«Жауап бер»: Бишімбаев ісінің қатысы қандай?
Өткен аптада продюсер Баян Алагөзова жұрт назарын аударған жаңа жобасын — Санжар Омаровтың «Жауап бер» фильмін таныстырды. Әлеуметтік желіде картинаға атышулы Бишімбаев ісі арқау болды деген пікір айтылды, әйткенмен айыпталушы рөлінде жоғары лауазымды ер адам емес, атақты әйел. Іс жүзінде бәрі білетін қылмыстың жай-жапсары мен зорлық-зомбылық проблемасын айтпағанда, даулы іспен ортақ ештеңесі жоқ десе де болады. Киносыншы Ғалия Байжанова фильм неліктен кереғар әсер қалдырғанын әңгімелейді.
«Жауап бердің» де продюсерлік ойы жаман емес, алайда жүзеге асыру жағы ойдағыдай әсер бере алмады. Зорлық-зомбылыққа көз жұмып қарамауды насихаттайды деген картина өте маңызды мәселе көтергеніне қарамастан, тартып әкете алмады. Оқиғасы көбінесе бір кеңістікте өрбитін сот драмасы өте мықты және сапалы сценарийді қажет ететін өте қиын киножанр болғандықтан шығар. Бұл жағынан фильмнің олқылығы бар. Толығырақ талдайық.
Ескерту! Мәтінде фильмді талдауға қажет спойлер кездеседі
«Жауап бер» картинасы не туралы?Маусым айының бір күнінде бүкіл Қазақстанды дүрліктірген оқиға болды. Теледидардан сұмдық жаңалық көрсетілді: Диана Оспанова (Аружан Бекболат) деген танымал блогер күйеуін (Бейбіт Құсайынов) өлтірді деген күдікке ілінеді. Өзі ауруханада, кінәсін мойындамайды. Қоғам Диананың адам өлтіргеніне сенімді, өйткені ол барға иелік етеді, ішімдікті жиі ішеді, абыройы да мінсіз емес. Оны танымал адвокат Жанар (Әсел Қалиева) қорғайды, бірақ істі жеңіп шығу үшін немесе қорғауындағы қызға барынша аз мерзім алып беру үшін біраз тер төгуге тура келеді. Себебі айыптаушы Сандуғаш (Мадина Ақылбекова) бірбеткейлігімен мәлім. Судья Раушан (Айнұр Болат) да қатал. Жәбірленуші тарап — қайтыс болған жігіттің туған қарындасы (Нұрай Жеткерген).
Диананың ісі айғай-шуға арқау болғандықтан, оны Бишімбаевтың өмірде болған қылмысы секілді алқа билер соты қарайды деген шешім шығады. Күйеуін өлтірді деп айып тағылған әйелге қарсы даулы процесте сот залына бес әйел жиналады — судья, прокурор, адвокат, жәбірленуші мен сотталушы. Фильмнің көп бөлігі төрт қабырға аясында — сотта өтеді.
Жақсы сценарий бәрін өзгерте алар едіСот драмасы — аса қолға алына бермейтін, алайда қызық жанрдың бірі. Осы жанрда түсірілген ерекше табысты картиналар классикаға айналып жатады («Қаһарлы 12 еркек»), ал мұндайды түсіруден Аарон Соркин («Чикаголық жетілік соты») деңгейіндегі сценарийшілер ғана қорықпайтын шығар. Сот драмасының мақсаты — сотталушының кінәлі немесе кінәсіз екеніне көрерменді сендіру, сонымен қатар алқа билердің кім кінәлі деген сұраққа қатысты ойын бірнеше рет өзгерте алатын қызық шоу көрсету. Бұны қорғаушы мен айыптаушы тарап арасындағы жекпе-жек деуге болады. Ал мына фильмде бәрі әу бастан түсінікті, сондықтан процесті бақылау аса қызық емес. Ақырында экранда болып жатқан оқиғаны ойдан құрастырылған және өмірде болған екі істі салыстырып қарауға тырысу үшін ғана көресің, ал тамашалау процесі айна-қатесіз «10 (немесе одан көп) айырмашылықты тап» деген ойынға ұқсайды.
Фильмнің Салтанат ісінен алғаны көп — өлім үйден тыс жерде болады (мейрамханада емес, барда); ол кабинетте танысының фотосын көреді (жай таныс адамы емес, бұрынғы сүйген адамы); ал жігіт одан қызғанады; үйде Жаңа жыл тойлап жатқанда сабайды; даяшыларға дөрекі сөйлеп, балағаттайды; ішімдік ішеді, әйелін ұрады және қорлайды; интим видеоны пайдаланып бопсалайды, т.б. Бірақ «ингредиенті» бірдей екеніне қарамастан, бұл жерде бәрі асығыс пішілген және сенімсіз болып шыққан. Осындай резонансты іске назар аударатын кино үшін сценарий өте нашар жазылған.
Кейіпкерді еркектен әйелген алмастыру идеясының өзі жақсы, бірақ «төңкеріп» көрсеткісі келген екен, сценарийді басқаша құру керек еді. Абьюзерді өлтірген қыздың тағдыры өмірде қалай өрбуші еді?Өмірде ол қылмысты өзін қорғау үшін жасаса да, көп жылға қамалар еді (әйелдерге қолданылатын жазаның ауыр екенін барлық құқық қорғаушы айтып жүр). Ал егер ол көпке жаға бермейтін танымал блогер болса, тіптен ұзақ мерзімге кесілер еді. Бұл жерде бәрі басқаша көрсетіледі. Алайда екі тараптағы әйелдердің бір оңбағанды жазалау үшін бірігуі, әйелдер арасындағы тілектестік туыстық, кәсіби және басқа да мүддеден басым болуы утопия сияқты көрінеді. Дегенмен, сеанстан кейін шапалақ ұрғандар болды.
