ru24.pro
Новости по-русски
Февраль
2026
1 2 3 4 5 6 7
8
9
10
11
12
13
14
15
16
17
18
19
20
21
22
23
24
25
26
27
28

Миландағы Олимпиада ойындарында Қазақстан қандай нәтиже көрсете алады?

0

Бүгін Италияда қысқы Олимпиада ойындары басталады. 16 спорт түрінен 116 медаль жиынтығы бәйгеге тігіледі. 2026 жылғы Олимпиада ойындары 6–22 ақпан аралығында өтеді. Ел намысын 36 спортшы қорғамақ - олардың саны ерлер мен әйелдер арасында тең. Қазақстандық спортшылар 10 спорт түрі бойынша сынға түседі.

Осы материалда журналист Иван Резванцев Олимпиадаға Қазақстан үмітін арқалап барған спортшылар жайында баяндайды.

Біраз сарапшы Милан мен Кортина-д’Ампеццода өтетін биылғы қысқы Олимпиада ойындарында Қазақстан делегациясын сәтсіздік күтіп тұр дейді. Күмән айтқандар өткен төрт жылдық циклда ұлттық құрамалардың қажетіне 13,3 млрд теңге жұмсалғанын алға тартады. Ал «Барыс» ХК, «Астана» ФК және «XDS Astana Team» велокомандасы сияқты астаналық командаларға 2024 жылдың өзінде квазимемлекеттік қаржы көздерінен 19,8 млрд теңге алынған!

Қысқы спорт түрлерін дамыту деңгейі еліміздің өңірлерінде де жылдан-жылға түсіп бара жатыр. 2026 жылдың басындағы ахуал бойынша, Қазақстанның сегіз облысында (40%) қысқы спорт түрлері басым бағытқа ие тізімде жоқ. Ақтөбе, Атырау, Жамбыл, Қызылорда, Маңғыстау, Түркістан, Жетісу мен Ұлытау облыстарында қысқы спорт түрлері алынып тасталған. Тағы 6 өңірде қысқы спорт түрінің бір-екеуіне ғана көңіл бөлінген.

Сондықтан халықаралық аренада үлкен нәтиже болады деудің өзі артық. Десек те, Қазақстанда республикалық деңгейде жақсы қаржы бөлініп отырған бірнеше спорт түрі әлі де бар. Италияда солар жақсы нәтиже әкелуі мүмкін.

Фото Оlympic.kz

Димаш қолдасын!

Мәнерлеп сырғанаушы Михаил Шайдоров — Милан мен Кортина-д’Ампеццода өтетін қысқа Олимпиадаға барған Қазақстан делегациясының ішінен медаль алады деген басты үміткер. Биылғы ойын — оның алғашқы олимпиадасы. 2025 жылғы Бостондағы әлем чемпионатында алған күміс жүлдесінен кейін «жалқы» спортшымыз Италиядағы басты бәйгенің үздіктер қатарына кірді. Алматыдан шыққан 21 жастағы спортшы өзін мұз айдынында техникалық орындалуы қиын секіруді жақсы меңгерген, бірегей каскадтарды мығым орындайтын сырғанаушы ретінде танытты. 2024/2025 жылғы маусымның нәтижесінде ISU халықаралық рейтингінде 4-орын алды.

Мәнерлеп сырғанау жүлдесі 6–19 ақпан аралығында Milano Ice Skating Arena айдынында сарапқа салынады. Биылғы маусымда Михаил Шайдоров «Құмбел» фильмінің саундтрегінен алынған Ханс Циммер музыкасының сүйемелдеуімен орындалған былтырғы қысқа бағдарламаны қайтарды. Еркін нөмірді қазақстандық спортшы Димаш Құдайберген орындайтын «Confessa — The Diva Dance» және «Бесінші элемент» фильмін сүйемелдеген «The Diva Dance» әуендер қоспасына сырғанайды. Әлемнің жетекші букмекер кеңселері құрған үздіктер тізімі бойынша, 2026 жылғы Ойында біздің мәнерлеп сырғанаушы 8-орында тұр.

