суреттерін ұстап тұрды. Арасында Алматыда үйінің ауласында дарға асулы күйде табылған оқушы қыз Адель Ақанованың суреті де бар. Анасы Айнагүл Беисова қызын өлтіріп кеткеніне сенімді. Бұған қоса, Ақнәр Гүлістанның анасы да келді” деп жазды редакция.
Masa.media-ның жазуынша, полиция қызметкерлері журналистің телефонын тартып алып, оқиға орнынан түсірілген материалдардың бәрін өшірген. Есіл аудандық полициясында бір сағаттан астам уақыт ұстап, түсініктеме жазуға мәжбүрлеп, кейін босатқан.
2022 жылы мамырда 16 жастағы Адель Ақанова үйінің ауласында дарға асулы күйде табылған. Полиция өзін өлтіру фактісі бойынша қылмыстық істі тергеген, алайда марқұмның анасы Айнагүл Беисова қызының денесінде қарсылық көрсетудің белгілері болғанын айтады. Әйелдің пікірінше, Адельді біреу әуелі тұншықтырған болуы мүмкін, кейін дарға асылғандай қылып қойған.
13 жастағы Сана Мерлан 2024 жылы тамызда Атырауда суға батып кеткен. Оның анасы Анаргүл Қасантаева ұлына жоғары сынып оқушылары сес көрсеткенін, ал ол өлерінде жанында сегіз оқушы болғанын айтқан.
2022 жылы 20 шілдеде Алматыда 22 жастағы Ақнәр Гүлістан жетінші қабат үйдің терезесінен құлаған. Оның анасы қыз баланы азаптап, ізінше терезеден лақтырып жіберді деп санайды. Аналар балаларының қазасын әділ тергеуді талап етеді.