Экранда болып жатқан жағдай неге сендіре алмайды?Себебі орындалу сапасы нашар. Өзекті, шетін тақырыпқа арналған фильм қалай болса солай, ұқыпсыз жағылған бояу секілді, мысалы, өлтіру үшін бар иесінің «кездейсоқ» сатып алған соқыр Фемида мүсінін қолдануы. Жыныстық зорлықты ынтамен баяндау, ұятты, төсек төңірегіндегі әңгімені толық әңгімелеу және аффект жағдайында адам өлтіруге әкелуі мүмкін нәрселерді көрсету сияқты жағымсыз тұстарға көп көңіл бөлінуі де көңілден шықпайды. Осындай жағдайлардың құрбаны болған адамдар үшін интим видеоны пайдаланып бопсалау немесе басқа да жағдайлар ауыр тиюі мүмкін. Орынды ма, орынсыз ба, сүйісу көп және бәрі адамның еркінен тыс. Жәдігөйлік дегенге де келмейді, тіптен орынсыз. Бір қызығы, Санжар Омаров — сот драмасы болсын, бандиттер туралы болсын, барлық жанрға дерлік сүйісуді қосатын режиссерлер қатарынан, мысалы, жақында шыққан «2000-е. Стремяги» картинасында да сол (ол әлі прокатта жүріп жатыр).
Ескерту! Әрі қарай спойлер тіптен көп!
Кейіпкерлердің мінезін олардың жеке өмірі арқылы түсінуге тырысу жақсы-ақ, бірақ бұл да өте нашар шыққан. Кейіпкерлер бейнесінің психологиясы ақсап тұр. Мысалы, бірбеткей, тік мінезді, ешкімнің пікіріне қарамайтын прокурор — біреудің тоқалы. Әдетте мінезі мұндай әйел біреуге екінші әйел болып тимейді.
Әйелдер құқығы үшін күресетін және ажырасқан танымал адвокат енесіне сәлем салады және өміріндегі ең шулы процесс кезінде үйіне енесі келгеніне дым демейді. Кейіпкердің мұндайға төзетініне сену қиын.
Өте қарапайым екі бөлмелі пәтерде ішкіш күйеуімен және ержетіп қалған ұлымен бірге тұратын әділ судья кенет: «Ол сенің теңің емес» деп, ұлының сүйгеніне үйленуіне қарсы болады. Егер ол бай әрі ықпалды әйел болса, мұндайды күтуге болар еді. Кейіпкеріміз неліктен сондай бола қалғаны түсініксіз. Бәлкім бұл көркемдік жағының олқылығы шығар, өйткені біздің судьялар қарапайым екі бөлмелі пәтерде тұра қоймас.
Әділ сот үшін күресіп жүрген әйелдердің өзі абьюзден зардап шегеді, автор жеке өмірі жетісіп тұрмағанын жеткізбек болғаны түсінікті, бірақ оны да жеткізе білу керек еді. Оның үстіне кейіпкерлердің бірі зорлыққа ұшырайды. Біздің елде кез келген әйел қыл үстінде жүреді дегенді жеңілдеу жеткізуге болар еді. Бұл жерде бірде-бір бақытты әйел болмауының өзі орынсыз әсірелеу. Әйел көрерменге үмітсіздік беріп, барлығы зардап шегіп жүр, әлі де солай жалғаса береді дегісі келетіндей.
Кейбір сахналар тым әсіреленіп беріледі, мысалы, бір кейіпкердің енесімен және қайынбикесімен кездесуі. Адвокаттардың кездесуі де шындықпен үйлеспейді, мысалы, сахналардың бірінде айыптаушы мен қорғаушы бірге ішімдік ішеді (процесті бүкіл ел бақылап отырғанын ұмытпаңыз). Шын өмірде осылай болса, олардың фотосуреті барлық әлеуметтік желіге тарап, жүйеде бәрі сатқын деп айыпталар еді.
Әрине, әйел бейнесінің көптігі үшін фильмді мақтау керек, бірақ киноны жасаушылар «әйелдер энергиясын» (тыңдау кезінде осылай айтылады) қалай пайдалану керегін әлі де түсінбегендей. Кейіпкерлердің прототипі қызығырақ көрінеді. Хикаяға толықтай сенуге кедергі болатын тағы бір жағдай — басты кейіпкер белгісіз, сюжетте екі кейіпкер шешуші рөлге ие болғанына қарап, Мадина Ақылбекованың және Нұрай Жеткергеннің кейіпкерін бас кейіпкер деуге болады. Автор солай ойластырған ба, әлде реті солай болды ма, екеуі де бұрын зорлық-зомбылық құрбанын ойнады — Мадина Айжан Қасымбектің «Мадина» драмасына, Нұрай «Дәстүр» фильміне түсті. Айыптаушы Сандуғаш линиясы кеңірек әрі қызығырақ ойластырылса, погон таққан бір қатал әйел жүйенің элементі бола тұра ахуалды іштен өзгерту керек екенін түсініп, сот процесі хикаяның сеттингі ретінде ғана қолданылар еді.
Неге екені белгісіз, фильм қай қылмыстың жазасы қандай екенін көрсететін Қылмыстық кодекстің баптарын көрсетумен аяқталады. Бұл жазаны жұмсартуға ықпал ету ме, әлде финалды түсіндіру ме, түсініксіз.
Осынша сынға қарамастан, «Жауап бер» картинасын батылдығы үшін, яғни сот драмасына барған талпынысы үшін, біздегі жаңалықтарды аңызға айналдырғаны үшін, өзекті мәселені көтермек болғаны және бес бірдей әйел рөлі үшін атап өтуге болады.