ru24.pro
Azattyq.org
Октябрь
2024
1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18
19
20
21
22
23
24
25
26
27
28
29
30
31

"Бүйірінен, басынан ұрған". Әскерде қаза болған сарбаздың ісі бойынша сот басталды

0
17 қазанда Алматы гарнизоны әскери сотында биыл мамырда әскери госпитальге түсіп көз жұмған қатардағы жауынгер Досымжан Сәлімжанның ісі бойынша сот басталды. Әскери бөлімдегі лейтенант Жанбота Шәкіровке "билiктi асыра пайдаланды" деген айып тағылған. Марқұм Досымжан өмірінің соңғы күндері жақындарына әскерде "Шәкіровтен үнемі таяқ жегенін" айтқан. Лейтенант тағылған айыпты мойындамады.


2023 жылғы қазанда Атырау облысы Құлсары қаласынан әскерге шақырылған 19 жастағы Досымжан Сәлімжан борышын Жетісу облысы Сарыөзек ауылындағы №29108 әскери бөлімінде өтеп жүрген. Биыл 3 мамырда бүйрегі ауырғаннан әскери госпитальге түскен жауынгер он күннен соң сонда қайтыс болды. Клиникалық диагноз бойынша, Сәлімжанның өлімі "бүйрек ауруынан" болған.


Прокурор оқыған айыптау актісі бойынша, 2024 жылғы ақпанда әскери бөлімнің танкіге қарсы батареясы командирі қызметіне тағайындалған Шәкіров қатардағы жауынгер Досымжан Сәлімжанды көмекші ретінде (компьютерде жұмыстар істеу, әртүрлі құжаттар толтыру) қасына алып, күнделікті жұмысына қатысты жұмыстар істеткен.




Айыптау актісіне сәйкес, биыл қаңтарда лейтенант Шәкіров саптың артында қалып, жүгіре алмаған Досымжанның бүйрек тұсынан екі рет қатты ұрған. Жауынгердің компьютерде жіберген қателеріне ашуланған лейтенант ақпанда оның бүйрек тұсынан екі мәрте, наурызда үш мәрте ұрған. Айыптау актісінде Шәкіровтің сәуірде Досымжанның арқасынан, басынан ұрғаны жазылған.


"Шәкіров 2024 жылғы 24 қаңтар мен 30 сәуір аралығында жүйелі түрде билігі мен өкілетін асыра пайдаланып, Досымжан Сәлімжанның құқығы мен заңды мүдделерін елеулі түрде бұзған, оған күш қолданып, ар-намысы мен қадір-қасиетін таптаған", – деп жазылған айыптау актісінде.


Лейтенант Шәкіров тағылған айыпқа келіспейтінін, жауынгердің қазасына ешқандай қатысы жоғын, куә ретінде жауап берген сарбаздар бір облыстан шақырылғандықтан, олардың жауабына күмәні барын айтқан.


17 қазандағы сотта жауап берген сарбаздар Шәкіровтің жауынгерді қалай ұрғанын, тепкенін көргенін айтты. Досымжан әскерде жүргенде әлеуметтік желіде сөйлескен жақындарына таяқ жегенін жазған.


Досымжан Сәлімжанның анасы Ардақ Иманғалиеваның сөзінше, ұлы өлерінің алдында "бәрін кешіремін, бірақ лейтенант Шакировті кешіре алмаймын, ол мені тоқтаусыз 5 минут ұрды" деп айтқан. Анасы "ұлым әскерге сау кетті" деді.


Анасының айтуынша, бұдан бөлек, марқұм жауынгер Досымжан Сәлімжанға байланысты тағы екі іс ашылған. "Алаяқтық" бабы бойынша қозғалған істе әскерге Досымжаннан алты ай бұрын ерте барған әскери қызметкер оның атынан 180 мың теңге несие алған. Ол айыбын мойындаған деді Ардақ Иманғалиева. Екінші іс "Медицина қызметкері міндетін тиісті түрде орындамады" деген бап бойынша қозғалған.


Досымжан Сәлімжанды туыстары 17 мамырда Атырау облысы Құлсары қаласына жерледі.




Әскердегі сарбаздар өлімі жиілеген тұста ePetition.kz порталында міндетті әскери қызметті алып тастау туралы петиция жарияланған. Қазақстанның қорғаныс министрлігі "бұл бастаманы елдің қорғаныс қабілетіне нұқсан келтіру" деп атап, "елдің қорғаныс мәселесі петицияға негіз бола алмайды" деп мәлімдеген.