ru24.pro
Новости по-русски
Сентябрь
2024

Мұздықты қараушылар

0

«Станция дегенде зерттеушілердің қараусыз қалған, жартылай қираған үйлері бар, ал оның айналасындағы көрініс көз тоқтатарлық емес. 80-жылдары мұнда зерттеушілер тобы тұрған, бір үйге күзетші жайғасса, екінші үйде екі зерттеуші тұрған. Оның бірі есінен адасып, шыбынмен сөйлесіп кеткен. Куәгердің айтуынша, станцияда әлі күнге дейін әруақтардың елесі бар», – экспедиция жетекшісі Николай Касаткин смартфонынан ресейлік телевизия мамандары түсірген Тұйықсу гляциология станциясы туралы видеоны көрсетті.

«Осындай нәрсені қалай ойлап табады? Осыған да сенетін адамдар бола ма?!» – дейді осында 30 жылдан бері жұмыс істейтін Касаткин ашулана сөйлеп. Бұл – Орталық Азиядағы мұздықтарды бақылайтын ең ескі станция.

Мұздыққа апарар жол

Тұйықсу немесе қысқаша Т1 гляциология станциясына бару үшін қаладан таң бозынан, күн ысымай шығып кеттік. Станцияға дейін бір сағаттан аса жүресің. Шымбұлақтан ары өткеннен кейін асфальт жоқ, 11 орындық ГАЗ көлігі ойқы-шойқы жолда қиралаңдап келеді. Межелі жерге жеткенде қарасақ, үйден алып шыққан қызанағымыз ендігі шырынға айналыпты. Жол ауыр болса да, адам басқан, аппаратура мен азық-түлік тиеген көлік тырмысып, мұздыққа қарай жорғалап келеді. 

Рульде Орталық Азия аймақтық гляциология орталығының биік тау басындағы геокриология зертханасының жетекшісі Василий Капица.

Орталықтың екі станциясы бар: Тұйықсу Кіші Алматы бассейні бойында болса, Космостанция Үлкен Алматы көлі маңында.

Тұйықсудан басқа станцияның бәріне асфальт жол тартылған, ал бұл жерге қызметкерлер көбінесе Шымбұлақтан жаяу көтеріледі. Жолдың ұзақтығы шамамен 9 шақырым. Қыста осы жолды екі күн жүруге тура келетін кездер болады, ондайда Мыңжылқы станциясында бір түнейді. Бірақ біздің жолымыз болды: жолға тас көп құламапты, өзен тасымапты, көлігіміз де бұзылмай жеттік. 

Теңіз деңгейінен 3450 метр биіктеміз. Айналаның бәрі тау мен тас, бірнеше үйшік бар. Оның ішінде адам тұратын үй біреу ғана, қазір онда жөндеу жүріп жатыр. Ал іргесінде «бөшкелер» – дөңгелек, баяғы заманда түрлі түске боялған альпинистердің вагондары орналасқан. Кей жерінде бояуы аршылып кеткен, мұнда көптен бері ешкім тұрмайды. 70-жылдары ойлап тапқан бұл үйлерді ЦУБ деп атаған, яғни тұтас металдан құйылған біріздендірілген блоктар деген мағынаны білдіреді. Мұндай дөңгелек үйлерді Солтүстікті бағындырушыларға арнап ойлап тапқан.

Мұндағы жалғыз тұрғын үйде гляциологтар жұмыс істейді. Есігінде: «Түнеп шығу жөнінде мазаламауды өтінеміз», – деген жазу бар.

Бір кездері бұл жерде тіршілік қыз-қыз қайнап жататын. Ғалымдар, спортшылар болатын, әскерилер жаттығатын, олар тіпті спорт зал да салған екен. Қазір онысы қирап қалған. Енді мұнда қарқынды түрде еріп жатқан мұздықтарды бақылайтын гляциологтар ғана қалған. Есесіне, туристер келеді. Әлеуметтік желінің пайда болуымен бірге метеостанция жанындағы ескі ванна танымал болып кетті. Қыстыгүні де гляциологтардың есігін қағып, ваннаның қайда екенін сұрайтындар бар екен.

«Қыздар ваннаның жанына барып шешінеді де, суға түскенде киетін киіммен суретке түседі», – дейді гляциолог Берік Қосжанов таңданысын жасыра алмай. 

Талап бойынша, станцияда үнемі кемінде екі адам болуы керек. Бірақ бүгін адам көп: маңызды зерттеу жасалмақ, соған орай ауысыммен жұмыс істейтін екі қызметкерден басқа да мамандар станцияға көтерілген.

Мұздық 1902 жылы ашылған, ал тұрақты бақылау жүргізу 1956 жылдан басталған. Ол уақытта ғалымдар шатырда тұрған, ал 70-жылдары оларға қалқайтып үй тұрғызып берген. 

Бірінші тұрған жасыл үй алыстан бірден көзге түседі, өзі біртүрлі қисайыпты. Ортасынан қақ бөлінгендей көрінеді, дәл ортада тұрған пеш іргетастың астындағы мұзды ерітіп жіберіпті. Бұл үйде тұру мүмкін емес, сондықтан ескі кітаптар мен заттар тұратын қойма орнында. 

Гляциологтар «қызыл үйге» кірді – үйді қазір шамасы жеткенше жөндеп жатыр екен: шатырын ауыстырып, жаңа түсқағаз жапсырыпты, сыртын да жаңадан қаптап жатыр екен, енді бұл «ақ үй». Осы жөндеуге рұқсат алу үшін де жылдап күтуге тура келіпті, қаржыландыруды да ұзақ күткен. 

Ғимаратқа күннен қуат алатын панельдер қойылған, Капицаның айтуынша, панельдер жеткілікті, ал аккумулятор жетіспейді, ол өзі үлкен де емес. 

Таза ауа мен тамаша көріністен бас айнала бастады. Станцияның ең жас қызметкері, 23 жастағы Илья Жечев мұны бізге «горнячка», яғни тау ауруы деп түсіндіріп, шегеге тұруды ұсынды.