Бұл санатта Олимпиада жүлдесінен басты үміткерлер:

Илья Малинин (АҚШ) — ерлер арасында жалқы сырғанаудан «алтынға» таласта сөзсіз фаворит. Әлемнің екі дүркін чемпионы. 2023 жылдан бері жеңілген жоқ. Жарыстарда төрт реттік, яғни аксель, риттбергер, сальхов, лутц, тулуп және флип секірудің барлығын орындаған тарихтағы алғашқы және жалғыз сырғанаушы.

Юма Кагияма (Жапония) — 2022 жылғы Олимпиаданың күміс жүлдегері. Таза орындауға және компоненттер үшін жоғары баға алуға ден қояды. 2026 жылғы Олимпиада маусымына «Турандот» музыкасына бағдарлама әзірледі.

Адам Сяо Хим Фа (Франция) — Еуропаның екі дүркін чемпионы және 2024 жылғы әлем чемпионатының қола жүлдегері. 300 ұпай межесіне жете алатын әлемдегі ең тапқыр және техникалық тұрғыдан мықты сырғанаушы саналады.

Даниэль Грассль (Италия) — қазіргі кездегі Еуропаның техникалық тұрғыда ең қабілетті сырғанаушының бірі, ол секіру жинағымен және темірдей төзімімен бірегей. Қайсар мінезімен танылды.

Көрсетілетін уақыт:

10 ақпан. 22:30. Іріктеу.

13 ақпан. 21:00. Финал.

Михаил Шайдоров

Біреуі бар, екеуі ойда

Шорт-тректен Қазақстан құрамасы Италиядағы қысқы Олимпиада ойындарына әлемдік көшбасшылардың үлгісімен дайындалды. Кейінгі жылдары біздің командада Нидерландыдан келген Вильма Бурмистра кеңесші бапкер болып қызмет атқарады. Бұрын ол АҚШ және Германия ұлттық құрамаларымен істес болды. Осы «ақ» Ойындар оның өміріндегі тәлімгер ретіндегі жетінші олимпиада! Біздің өрендерге басқа да шетелдік мамандар көмектеседі: техник-сервисмен Эмиль Имре (Румыния), дәрігер Эмиль Трифонов (Болгария), ЖДД бапкері Сергей Бобров (Ресей). 

Шорт-тректен Қазақстан құрамасының көшбасшысы деп әлем чемпионаттарының екі дүркін күміс жүлдегері Денис Никишаны айтуға болады. Оның сүйікті қашықтығы — 500 метр. Алайда, кішігірім мәселе бар. 2026 жылғы Ойындар басталардың алдында 30 жастағы қостанайлық спортшы белін ауыртып алды. Команда көшбасшымыз сапалы медициналық көмек алсын деп ақшаны да, күшті де аяған жоқ. Ол Австрияның үздік клиникаларының бірінде оңалтудан өтті.

Денис Никиша, фотосурет olympic.kz сайтынан алынды

Осы ойындарда ҚР құрамасының тәжірибелі спринтері Абзал Әжіғалиев те жақсы нәтиже көрсетуі мүмкін. Бұл — оның төртінші олимпиадасы. Алдыңғы басты жарыстарда Абзал жақсы нәтиже көрсетті: 2014 жылы Сочиде — 5-орын, 2018 жылы Пхенчханда — 6-орын, 2022 жылы Бейжіңде — 4-орын.

Бұл санатта Олимпиада жүлдесінен басты үміткерлер:

Уильям Данджину (Канада) — әлемдік рейтинг басында тұр және 2025/26 жылғы маусымда Хрусталь глобус иегері. 500 м және 1500 м қашықтықтардың үздігі саналады.

