Жылдың бес орны толмас қазасы
Қазақ және Ресей эстрадасының жұлдызы, әнші Батырхан Шүкенов 53 жасқа қараған шағында өмірден озды. Алдын ала ақпарат бойынша, өнер иесі Мәскеудегі өз пәтерінде жүрек талмасынан қайтыс болған. Марқұм Қазақстанда жерленеді. Туысқандарының айтуынша, соңғы кезде Батырхан Шүкенов өзін жайсыз сезініп жүрген. Әнші 1962 жылы 18 мамырда Қызылордада дүниеге келген. Өнердегі алғашқы қадамын саксофон аспабында ойнап бастады. Ол «А-Студио» тобының сапында болған өнер ұжымының даңқы жер жарғаны белгілі. Жеке орындауындағы әндері де тыңдаушының жүрегінен орын алды.
Өтіп бара жатқан жылдың 26 наурызда Бейжіңде “Қазатомөнеркәсіп” ҰАК” АҚ басқарма төрағасы Нұрлан Қаппаров өмірден озды.
Өлім себебі жүректің тоқтауы болған.
Қытайда ол Қазақстанның ресми делегациясы құрамында болған. 44 жасар Қаппаров әр жылдары Қазақстан энергетика және минералды ресурстар вице-министрі, Lancaster Group Kazakhstan директорлар кеңесінің төрағасы лауазымдарын атқарды. Қоршаған ортаны қорғау министрлігін басқарды.
2014 жылдың тамызынан бері “Қазатомөнеркәсіп” ҰАК АҚ төрағасы болып келген.
2015 жылдың 12 қазанында 75 жасында белгілі қоғам қайраткері, заң ғылымдарының докторы, профессор, Қазақ гуманитарлық заң университетінің президенті Мақсұт Сұлтанұлы Нәрікбаев өмірден озды.
Суыт хабарды университеттің баспасөз қызметі растады.
Марқұмның қай қалада және неден қайтыс болғаны әзірге белгісіз.
Айта кетейік, Мақсұт Сұлтанұлы 1940 жылы 30 наурызда Алматы облысы, Талдықорған ауданы, Еркін аулында дүниеге келген. 1958-59 жылдарыУкраин КСР Днепродзержинск қаласының № 8 техникалық училищесінде оқыды. 1963-66 жылдары Совет Армиясының қатарында әскери борышын өтеді.
1974 жылы С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін заңгер мамандығы бойынша бітіріп шықты (қазір - әл-Фараби атындағы ҚазҰУ).
Заң ғылымдарының докторы (1998), құқықтану профессоры (2001), Халықаралық жоғары мектеп академиясының академигі (2001 жылдан бастап). М.Нәрікбаев жоғары класты білікті судья болған.
68 жасында Қазақстан Республикасының көрнекті саяси және мемлекет қайраткері Нұрлан Өтепұлы Балғымбаев дүниеден озды.
Нұрлан Өтепұлы Балғымбаев 1947 жылғы 20 қарашада Гурьев қаласында дүниеге келді. 1973 жылы В.И. Ленин атындағы Қазақ политехникалық институтын тәмамдады, 1992-1993 жылдары Массачусетс университетінің тыңдаушысы болды.
Еңбек жолын 1964 жылы моторист көмекшісі болып бастады. 1973-1977 жылдар аралығында «Маңғыстаумұнай» бірлестігінің ұңғымаларды жерасты жөндеу, мұнай өндіру операторы, шебері, ауысым басшысы, аға инженері болып жұмыс істеді. 1977-1994 жылдары «Ембімұнай», «Ақтөбемұнай», «Басмұнайгазөңдеу» бірлестіктерінде, КСРО Мұнай және газ өнеркәсібі министрлігінің мұнай өңдеу жөніндегі бас басқармасында басшы лауазымдық қызметтер атқарды.