Инженердің көмекшісі Сергей Гебель бірінші күндері биіктік өзгеруіне байланысты жүрек айнып, қан қысымы көтерілуі немесе түсуі мүмкін екенін айтады, әдетте ол жоғары көтерілгеннен кейін ұйықтауға тырысады екен. Бірақ қазір ұйықтап жататын уақыт емес, күн ашық болып тұрғанда жолға – мұздықтарға қарай шығу керек. Синоптиктер жаңбыр жауады дегенмен, күн шығып тұр. Әйтсе де, көрші тауда күн күркіреп жатыр.

Тауда 1989 жылдан бері жұмыс істейтін экспедиция жетекшісі Николай Касаткин жоғарыға қарап: «Мұнда ауа райын болжау мүмкін емес, ол әп-сәтте өзгеруі мүмкін», – дейді. 

Николай Касаткин

Біз қайтадан көлікке мініп, бұрынғыдан да көп аппаратурамен бірге мұздыққа қарай шайқатылып бара жатырмыз. Василий Капица мейлінше жақындап барамыз деп үміттеніп келе жатыр еді, бірақ көлігіміз таудан құлаған тасқа тірелді. Әрі қарай жаяу жүруге тура келеді. Капица әупірімдеп үлкен қара пластик шабаданды арқасына асып алды, басқалары қалған техниканы бөлісіп көтеріп, жолға шықтық.

«Зоя, Тұйықсу инесі, Орджо», – деп Сергей Гебель жанымыздағы шыңдардың атауын қысқаша таныстырып келеді.

Жетекші инженер Фотех Рахимов бұл таулардың салыстырмалы түрде жас екенін, дегенмен Памирден үлкен екенін ескертті. Фотех Душанбеден, екі жылдан бері осы орталықта Әмудария өзені бастау алатын мұздықтардың каталогын жасаумен айналысады.

Біз ауық-ауық тоқтаймыз, гляциологтар аппараттарын қойып, әлденені өлшейді, содан кейін тастарға қызыл бояумен белгі соғады, бұл жер бетіндегі бақылау нүктелері. 

Мұздық жылына 25 метрге төмендеп жатыр

Әрі қарай жылжыдық, мұндағы тастарда ақ бояумен соғылған белгі бар екен: «Біз мұны былтыр жасағанбыз, осы кезде мұздық белгі соғылған жерде тұрған», – деп түсіндірді Николай Касаткин. Тасты жарып түймедақ өсіп шығыпты. 

Осы жердің өзінде қоқыс тастап кеткендер бар екен.

«Мұздыққа барғанда қоқысты көп көреміз, – дейді Капица ренішін жасыра алмай. – Адамдар біртүрлі, бөтелке толы пепси коланы тауға дейін көтеріп шығады да, босаған бөтелкені төмен қарай алып кете алмайды. Кейде қоқыс жинап кетеміз. Қайта мына жер таза, Үлкен Алматы көлінің басындағы қоқысты көрсеңіз».

«1958 жылы мұндағы мұздың биіктігі 70 метрге дейін жеткен – айналаның бәрін мұз басып, бүкіл мұздық біртұтас болып жатқан. Ал қазір бәрі еріді. Мұздық – климаттың өзгерісін көрсететін ең дәл белгі, қазіргі жағдайда жылынуды көруге болады», – дейді Николай Касаткин.

Василий Капицаның айтуына қарағанда, 1972 жылға дейін мұздық орташа есеппен жылына 15–17 метр түссе, қазіргі түсу жылдамдығы 25 метрге дейін жетеді екен. Ең қатты еріген кезі 2008 жыл, сол кезде бір ғана жыл ішінде мұздық 46–48 метрге түсіп кетті дейді.

Николай, Илья, Берік пен Сергей өзеннен өтіп, мұздық тіліне бет алды. Алыстан қарағанда «Тақтар таласындағы» қабырғаға ұқсайды екен. Олар нүктені белгілеп, тақтайды тексеру үшін мұзға дейін көтерілді. Мұздықтың өне бойына мұздың еру қарқынын өлшейтін тақтай қадалған, «кірпі сияқты» дейді Капица қалжыңдап. 

Гляциологтар үш метрлік ұңғыма қазып, сол жерге тақтайларын орнатты. Егер тым жылдам еріп жатса, біраз уақыттан кейін қайтадан бұрғылауға тура келеді.

Иттің үруін естідік те, артынша дронды көрдік, Василий мен Фотех дронның артынан жүгірген итке мұқият зер салды: қазір олар өзінің дронын көтереді, ең бастысы, екеуі соқтығысып қалмаса болғаны.

Басқалары мұздықты бұрғылап жатқанда біз бастапқы нүктенің біріне оралдық, Василий Капица сонша жерден арқалап келген шабаданын ашып, ішінен дронды шығарды. Дрон самғау биікке көтеріліп, түсірілім жасайды, содан кейін оны бағанағы тірек нүктелеріне – тастағы қызыл белгілерге сәйкестендіреді, сонда мұздық пен Тұйықсу морена кешенінің ең дәл цифрлық үлгісі мен ортофопланы, яғни фото түріндегі жоспары шығады.

Тұйықсу әлемдегі ең зерттелген мұздық деседі. Капица мұның шындыққа аса жанаспайтынын түсіндірді, дегенмен, Орталық Азия бойынша 1956 жылдан бері үздіксіз зерттеліп келе жатқаны рас.

Қазір ғалымдардың күш-қуаты бір мұздықтың өзіне әрең жетіп тұр, ал бұрын Тұйықсу инесі, Орталық Тұйықсу, Мәншүк Мәметова, Молодежный мұздықтарын зерттейтін, климаттың өзгеруінен қазір Молодежныйдың тілі де жоқ.

