Әйел-Ана
Ерте, ерте, ерте де, береке дарып, бақ қонған ғажайып бір жер болыпты. Басын мәңгі қар шалған заңғар таулары, түгін тартсаң май шыққандай шүйгін далалары, мүлгіген қара орманы мен мөлдіреген өзен-көлдері көрген жанды өзіне ғашық етеді екен. Ал естіген жан өмір бойы бір көруге ынтық болып өтсе керек. Сол жерде кішісін үлкені сыйлаған, үлкені кішісіне қамқор болған Күншуақ деп аталатын бір ел бақытты ғұмыр кешіпті. Күншуақ елінің ғажайып табиғатынанда бұрын, байлық берекесінен де бұрын, ынтымақшыл бірлігінен де бұрын өзге жұртты қызықтыратын бір ерекше қасиеті болыпты. Ол қасиеті: жігіттері шетінен ер көңіл жаужүрек, қыздары ақылына көркі сай аққудай арулар болса, үлкендері ақыл...