1994 жылғы қазанда Қазақстан Республикасының Мұнай және газ өнеркәсібі министрі болып тағайындалды, 1997 жылғы наурызда «Қазақойл» ұлттық мұнай-газ компаниясы» ЖАҚ басшысы болды.
1997 жылғы қазанда Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен Н.Ө.Балғымбаев Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі болып тағайындалды және екі жыл бойы Қазақстан Республикасының Үкіметіне басшылық жасады.
1999-2007 жылдар аралығында «Қазақойл» ұлттық мұнай-газ компаниясы» ЖАҚ, «Қазақстанның мұнай инвестициялық компаниясы» АҚ-ты басқарды.
2007 жылғы желтоқсан мен 2011 жылғы қараша аралығындағы кезеңде Қазақстан Республикасы Президентінің Кеңесшісі лауазымында болды.
Н.Ө.Балғымбаев соңғы кездері «ҚазМұнайГаз» салынып жатқан кәсіпорындары дирекциясының» бас директоры болып жұмыс істеді.
Нұрлан Өтепұлының ел алдындағы еңбегі 2-ші дәрежелі «Барыс» орденімен, көптеген медальдармен және құрметті атақтармен атап өтілген.
Қазіргі Қазақстанның қалыптасуына, отандық мұнай-газ өнеркәсібінің дамуына Нұрлан Өтепұлы Балғымбаев елеулі үлес қосты. Ол өз елінің нағыз патриоты, пәрменді басшы әрі жоғары дәрежедегі кәсіпқой маман еді.
Нұрлан Өтепұлы Балғымбаевтың жарқын бейнесі біздің жүрегімізде әрдайым сақталады.
Кемеңгер тұлға, ірі қоғам қайраткері, аса дарынды жазушы Әбіш Кекілбаев өмірден озды. Әбіш Кекілбайұлы 1939 жылы 6 желтоқсан күні Маңғыстау облысы,
Маңғыстау ауданы (бұрынғы Гурьев облысы), Оңды ауылының Мырзайыр деген жерінде туған.
1957 жылы Таушықтағы мектептің 1 сыныбына барып, 1948-1954 жылдары Оңды орталау, ал 1956-57 жылдары Үштағандағы орта мектепте оқиды.
1957 жылы Қазақ Мемлекеттік Университетінің филология факультетіне түседі. Университетте әдебиет бірлестігін басқарып, жас талаптар шоғырын жарыққа шығарады. Соңғы курста оқып жүріп, «Қазақ әдебиеті» газетінде қызмет атқарады.
1962 - 1965 жылдар аралығында «Лениншіл Жас» газетінде бөлім меңгерушісі болып істеді.1965-1968 жылдары ҚазКСР Мәдениет министрлігінде,1968-1970 жылдары Кеңес армиясының қатарында,1970-1975 жылдары «Қазақфильм» студиясында бас редактор,
1975-1984 жылдары Қазақстан КП ОК мәдениет бөлімінде нұсқаушы, сектор меңгерушісі,1984-1986 жылдары ҚазКСР Мәдениет министрінің орынбасары,1986-1988 жылдары Қазақстан жазушылар одағы басқармасының 2-ші хатшысы,1989-1990 жылдары ҚазКСР тарихи және мәдени ескерткіштерді қорғау қоғамы Орталық кеңесінің төралқа төрағасы,1990 жылы Қазақстан КП ОК бөлім меңгерушісі.
1991 жылы Қазақстан Республикасы Жоғары Кеңесінің Мәдениет, тіл және ұлтаралық қатынастарды дамыту жөніндегі комитеттің төрағасы,1992-1993 жылдары «Егемен Қазақстан» газетінің бас редакторы,1993-1995 жылдары Қазақстан Республикасының Мемлекеттік кеңесшісі.1994-1995 жылдары Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің төрағасы, 1996-2002 жылдары Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы болып істеді.