Басқа республикаларда да осыған ұқсас зерттеулер жүрген, бірақ Одақ құлағаннан кейін олардың бәрі белгілі бір уақытта үзіліп қалған: қаржыландыру тоқтап, мамандар кетіп қалған. Қазақстанның жолы болды деуге болады, 1982 жылы мұнда тәжірибеден өту үшін Литвадан Аушляре Ревутайте келген, 90-жылдардың қиын-қыстау шағында, қаржыландыру тоқтап қалғанда Ревутайте станцияны сақтап қалды делінеді. Ата-анасы ғимаратты жылыту үшін көмір сатып алуға ақша жіберіп тұрған екен. Станцияны ешкімнің тонауына жол бермей, бақылау жүргізуді де жалғастырыпты. Зейнет демалысына кеткеніне бір-екі жыл ғана болыпты: жасы келгендіктен, мұздыққа көтеріле алмапты. Қалада, Гляциология орталығының кеңсесінде жұмыс істеуді ұсынған екен, өзі келіспепті.

Орталық Азия республикаларындағы зерттеулер қайта жаңғырды: соның ішінде шетелдік гранттардың қолдауы арқасында ғалымдар бірлескен экспедицияға шығып, зерттеу жасап, мақала жазады. 

«Тұйықсу сияқты станция посткеңестік кеңістікте жоқ. Тянь-Шань тауының басындағы ғылыми орталықта, Ыстықкөлдің оңтүстік жағалауындағы Қызылсу өзені бассейнінде Қарабатқақ мұздығы бар. Станция 2500 метр биікте орналасқан, сол жерден мұздыққа дейінгі 8 шақырымдық жолды атпен жүріп барады. Тәжікстанда станция жоқ, ондағы әріптестеріміз экспедицияға шығу арқылы зерттеу жүргізеді. Олардың мұздыққа барып, зерттеу жүргізуіне жылына 2-3 апта уақыты бар. Ал біз мұнда әр 10 күн сайын келеміз. Қырғызстан мен Тәжікстанның шекарасындағы Абрамов мұздығында гляциология станциясы бар еді, 1999 жылы Тәжікстаннан шыққан радикал топтар өртеп жіберді», – дейді Капица. 

Василий Капица

Құтқару жолындағы үміт

Тұйықсу мұздығы – біздің ауыз су қоры, қазір ол гляциологтардың көз алдында еріп жатыр. Мұздықтың құрамы мен қозғалысы түсінікті, ал экология жағынан не болып жатқанын гляциологтар енді ғана зерттей бастады. 160 жыл ішінде, «Кіші Мұз Дәуірі» аяқталғаннан бері, яғни 1850 жылдан 2010 жылға дейін Іле Алатауындағы мұздықтардың аумағы 60–70% қысқарған. Ғалымдардың болжамына сүйенсек, 2070 жылға қарай көп қазақстандық мұздық жоғалады. Дегенмен, мұздықтар өзін «қорғай алады» деген теория да бар.

«Мұздықтың тілін жоғарғы жақта тас басып жатыр, соның астында баяулау ериді. Ал Тұйықсу инесі мұздығына қарайтын болсаңыз, брондалған бөлігін көресіз, ол ашық бөлігінен едәуір жоғары. Мұздық өзін-өзі реттеп, өзін жауып жатыр деуге болады. Құтқару жолындағы үміт осы теория ғана», – деп Василий Капица үміттендіріп қойды. 

Рахимовтың айтуынша, жалпы жауын-шашын мөлшері артып келеді, дегенмен әлі де болмашы және мұз көлемін арттыруға жеткіліксіз. Ал мұздық өсуі үшін негізінен қатты жауын-шашын керек. Оның көлемі екі есе артып, ал орташа температура қазіргіден 5 градусқа төмен болса, мұздықтар өседі. Бірақ олай болуы мүмкін бе, жоқ па, оған ешкім болжам жасай алмайды. 

«Жалпы, табиғатта барлығы кезең-кезеңмен болады: жылынудан сууға ауысады, қазір біз жылыну кезеңіндеміз, бірақ ерте ме, кеш пе, ол аяқталады, суу кезеңі басталады. Бәлкім біз оны көрмейтін де шығармыз. Бірақ климат деген үнемі өзгеріп отыратын нәрсе», – дейді Николай Касаткин бізге түсіндіріп. 

Қызметкерлердің бәрінде рация бар. Капица мұздықта жүргендерден: «Дрон дауысы естіле ме?» – деп сұрады.

«Есту бер жағы, көріп тұрмыз!»

«Тездет, бір-екі тақтай қалды».

Дрон әуеге төрт рет көтерілді, тақтайлардан мұздықтың еруін өлшеуге кеткен ғалымдар оралды, бәрінің аяғы су болыпты, ал Сергей мен Берік сақтық белдігіне қарамастан бірнеше рет құлап қалыпты.

Гляциологтар оқыс жағдайларға ұрынып көрмепті, дегенмен, 2006 жылы станцияның қазіргі басшысы Юрий Ребров мұздың жарығына түсіп кеткені бар. Әріптесі Василий Мишенин екеуі қардың жаууын түсіруге барғанда Юрий 3-4 метр жерге ұшып кетіп, иығын сындырып алған. Абырой болғанда, аяғын тірей алыпты. Үсті-басы малмандай су болып, Мишениннің станцияға құрал-жабдыққа барып келіп, Мемориалға дейін түсіруін күтуге мәжбүр болыпты, ол кезде қазіргідей интернет жоқ, ұялы байланыс та жетіле қоймаған. Сөйтсе де, Ребровқа суық тимепті.

Біз станцияға оралдық: Капица ерте жарықта дронды үйдің алдындағы алаңда ұшырып алу керек еді деп уайымға салынды, сағат 15:00, батарейлер 16:00-де ғана зарядталады, ал 18.00-де қараңғы түседі.

«Бәрін бүгін жасап үлгеру керек, ертең ауа райы дұрыс болмайды», – дейді Капица мазасызданып.

Бірақ, бәрі ойдағыдай болды: дрон әуеге көтерілді, ал Рахимов қуат деңгейін мұқият бақылап отырды. 

Содан кейін бүкіл деректі компьютерге жүктейді, ол түнімен барлық ақпаратты өңдейді.

