"Жастардың көрсеткіші нашарлады". Ақтөбеде ата-аналар бассейнді жөндеу жұмыстарының созылып кеткеніне наразы
1 қараша күні баласы су спортымен айналысатын бір топ ата-ана Ақтөбедегі «Чайка» бассейніне барып наразылық білдірді. Олар бассейндегі жөндеу жұмыстарының созылып кеткеніне наразы.
Олимпиада резервінің балалар мен жасөспірімдерге арналған «Чайка» бассейні 2023 жылы мамырда жабылған. Бассейнге бір жыл ішінде күрделі жөндеу жасалып бітуі тиіс еді. Әлі бітпей тұр.
- Ақтөбеде олимпиада резервіне шәкірт тәрбиелейтін үш бассейн бар. Үшеуі де жабық. Балалар лажсыздан жеке бассейндерге барып жүр. Ол бассейндер мамандандырылмаған әрі балалардың жаттықтырушыларын да кіргізбейді. Сол себепті жас спортшылардың көрсеткіші нашарлап кетті. Мысалы, жақында Павлодарға жарысқа барған балалардың біреуі ғана 3-ші орынға әрең ілікті. Біз осы күнге дейін еңбектің далаға кеткеніне наразымыз, - дейді Әйгерім Әлмұратова.
Ақтөбедегі «Чайка» бассейнінің жөнделе бастағанына 1,5 жыл болды. Балалар мен жасөспірімдер үшін мамандандырылған тағы бір бассейн «Достық» та жөнделіп жатыр. Ал «Дельфин» бассейні балаларды жаттықтыруға жарамсыз. Әкімдік құлағалы тұрған «Дельфин» бассейнін сүріп тастап, орнына жаңасын тұрғызуды жоспарлап отыр.
- «Чайкадағы» жөндеу биыл мамыр айында бітеді деп жоспарлағанбыз. Сол себепті «Достықты» жөндей бастадық. Бірақ «Чайкаға» күрделі жөндеу жасап жатқан құрылыс компаниясы сот шешімімен жосықсыз мердігер деп танылды. Бұл компания бассейнді жөндемес бұрын Ырғыздағы спорт мектебін салып, аяқтамай кеткен. Сот жосықсыз мердігер деп тануына байланысты бассейндегі жұмысы да аяқсыз қалып отыр, - дейді Ақтөбе облыстық спорт басқармасы басшысының міндетін атқарушы Шыңғыс Шоқпытов.
Спорт басқармасының мәліметінше, «Чайка» бассейні бір аптадан соң ашылады. Бірақ басқарма бітпей қалған құрылысты кім аяқтайтынын ашып айтпады.
Бассейн басшысы Болат Еңсепбаев «жоспарлы жұмыстың 95 пайызы дайын» дейді. Еңсепбаев жұма күні қызметкерлерімен бірге ғимараттың ішін тазалап жүрді.
- Күрделі жөндеуге 287 млн теңге бөлінген еді. Жұмыс толық аяқталмай қалды. Біз бала қабылдай берер едік. Бірақ құзырлы органдар пайдалануға беру актісін бере қоймас, - деп күмәнданады ол.
Әкімдік таратқан ақпаратқа қарағанда, «Чайка» бассейнін жөндеуге – 140 млн 890 мың теңге, «Достыққа»- 470 млн 637 мың теңге бөлінген.
Күрделі жөндеу басталғанша «Чайка» бассейнінде 400 бала су спортымен айналысқан. Ал «Достық» бассейніне 850 бала барып жүрген. Ақтөбе облыстық спорт басқармасының дерегінше, облыста үш мыңға жуық бала су спортымен айналысады.