2002 жылдан бастап Қазақстан Республикасының Парламенті Сенатының депутаты. Әбіш Кекілбайұлы Қазақстан Жоғарғы Кеңесіне екі рет, Мәжілісіне бір рет баламалы негізде депутат болып сайланады.
Әбіш Кекілбайұлының алғашқы өлеңдер жинағы «Алтын шуақ» 1962 жылы, «Бір шөкім бұлт» 1965 жылы жарық көрді.
Ауыл өмірінен жазылған повесть, әңгімелер жинағы «Дала балладалары» - Әбіш Кекілбайұлының кең тынысты эпик, суреткерлік болашағын танытады. 1974 жылы «Дәуірмен бетпе-бет» сын мақалалар жинағы, «Бір уыс топырақ», 1979 жылы «Тырау тырау тырналар», Маңғыстау түбегінің өткені, бүгіні, болашағы туралы «Ұйқыдағы арудың оянуы» тарихи танымдық баян, 1982 жылы «Шыңырау» повестер жинағы, 1992-93 жылдары Таңдамалы екі томдық, 1995 жылы «Заманмен сұхбат» 1998 жылы «Азаттықтың ақ таңы», публицистикалық мақалалары, толғамдары, 1999 жылы 12 томдық шығармалар жинағы жарыққа шықты.
Әбіш Кекілбайұлының «Үркер» (1981), «Елең-алаң» (1984) романдары қазақ әдебиетінің үлкен табысы ретінде бағаланып, Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығын алды.
2001 жылы шыққан «Талайғы Тараз», 2002 жылы шыққан «Шандоз» тарихи тақырыпты ғылыми дәйекпен, дерекпен түсінікті ұғымды етіп жеткізудің жаңа бағыт-бағдарын белгілеп берді. 2009 жылы «Сыр десте» деп аталатын автордың көп жылдық ой-толғаулары, эссе, естелік, сөйлеген сөздерінің 5 томдық жинағы жарыққа шықты. Әбіш Кекілбайұлының көптеген шығармаларыТМД халықтары мен шетел тілдеріне аударылған. Ол ҚазССР Мемлекеттік сыйлығының1986, Қазақстан Республикасы Президентінің бейбітшілік және рухани келісім сыйлығының -1995, «Отан» орденімен -1999, Түркі елдері қауымдастығының шешімімен «Түркі дүниесіне сіңірген еңбегі үшін сыйлығын» алады. 2003 жылы «Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев» орденімен марапатталды. Шандоз» «Аңыздың ақыры», «Үркер», «Елең-Алаң», «Конец легенды», «Плеяды - созвездие надежды»,«Всполохи» романдары, «Бір шөкім бұлт», «Күй», «Бәйгеторы», «Шыңырау», «Бәсеке», «Ханша дария хикаясы», «Құс қанаты», «Бір шоқ жиде», «Шеткері үй» повестері жарық көрді.
К.Гоццидің - «Туранбике ханшайым», А.П.Чеховтың - «Ваня ағай», Вальехо Антонио Буэроның - «Бүгін мейрам, бүгін той», Генрик Ибсеннің- «Үрей», Л.Дарконың - «Сүйіктім менің, Электра!», У.Шекспирдің - «Ромео мен Джульетта», У.Шекспирдің -«Кориолан», У.Шекспирдің - «Король Лир», М.Фриштің «Ғылым қуған Дон-Жуан» шығармаларын қазақ тіліне аударған.
Марапаттары: Қазақстанның Еңбек Ері, Отан ордені, Назарбаев ордені, ҚР тәуелсіздігіне 10 жыл медалі, ҚР Парламентіне 10 жыл медалі, Астана қаласына 10 жыл медалі, Құрмет белгісі ордені, Достастық ордені, Қазақстанның Мемлекеттік сыйлығының иегері, Елбасының бейбітшілік және рухани келісім сыйлығының иегері (1995 ж.), Қазақстанның халық жазушысы, Маңғыстау облысының құрметті азаматы.