«Түсірілімнің мақсаты – дронмен қайталап түсіру көмегімен мұздық тіліндегі мұздың еруін бағалау. Осы түсірілімнің негізінде бірнеше кезеңдегі бедердің цифрлық үлгісі жасалып, ГИС (геоақпараттық жүйе) бағдарламаны пайдалана отырып, еру жылдамдығы бағаланады. Онымен бір мезгілде тақтайлар бойынша тікелей бақылау жүргіземіз, сызғышпен бірнеше кезеңді өлшеп алып, оны да GPS өлшемге қосамыз. Осылай еріген мұз қабатын қашықтан анықтауда кеткен қатені бағамдаймыз. Құралмен өлшегеннен 5 см аралығында ғана өзгеріс болады деп күтеміз», – деп Капица мейлінше егжей-тегжейлі түсіндірді. 

Қазір гляциологтардың жұмысы қауырт: олар мұздық туралы ақпарат жинап жатыр, неғұрлым көп ақпарат жинаса, қыста соғұрлым көп мәліметті өңдейді. Мұнда қыркүйектің аяғында қар басады. Ал маусым наурыздың соңында басталады, осы кезде мұздықта қардың көп жиналуын есепке алып үлгеру керек. Наурыздан кейін, сәуір-мамыр айларында әдетте қардың мейлінше көп жиналған күндері тіркеледі, ал мұздық ери бастайды. Гляциологтар 10 күн сайын қарды түсіруге барады. Бұған қоса, таңертеңгі тоғыздан кешкі тоғызға дейін әр үш сағат сайын метеоалаңға барып, деректерді тіркеу керек.

Көлік бұл жаққа маусымның соңында ғана көтеріле алады. Онда да сәтін салса. Қыркүйекке дейінгі аз ғана мерзім ішінде станцияға киім-кешек, азық-түлік және аппаратура жеткізіп үлгеру керек.

Мұздық моделі

Мұздық қаншама жылдан бері зерттеліп келе жатса да, оның көлемі қандай екенін нақты айту мүмкін емес. Оншақты жыл бұрын Мәскеуден гляциологтар келіп, георадармен мұздықтың қол жететін бөлігін өлшегенде, қалыңдығы 100 метрден астам деп көрсеткен. «Ал аяқ жетпейтін жердегінің қанша екенін біле алмайсың, бал ашып білмесең», – дейді Касаткин шарасыз күйде.

Күн батқаннан кейін дереу суытып кетті де, пешке от жақты. «Біз жыл он екі ай от жағамыз», – дейді Касаткин күліп. Шаршаса да көңілі тоқ гляциологтар кешкі ас ішті, кейбірі бірден ұйқыға кетті. Ұзақ, бірақ өнімді бір күн артта қалды. 

«Алматы тұрғындарының жартысы бізде мұздықтар бар екенін білмейді деп ойлаймын. Бір мысал айтайын: бізде Павел деген айтишник жұмыс істеді. Коля екеуі көлге барыпты, ол жерде Советов шыңы көрінеді. Павел оны әктас деп ойлапты, Николай мұздық екенін дәлелдеп әуре болған. Ал Павеліміз Алматыда туып-өскен адам! Өзен қайдан ағып жатыр деп ойлайсың десек, жер астынан шығып жатыр деп ойлайды екен», – дейді Капица өткенді еске алып.

Николай сол күні әріптесін көз ұшындағы ағарған мұздық екеніне сол күйі сендіре алмадым-ау деп күледі. 

«Тауға көтерілер алдында ұйықтай алмаймын»

Василий Капица Тұйықсуда 2006 жылдан бері жұмыс істейді. Бұл жерге әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-де оқып жүргенінде тап болыпты. География институтында тәжірибеден өтіп жүрген курстастарына келгенінде кіреберісте Николай Касаткинді кезіктіреді. Ол мұны қарды түсіруге шақырады. Дәл 24 мамыр, Капицаның туған күні екен. 

«Бізбен бірге барасың ба? Бірақ оңай емес, ауыр», – деп ескертті. Қорқатын не бар деп, келістім. Осы жерге жаяу көтеріліп, таңертең мұздыққа қарды түсіруге бардық, 28 мамыр күні түстік. Зертхана жетекшісі, қазіргі біздің ғылыми жетекшіміз Игорь Северскиймен сөйлестім, сонымен жұмысқа шақырды. Келістім, бәрі содан басталды. Мен жұмысқа орналасқан кезде жарық та жоқ болатын, генератор көмегімен бір ғана лампа жанатын, оның өзі кешкісін жарты сағаттай ғана. Байланысқа жету үшін дөңге шығатынбыз. Әйтсе де, бұрын ұялы телефондар қазіргіден жақсы ұстайтын».

2008 жылы Василий Капица аз уақытқа ғылымнан қол үзді, қаржылық қиындықтар басталып, отбасын асырау керек болды. Дегенмен, әріптестерімен байланысты үзген жоқ.

Осы кезде Бонн институтының мореналық көлдер бойынша халықаралық гранты пайда болды.

«Бір жерде менеджер болып, оны-мұны сатып жүргенмін. Қайтадан жұмысқа шақырды. Алып жүрген ақшамнан екі есе аз ұсынды, бірақ жұмыстан кеткенге дейінгі айлығымнан төрт есе көп еді. Қайтып оралдым. Қазір шүкір, мемлекет қаржы бөледі, соған сай талап етеді. Рейтингі жоғары халықаралық журналдарға көптеп мақала шығаруымызды сұрайды. Ал ондай басылымдарда бір мақаланың жарық көруіне жыл жарымдай уақыт кетеді. Қарап, рецензент пікір жазып болғанша уақыт өтеді. Ал бағдарлама екі-ақ жылға созылады. Бағдарламаның шартын орындамасаңыз, айыпты боласыз, 3-5 жыл мұндай жобамен грант байқауына қатыса алмайсыз. Үлгереміз деп үміттенеміз».