Стивен Дюбуа (Канада) — жалпы есепте жоғары орындардан көрініп жүрген (3-орын) әлемнің көп дүркін чемпионы.

Пьетро Сигель (Италия) — осы олимпиада қожайындарының басты үміті, 1000 м қашықтық бойынша әлемдік тур жеңімпазы.

Канада, Қытай және Оңтүстік Корея құрамалары — ерлер эстафетасының үздіктері.

Көрсетілетін уақыт:

10 ақпан. 14:30. 500 м/Ә/Іріктеу Аралас эстафета/100 м/Е

13 ақпан. 00:15. 500 м/Ә. 1000 м/Е

15 ақпан. 01:00. 1000 м/Ә

16 ақпан. 15:00. 500 м/Е. 1000 м/Ә

19 ақпан. 00:15. 500 м/Ширек финал. 01:25. Финал

21 ақпан. 00:15. 1500 м/Ә

Абзал Әжіғалиев, фото olympic.kz

Жастық пен тәжірибе

Осы Олимпиадада могулдан алғаш рет екі жүлде жиынтығы ойнатылады. Жекелей сайыс қатарына соңғы жылдары әлемде өте танымал бола бастаған параллель түрі де қосылды. Қазақстан құрамасы Италиядағы ойынға мықты дайындалды. Бас команда дайындыққа кем дегенде 500 млн теңге жұмсады. Елдің мықты могулшыларын Қазақстанның және шетелдің тәжірибелі бапкерлері жаттықтырады.

Біздің командада марапатқа басты үміткерлерден 20 жастағы өскемендік Анастасия Городконы айтуға болады. Ол параллель могулдан әлем чемпионаттарында екі рет қола жүлде алды. Қазіргі маусымда Әлем кубогының екі кезеңінде көшбасшылар бестігіне кірді.

Анастасия Городко, фотосурет olympic.kz сайтынан алынды

Еліміздің ең тәжірибелі могулшысы Юлия Галышева да бәсекелестерінен басым түсіп, таңғалдыруы мүмкін. Шығыс Қазақстан облысының 33 жастағы спортшысы осымен олимпиадаға бесінші рет барып отыр! 2018 жылы «қола» алды.

Бұл санатта Олимпиада жүлдесінен басты үміткерлер: 

Джакара Энтони (Австралия) — 2022 жылғы Олимпиада ойындарының чемпионы. Қазіргі маусымда Әлем кубогында өзінен кейінгі қарсыласынан 78 ұпай озып, жалпы есепте алда тұр!

Джелин Кауф (АҚШ) — 2022 жылғы Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері және жұптық могулдан 2025 жылғы «Хрусталь глобус» иегері. Үшінші олимпиадасына ресми іріктеліп алынды және трассадағы ғаламат жылдамдығының арқасында Джакара Энтониге басты қарсылас саналады.

Перрин Лаффон (Франция) — 2018 жылғы ойындардың жеңімпазы. Мансабына үзіліс жасағанына және 2026 жылдың басында тізесін зақымдап алғанына қарамастан, француз қызы ең беделді қатысушының бірі және жеңіс тұғырына оралуды көздеп отыр.

Элизабет Лемли (АҚШ) — жарақатынан айығып, қатарға қосылғаннан кейін 2025/26 жылғы маусымда Әлем кубогының жеңіс тұғырында тұрақты нәтиже көрсетіп жүрген 20 жастағы спортшы.

Оливия Джаччо (АҚШ) — күрделі секіру жағынан мықты маман, әлемдік рейтингтің үздік алтылығына тұрақты түрде кіріп жүр.

Көрсетілетін уақыт:

10 ақпан. 15:15. Е/Іріктеу 18:15. Ә/Іріктеу

11 ақпан. 18:15 Ә/Іріктеу

12 ақпан. 14:00 Е/Іріктеу

14 ақпан. 14:30. Жұптық могул/Ә

15 ақпан. 14:30. Жұптық могул/Ә