ru24.pro
Azattyq.org
Ноябрь
2024
1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14
15
16
17
18
19
20
21
22
23
24
25
26
27
28
29
30

Сот Зағамбардағы оқиға бойынша айыпталған бес адамның бас бостандығын шектеді

0
13 қараша күні Түркістан облысы Төлеби аудандық соты биыл көктемде Зағамбар ауылында болған тәртіпсіздіктен кейін "дүние мүлікті бүлдірді" деп күдікке ілінген 14 адамның бесеуінің бас бостандығын 3 жылдан 3,5 жылға дейін шектеді. Сотталушылар үкімге қатысты пікір білдірмеді.


Сот 14 адамға қатысты Қылмыстық кодекстің «Бұзақылық» бабымен қозғалған қылмыстық істі айыпталушы мен жәбірленушілердің татуласуына байланысты қысқартты. Бұл баппен қоса "Бөтеннің мүлкін қасақана жою немесе бүлдіру" айыбы тағылған бес адамның бірін – 3 жылға, қалған төртеуін – 3 жыл 6 айға бас бостандығын шектеді.


Судья Ғани Байарыстан «айыпталушылардың бұрын сотты болмағаны, айыпты мойындауы мен шын өкінетіні, шығынды толық өтегені ескерілді» деді Азаттыққа.


Сотталушылар үкімді үнсіз тыңдады, оған қатысты пікір білдірмеді.


30 қазанда Түркістан облысы Төлеби аудандық сотында өткен жарыссөзде прокурор судьядан айыпталушы 14 адамның "Бұзақылық" бабы бойынша ісін қысқартып, бұл баппен қоса, "Бөтеннің мүлкін қасақана жою немесе бүлдіру" айыбы тағылған бес адамды 3 жыл 6 айға бас бостандығынан айыруды сұраған.


Айыпталушылар Қылмыстық кодекстің "Бұзақылық" бабы бойынша кінәсін толық мойындайтынын, шын өкінетінін айтқан. Бұған қоса, "Бөтеннің мүлкін қасақана жою немесе бүлдіру" бабымен айыпталған бес адамның екеуі осы баптағы айыпты ішінара мойындаған.


Қорғаушылар соттан бес адамға бас еркіндігінен айырудан басқадай жаза беруін сұраған. Олар сотталушыларды "Бөтеннің мүлкін қасақана жою немесе бүлдіру" бабымен айыптауға негіз жоқ деп, бүлінген мүлік құны 200 АЕК-ке (738 400 теңге) жетпейді деген уәж айтқан. Мұндай жағдайда заңға сәйкес, іс қылмыстық емес, әкімшілік тәртіппен қаралуы керек деген.


Жәбірленушілер айыпталушыларға кешірім берген. Олар материалдық шығын толық өтелгенін айтып, жарыссөзде соттан барынша жеңіл жаза беруді сұраған.


Айыптау актісінде айыпталушылар "кәмелет жасына толмаған қыз зорлық көріпті-мыс" деген хабарды естіген соң ауыл шетіне жиналып, "алдын ала сөз байласып, көліктер мен қораларды қасақана өртеуді жоспарлаған" деп жазылған.


Биыл 23 сәуірде Зағамбар ауылында аралас мектептің оқушы қызын "бірге оқитын жасөспірім зорлапты" деген хабар тараған. 24 сәуірге қараған түні ауылда бірнеше көлік пен мал қорасы өртеніп, белгісіз біреулер бірнеше үйге тас лақтырған. Зағамбарға полиция жасағы кіріп, интернет пен телефон байланысы өшірілген. Ертесінде таңертең ауылда арнайы жиын өтіп, түске жақын ауылға блокбекет қойылған.


Кейін Түркістан облыстық полиция департаменті Зағамбар ауылында тұратын "кәмелетке толмаған балаға қатысты жыныстық сипаттағы заңсыз әрекет фактісі бойынша" тергеу басталғанын, күдікті ретінде жасөспірім мектеп оқушысы қамауға алынғанын хабарлады.


Бұл істе 10 сыныпта оқитын жасөспірім ұл күдікке ілінген еді. Онымен бір мектепте 9 сыныпта оқитын қыз жәбірленуші деп танылған.


24 қыркүйекте Түркістан соты 10-сынып оқушысын Қылмыстық кодекстің "Зорлау" бабы бойынша кінәлі деп танып, 7 жыл 6 айға бас еркіндігінен айырды.


Зағамбар ауылы Төле би ауданының орталығы Ленгер қаласынан 7 шақырым қашықта орналасқан. Жергілікті халық негізінен егін және мал шаруашылығымен айналысады, жақын маңдағы жекеменшік кәсіпорындарда жұмыс істейді. Ресми мәлімет бойынша, ауылда бес жарым мыңға жуық адам, оның ішінде 4 мыңнан астам өзбек ұлтының өкілі тұрады.