Шілде бойы Үлкен Алматы өзенінен жоғарыда орналасқан Космостанцияда бұрғылау жұмысы жүрді, бұл швейцариялық Фрибург университетінің жобасы. Орталық Азия бойынша мәңгілік тоңды бақылау жүйесін қалпына келтірмек. Василийдің сөзіне қарағанда, біздің елімізде бұл мониторинг 70-жылдары басталып қойған:

«Біз кездері бізде 32 станцияға дейін болған, тереңдігі бір жарым метрден 120 метрге дейін жеткен. Биыл тереңдігі 32 метрлік үш ұңғыма, 12 метрлік бір ұңғыма бұрғылап, әр метр сайын топырақтың температурасын өлшейтін датчиктер мен басқа да құралдар орнаттық».

Сонымен қатар шілдеде біздің гляциологтар Австриядан келген ғалымдармен бірге Үлкен Алматы көлінің жоғарғы жағындағы глетчерге барған, ол да мұздық, тас басқан және қозғалып жатқан мұздық. «Екі апта жүріп, геофизикалық зерттеулер жүргіздік. Қаптаған сым, оның бәрі ауыр, оған қоса аккумуляторлар бар, бәрін көтеріп жүрдік. Ал қазір дрон арқалап келе жатырмын ғой, сол глетчерден кейін Мальдивте жүргендей сезімдемін, жеп-жеңіл».

Дегенмен, бұл жұмысқа шыныққан адам ғана төтеп береді. Жастардың өзінің көбі шыдамайды. Тұйықсуға көтерілетін мамандардың денсаулығын жыл сайын тексеріп тұрады. 

«Кейде ұзақ уақыт көтерілмеген кезде алқыну болады, кейде басым ауырады. Ал мұнда келгенде бірден ұйқы басады. Тауға көтерілер алдында ұйықтай алмаймын, ылғи солай. Жетем бе, жетпеймін бе деп ойлаймын, көлігім де ескі, 2011 жылғы әрі үнемі мынадай жолмен жүруге тура келеді».

Отбасы тауға барайық деп жиі өтініш жасайды екен, бірақ Василийдің түрін көргенде, дереу айнып қалады. Дегенмен, отбасын суды үнемдеуге үйреткенін айтады. Мұздықтар мынадай еріп жатқанда біз де бейімделуіміз керек, суға деген көзқарасты өзгерту керек. 

«Мен Тастақта тұрамын. Біз жаққа беде өсірген, сенесіз бе, күн сайын, жаңбыр жауды ма, жоқ па, бәрібір, суғарады да жатады. Топырақ батпаққа айналып кеткен. Жұмысқа велосипедпен барамын, Ганди саябағы жанынан өтемін, онда да сол. Суды үнемдеу керек деп айтылып жатса да осы. Қазақстан пайдалы қазбаға бай болғанымен, су мәселесі қиын ел. Өкініштісі, адамдар мұны түсінгісі келмейді, кранды ашты, су ағып тұр, оның қайдан келгені, қайда кететіні ойландырмайды. Одан гөрі Олимпиада қызығырақ».

Кейбір елдер мұздықтағы суды жинақтау үшін су қоймасы сияқты бірдеңе салуға талпынып жатыр екен. Василий мұндай жағдайда төменде жатқан ландшафт құриды дейді.

Капица гляциологтардың аға буынын алмастырған уақыт өте қиын кез еді, дегенмен, қазір де «жас маманның жалақысы тамақ жеткізушілерден аз. Барынша еңбектеніп, шетелдік жобаларға кіруге талпынамыз. Бәрі бірден көп ақша тапқысы келеді, оларды да түсінемін, уақыт солай. Олардың орнында болсам өзім не істер едім, білмеймін».

«Бұл көрініске әлі көз үйреткен жоқпын»

«Бұл жерде үнемі қауіп бар. Тау болғаннан кейін солай. Тек кейде қауіп сейіледі, кейде күшейеді», – дейді Касаткин тауға қарап тұрып.

Ол Тұйықсудың жұлдызды сәтін көрген жалғыз адам: «Трамплиннен секіретіндер жазда осы жерде жаттығатын. Дизельмен жұмыс істейтін генераторлары болатын, токпен жылитын саунасы болған, қазандығы, асханасы бар еді. Кеңес Одағы құлағаннан кейін оның бәрі күрт тоқтады. Келесі жылы-ақ түк қалмады. Көтере алатын, әкете алатын дүниенің бәрін тасып әкетті. Анау жерден жол талғамайтын көліктің қаңқасын көрдіңіз бе? Мен оның жүріп тұрған кезін көргенмін. Одақ құлағаннан кейінгі жылы келсек, қаңқасы ғана қалыпты. Басқасын түгел алып кетіпті», – деп еске алады.

Гляциология станциясы табиғи парктің аумағында тұрғандықтан, мұнда қоршау қоюға болмайды, кез келген адам емін-еркін кіре алады. Бұл ғалымдарға қиындық тудырады.

Станция ғимаратынан бес минуттық жерде шағын көл бар, оған бара жатқан жолда тастың арасынан құбыршек, сымарқан, құбыр шығып тұрады – бұрынғы өркениеттен қалған белгі. Альпинистер құбыр арқылы өзеннен су алатын, олардың дөңгелек үйлерінде 70-жылдардың өзінде жылыту жүйесі болған. Ал қазір гляциологтар шелекпен су тасып, пеште ысытып барып жуынады.

Николай Касаткин Тұйықсуға бірінші рет 1989 жылы табан тірепті. Ол кезде Алматы құрылыс институтында (Қазақ бас сәулет-құрылыс академиясы) инженер-геодезист мамандығында оқитын.

Қазақстанда гляциолог мамандарды оқытпайды, станция қызметкерлерінің мамандығы әртүрлі: арасында географ та, альпинист те бар, дегенмен негізінен гляциологтың жұмысы геодезиямен байланысты, мұнда гидрологтар, морфологтар және т.б. мамандар келеді.

«Мен геодезистің оқуын оқып жүрген уақытта геодезиялық түсірілімнің бәрі оптикалық теодолит, нивелир, тақтаймен жасалатын, барлық сурет төңкеріліп тұратын, ал GPS дегенді институтта жүргенде естідік. Бір оқытушымыз америкалықтар әлдебір жүйені ойлап тауыпты деп айтқаны есімде», – дейді Касаткин.

Ал қазір тіптен жеңіл – салмағы зілдей теодолитті тауға көтеріп шығудың қажеті жоқ, дронның және компьютердегі бағдарламалардың көмегімен «геодезист өмір бойы жасай алмайтындай зерттеу көлемін алуға болады».

1989-90 жылдары Касаткин Тұйықсуда тәжірибеден өткен, 1993 жылы университет бітірген. «Бір-екі жыл сенделіп жүрдім. 90-жылдардағы қиын-қыстау кезең, кәсіпорындарда 20-30 жыл жұмыс істеген адамдар қысқартуға түсіп жатты. Жас маман кімге керек болсын? Бір-екі жыл бос жүрдім, коммерсант болдым, содан кейін өзім тәжірибеден өткен География институты еске түсті. Бірақ ол кезде туризммен айналысуды ойладым. Отбасым бар еді, оны асырау керек, туризм саласынан ақша табуға болады деп ойладым».

1995 жылы Николай География институтына келіп, Шымбұлақтан туристерді Тұйықсуға апаруды ұсынады. Оның бұл ұсынысын қабылдамайды, бірақ өзін Тұйықсуға және Үлкен Алматы көліне гляциолог етіп жұмысқа алады.

«Кейін жасы келген гляциологтар өмірден өтті, кейбірі елден кетіп қалды, сөйтіп жүріп мамандығы сай келетін, білімі бар адам мен болып қалдым. Жұмысқа араласу керек болды, ал жұмысты ұнатқаннан кейін осы салада қалдым».

Қазір Касаткин екі стационардың жұмысына жауапты, олар ашық мұзды, тоңды және көмілген мұзды зерттейді: «Бергамодағы Труффальдино сияқты әрі тоңтанушы, әрі гляциологпын. Амалсыздан істеп жүрген жоқпын, жұмысым өзіме ұнайды».

Гляциологтардың келесі буыны туралы сұрағанымда не дерін білмеді: жастармен сөйлесіп, ойын сұраңыз дейді, ал «Васяны гляциологияға Құдайдың өзі жолдады. Расы сол, басқаша қалай түсіндіруге болатынын да білмеймін».

Касаткиннің айтуына қарағанда, кейінгі бір-екі жылда гляциологтарға ақша бөле бастапты, зорға дегенде жаңа құрал-жабдық әперген, Тұйықсуға жаңа технологиялар мен ХХІ ғасыр жетіпті: «Өміріміз жеңілдеп сала берді! Әрине, басынан бастап үйреніп, біраз миымызды қозғауға тура келді. Ешкім бізді оқыта қойған жоқ, жаңа жабдықтарды да өзіміз үйрендік. Ал қазір қанша координатты пайдаланатынымызды тап басып айта да алмаймыз». 

Николай Касаткин бала кезінен тауды жақсы көрген екен – балалық шағы Орбита ықшамауданында өткен, бос уақытында тауға барумен болған. Бірақ шаңғы теуіп көрмепті, альпинистің бәтіңкесін де кимепті.

«Әлі де бұл көрініске көз үйреткен жоқпын, үнемі аузым ашылып, жан-жағыма қарап жүремін. Әр келген сайын қуанамын, жұмысымды жақсы көремін, ешқандай шағымым жоқ. Маған салса, тауда тұрар едім, жай ғана тұрмай, зерттейтін едім. Табиғатты зерттеу арқылы өзімізді танимыз, бұл жай айтыла салған сөз емес. Адам табиғаттың бір бөлшегі, өзіңді сәл де болса түсіну үшін физиканың заңдылығын оқуды бастау керек. Ақырзаман әлі келген жоқ, соған қуанамын. Әзірге жұмыс істей аламын және жұмыс істеп жүрмін, ол жұмысым көңілімнен шығады».

«Кей кездері төтенше жағдай қызметкерлері де жете алмайды»

Кіші ғылыми қызметкер, 32 жастағы Берік Қосжанов сақтандыру байлағышы болғанына қарамастан, бүгін шамамен жарты метр тереңдіктегі өзенге құлапты: «Жағалау қатты тайғақ, суға түскен мысықтай тыпыршыдым», – дейді күліп. 

«Мен өзім қыр баласымын, тауға кездейсоқ келдім. 2012 жылы мұнда бірінші рет түнедім, практика кезі еді. Түнде бас сүйегімнің қысымынан ояндым, құлағым шуылдап, ауа шығып тұрғандай сезімде болдым. Одан кейін мұндай мәселе болған емес», – дейді Берік. Ол өзі Қазақстанның батысынан, Ақтөбе маңындағы ауылдардың бірінде туып-өскен. Абай атындағы ҚазҰПУ-дың география факультетін бітірген. Бакалаврда оқып жүргенде География институтында тәжірибеден өтіп, ақыры 2012 жылы Тұйықсуға тап болған. Мұнда жұмыс істеп жатқанына тоғыз жыл болыпты. Бүгін «вахтадан шығады».

Станциядағы тыныштық ұнайтынын айтады: «Мұнда ешқайда асықпайсың. Қарапайым өмір сүресің, табиғат тамаша, айналада суырлар жүгіріп жүреді. Көп адамды, шу-шырқанды ұнатпаймын, ал мұнда өзіммен-өзім. Әйтсе де, кейінгі жылдары, әсіресе ковидтен кейін туристер көбейіп кетті. Бұрын жақсы еді (күледі). Сонда да мұнда тартымдырақ, әсіресе жазда қалада қапырық болып тұрғанда рахат. Бәрі тыныш, ауыр болса да қызық. Көбінесе жүріп-тұру қиын. Қыста мұнда жетудің өзі оңай емес. Шымбұлақтан станцияға дейін 9 шақырым. Тамақ пен киім салған рюкзагымызды көтеріп, жаяу шығамыз. Кейде белуардан қар кешіп жүреміз. Шымбұлақтан Мыңжылқы бөгетіне дейін бір күн жүретін кезіміз болады. Одан бері тағы сонша жүруіміз керек. Ол енді ауа райы өте нашар болған кездерде».

Гляциологтар мұнда ауысыммен жұмыс істейді, вахта 10 күнге созылады, содан кейін 20 күн демалыс. Барлығы 6 қызметкер бар, үш ауысыммен істейді. Бірақ жазда станцияда ұзақ уақытқа қалу керек болады, өйткені мәлімет жинау үшін барлығы бірге жұмыс істеуге тура келеді немесе қазіргідей жөндеу жұмысына көмектесу керек. 

Берік Қосжановтың мұнда жүргеніне үшінші апта, жақын күндері қалаға түседі. Бүгін кірін жуып, пештің үстіне жайып қойды: «Адам қалпына келіп барып түсу керек».

Қалаға барғаннан кейін есеп жазады, оған бірнеше күн кетеді.

«Жаздағы ең негізгі жұмыс мұздықта болады, әр 10 күн сайын қарды түсіреміз, оған қоса күнара бүгінгідей тақтайларды бұрғылаймыз. Бүгін 6-7 тақтай бұрғыладық. Кейде таңғы сағат 6-да шығып кеткеннен мұздықтан кешке бірақ қайтатын кездеріміз болады, күні бойы бұрғылаумен айналысамыз. 2016-2017 жылдары рекорд болды, бір қызметкер екеуіміз бір күнде 58 тақтай бұрғыладық. Сол жылы тақтайлар тез еріп, әрқайсын қайта бұрғылаған едік».

Төрт жыл бұрын станцияда интернет пайда болды, оған дейін Мыңжылқы станциясымен рация арқылы байланысқа шығатын. Интернет пайда болғанға дейін Берік көп оқитын, бір жақсысы, қисайған үйдегі кітапханада кітап қоры мол-ақ. Wi-Fi пайда болғанға дейін қарапайым телефон ұстағанын еске алады: үйде ноутбук бар, әлеммен байланыс орнатуға сол жеткілікті еді.

«Кейде байланыссыз қалу қиын болатын, бірақ, екінші жағынан, байланыс жоқта бәрі тыныш болатын, артық әбігерге түспейтінбіз. Қазір интернетке үйреніп алдық, ол болмаса қиын, әсіресе дастархан басында отырғанда әлдебір таласты мәселе туса, бірден гуглдатамыз ғой. Бірақ интернет жоқта көп оқитын едік, қазір кітаптар экспонат сияқты».

Әр үш сағат сайын қызметкер метеостанциядан мәлімет алуы керек. Бір қарағанда көз ұшында тұрғанымен, ауа райы бұзылып, тұман түскенде адасып кетуге болады.

«Жолды жақсы білемін, сонда да тұман түскенде еңіс қайсы, басқасы қайда, ұқпай қаласың. Бірде алаңқайға жетпей адасып кеттім, ал тағы бірде қатты жел соғып, соқпақтан шығарып жібергені бар. Жолға түссем, қайтадан шығарып жібереді».

Биыл жазда жаңбыр кезінде найзағай көп ойнап, кейбір аппараттар күйіп кеткен. Берік үлкен аккумуляторға жай түскенін есіне алды, найзағай үйге түсіп, техника күйіп кетіпті.

Қосжанов жақында Қазақстандағы ең қорқынышты жерлер туралы материал көріпті, олардың арасында Тұйықсу да бар екен. Оны тіпті Припять қаласымен салыстырыпты. Бірақ Берік бұл жерге үйреніп кеткендіктен, қорқынышты түгі де жоқ дейді. 

Бәлкім, бір қарағанда мұндағы кейбір үйлер қараусыз қалғандай көрінетіндіктен шығар, әрі станция аумағында ағаш мүсіндер бар. Берік оларды «тотем» деп қояды. Станция қызметкерлерінің ешқайсы бұл мүсіндердің тарихын білмейді, шамасы, бұрынғы гляциологтардың арасында жалғыздықты жеңу үшін ағаш оятын біреуі болса керек.

Мұның бәрі аспандағы бұлт, айналаны қоршаған тау мен әйгілі ванна сияқты туристерді тартады, ғалымдар оларға гляциология дегеннің не екенін түсіндіріп, неліктен үйлеріне қондыра алмайтынын айтады. Мұнда көмек сұрайтындар көп кездеседі:

«Бірде түн ортасында бір турист есік қағады: көзі алақандай, есі шығып кеткен, «горнячка»… Бұл кенеттен тауға келіп түнемек болғандарға кездесетін тау ауруы. Туристер көбіне жол сұрайды, белгілі бір жерге қалай жету керегін білгісі келеді немесе түнеп шығуды сұрайды. Бірде бір турист келіп, «шәйнекті қайната беріңіз, мен көлге барып келейін» дейді. Кафеге келгендей! Кейбіреулер жөнімен келіп, көмек сұрайды, ондайда аянып қалмайсың. Ал кейбіреулер баса-көктей келеді, оларға да солай жауап береміз. Кейбіреулер келіп кеткеннен кейін басқаларға «бүгін мейірімсіз қазақтың кезегі» деп айтады екен (күледі). Мен станцияда жұмыс істейтін жалғыз қазақ болғаннан кейін бірден жаттап алады. Бір жарым ай бұрын көршілес тау бөктерінде бір турист аяғын сындырып алды. Басқа туристермен бірге жолға шыққан, сол сәтте Қазселденқорғау мекемесінің екі маманы өзенді көруге көтеріліпті. Олар маған келіп, қаламен байланысқа шығуды сұрады. Мыңжылқыға хабарлассам, ТЖМ-де ауысым болып жатыр екен. Құтқаруға жарты күн кетті. Мұндай жағдай үнемі болып тұрады, әсіресе көктемде көшкін астында қалатындар болады. Сол кезде шаңғышылар да қағынып кетеді ғой, тауға шығып, қар көшкінін өздері тудырады. Ал кейде ауа райы құтырып кеткенде мұнда төтенше жағдай қызметкерлері жете алмай да қалады».

Қосжанов басқаны қойып, туыстарының өзі де жыл он екі ай тауда не істейтінін түсінбейтінін айтып күледі.

Инженердің көмекшісі Сергей Гебель мұнда төртінші жыл жұмыс істейді. «Бірінші рет келгенімде бәрі ертегідей болды, жаңа нәрсе, бәрі қызық, ана тауға бір шығасың, мына тауға бір шығасың, бәрін білгің келеді, суретке түсіресің, иіскейсің, қолмен ұстап көресің» 

Сергей Гебель

Мұнда ауыз суды өзеннен алады, ал қыста қарды ерітеді. Мұздықтың суын тексеріп көрген, оның суы тазартылған сумен бірдей. 

Гебель төменде қай жерде саңырауқұлақ өсетінін, қайдан таңқурай, күреңот және басқа да өсімдіктер жинауға болатынын біледі, тіпті осы аумақты бірге мекендеп жүрген әр суырды жеке танитын сияқты: олардың бірі спортзалды мекендесе, енді бірі бөшкені астында, ал ең батыл дегендері үйдің астын мекендейді. Ол бізге жақындап келуден қорықпайды – өзі қоңды әрі сүйкімді. Бұрын ит болғанымен, кейін жоғалып кетіпті. Мысық асырағысы келгенмен, кей қызметкерлер қолдай қоймапты. «Суырлардан гөрі мысық болғаны жақсы еді», – деп күледі Сергей.

Берік Қосжанов пен Илья Жечевті гляциологтардың жаңа буынына жатқызуға болар еді, бірақ Берік өзінің әлі де ол деңгейге жетпегенін мойындайды. Көп нәрсені біле бермейтінін, әсіресе техника бұзылса жасай алмайтынын жасырмады.

«Ғылым жағына келсек, көбінесе бізге емес, кеңседе отыратын қызметкерлерге жүгінеді. Өйткені біз жәй ғана ақпарат жинаушымыз, оны әрі қарай талдамаймыз. Бізге өлшеп беріңдер дейді, ақпаратты береміз, ал әрі қарай басқа команда оны өңдейді. Нәтижесін мезгіл-мезгіл біліп отырамыз. Бәрін көріп жүргеніммен, қолымда нақты сандар жоқ. Кейде өзіміз де сұраймыз да, мұздықтың қалай тез еріп жатқанына таң боламыз. Климат өзгеріп жатыр, бұлай болуы түсінікті де. Естеріңізде ме, 2011 жылы Шымбұлақта дауылдан ағаштар құлап еді ғой? Себебі тауда салқын, қалада қатты ыстық, температураның осындай айырмашылығы салдарынан қатты жел тұрып, бәрін қиратты. Егер мұздықтар болмаса, қала қазіргіден бетер қапырық болады. Арықтан су ақпай қалады. Ал арықтар қаланы кәдімгідей салқындатады».

Илья Жечев

23 жастағы Илья Жечев станциядағы ең жас қызметкер, техник-гляциолог болып жұмыс істейді. Мұнда келгеніне екі жарым жыл болған, Ревутайтенің орнына келіпті. Бұған дейін Шымбұлақтағы тау шаңғысы станциясында жұмыс істеген, сирек кездесетін альпинист-гляциолог.

Ол алғашқы шыңын 6 жасында бағындырған, сол кезде ата-анасы Комсомол шыңына жете алмағанын айтып күледі. Ал 16 жасында тау туризмі бойынша инструктор ретінде халықаралық сертификат алған. Вахтадан бос уақытында альпинист ретінде туристерді тауға апарып ақша табады.

«Гляциологтың жұмысы тауда болуымен қызық, жауын-шашын мөлшерін өлшеу үшін Молодежный шыңына барып келу керек, құрылғы сол жерде. Күні бойы шатқалды әрі де, бері де шарлайсың». 

Илья болашақта да мұздықтарды бақылаумен айналыса ма, жоқ па, әзірге білмейді. Институтқа түссем деген ойы болған, әзірге өзіне сенімді емес: «Альпинизм тартып тұрады, кейде тауға 20 күндік сапарға шығып кеткім келеді, бірақ вахтадан кейін қалада демалуды ойлайсың. Вахтаны сағынамын дей алмаймын, тауды сағынамын. Бастапқы бес күнде күн санап жүремін. Биіктік қатты әсер етеді, шаршайсың, вахтаның соңғы күндері кәдімгідей қалжырап қаласың».

Бірге жұмыс істейтін екі еркектің біртіндеп есінен танып қалатыны туралы «Маяк» деген фильм бар, соны көрген-көрмегенін сұрадым. «Мұнда интернет бар ғой», – деп күледі.

Бізді біз кезде Ревутайте тұрған үйге бастап барды, былтыр Орталық Азияның гляциологтары семинарға келетін болып, мұнда жеңіл-желпі жөндеу жүргізіпті. Жаңадан ағаш дәретхана да қойыпты. Қазір үй жабық, себебі пеш жанбайды. Ескі журналдарды парақтадық, біреуі Литвадан шыққан «Оракул», кілең қиял-ғажайып. Алайда гляциологтар прагматик болып келеді, олар эзотерика мен мистикаға сене бермейді. Қара альпинистер мен қар адамы туралы ешқандай аңыз айтпайды, мұнда тауешкі мен қар барысы бар деседі, дегенмен барысты көрген ешкім жоқ. Аюдың өзі мұнда емес, Үлкен Алматы өзені маңын мекендейді. 

Таңертең сіркіреген жаңбыр дауысынан ояндық, Алматыда бұл уақытта күн ысып тұрады. Мұнда +5 градус қана, тауға тұман түсті. Капица мен Касаткин аспанға көз тастады: жоқ, күн ашылмайды. Бұл экспедицияда енді дронды ұшыра алмайды, кеше мейлінше көп жұмыс атқарып алғандары жақсы болыпты. Капица бәріне жиналуды тапсырды, станцияда Илья, Сергей мен Берік қалады. Беріктің киімі кеппей қалды, енді ертең өзі жаяу түседі. 

«Келесі аптада зоологтар келеді, бір көбелектер керек дей ме», – деп Капица ескертіп үлгеріп жатыр.