ru24.pro
Новости по-русски
Август
2024

Жалған ақпарат Ұлыбритания көшелерінде мигранттарға қарсы зорлық-зомбылықты өршітті

0

Шілденің соңында әлеуметтік желілерде Ұлыбританиядағы теңіз жағасында орналасқан Саутпорт қаласында балалардың би сыныбына сириялық мигрант пышақпен шабуыл жасап, үш баланы өлтірді деген ақпарат тарады. Көп ұзамай бүкіл ел көлемінде әсіре оңшылдардың наразылық шеруі көбейді, олар полициямен шайқасып, мигранттар мен мұсылмандар қауымына шабуыл жасады.

Власть зорлық-зомбылыққа не түрткі болғанын және бұған жалған ақпарат пен әлеуметтік желінің әсері қандай болғанын айтып береді.

Кісі өлтіру туралы жалған ақпарат тараған күннің ертеңіне Саутпортта тәртіпсіздік басталды. Жергілікті тұрғындардан бөлек қалаға Біріккен Патшалықтың әр түкпірінен әсіре оңшыл белсенділер ағыла бастады. Шерушілер бір кеште елуден астам полицейді жаралап, автокөліктерді өртеді және жергілікті мешітке шабуыл жасады.

Одан кейін апта бойы бүкіл елде зорлық-зомбылыққа құрылған шеру өтті. 31 шілдеде полициямен қақтығыс нәтижесінде Лондонда 100 адам ұсталды. Ротеремде пана сұраушылар орналасқан қонақүйге шабуыл жасап, ғимаратқа жанғыш қоспасы бар шөлмектер лақтырған. Ливерпульде шерушілер қала орталығында кітапханаларға өрт қойып, дүкен сөрелерін қиратты.

Шерушілер «Жетер енді!», «Біз елімізді қайтарып алғымыз келеді!» деп айғайлады, исламға қарсы ұрандар тастады.

Тәртіпсіздікке қарсы тұруға үкімет 6 мыңдай полицейді жұмылдырды, кейбір жерде кез келген жиналған топты күштеп таратуға ерекше өкілеттік беретін жарлық шықты. Осы уақыт аралығында төрт мыңнан астам адам тұтқындалып, олардың ішінде жүз шақтысына айып тағылды.

Reuters

Соңғы күндері ел әсіре оңшыл топтар алдын ала хабарлаған жаңа мәлімдемелер болады деп күтті, алайда наразылық бәсеңдей бастады. Бұған тұтқындау, қылмыстық қудалау туралы ескерту мен оларды Ұлыбританияның көп қаласында ығыстырып тастауға шамасы жеткен қарсы наразылық білдірушілердің шеруі әсер етті.

Нәсілшілдікке қарсы шерушілер «Өшпенділік емес, махаббат!» деген плакат ұстап, «Фашистер кетсін!» деп айғайлады.

«Мұнда әсіре оңшылдар келуге тырысып жатқанына риза емеспін. Бізде мигранттармен проблема ешқашан болмаған, ал адамдар осында келіп, зорлық-зомбылық жасағысы келеді», — деді The New York Times басылымына нәсілшілдікке қарсы шеруге қатысушы, 52 жастағы Ливерпуль тұрғыны Терри’Обрайен.

AFP

Зорлық-зомбылықтың бастауы

Зорлық-зомбылыққа түрлі оңшыл инфлюенсерлер мен әлеуметтік желілердегі, әсіресе Telegram мен X-тегі (бұрынғы Twitter) каналдар таратқан жалған ақпарат түрткі болды.

Олар Саутпорттағы қылмыскерді Сириядан пана сұрап келген деп ақпарат таратты. Билік әдеттен тыс қадамға барып, кісі өлтірді деген күдіктінің жеке мәліметін жариялауға мәжбүр болды: Ол Ұлыбритания азаматы, кәмелетке толмаған, Кардифф қаласында туған және өмір бойы осы елде тұрған адам болып шықты.

Фейкті әсіре оңшыл үгітшілер өте белсенді түрде таратты. Солардың бірі — Томми Робинсон, ол English Defence League (Ағылшын қорғаныс лигасы - аудармасы) исламофобтар ұйымының негізін қалаушы. Ол Х-тегі аккаунтын осы әлеуметтік желіні кәсіпкер Илон Маск сатып алғаннан кейін қалпына келтіріп алған. Қазіргі кезде 942 мың жазылушысы бар.

«Біз елімізге келгеннен кейін құрметпен қарайтын мигранттарға ашықпыз. Мәселе ислам мигранттарының тыныш келмей, соғыс ашқанында болып тұр. Олар осы жерді билеп-төстегісі келеді. Біз мәдениетімізді, еліміз бен болмысымызды жоғалтып жатырмыз!» — деп мәлімдеді Робинсон. Ол, сондай-ақ, болып жатқан зорлық-зомбылыққа «британдықтарды» қорғамайтын «қорқақ полиция мен үкімет» кінәлі деді.

Сонымен қатар фейктерді таратуда ресейлік медианың рөлі болуы мүмкін екені айтылғанмен, қазіргі сәтте оған нақты дәлел жоқ.

Бұл тағы да интернетке британ билігінің бақылау орнатуы туралы пікірталастың басталуына жол ашты. Былтыр Ұлыбритания «Интернеттегі қауіпсіздік туралы акт» деген заң қабылдап, компаниялардан терроризмді, порнография мен басқа да нәрселерді тез арада жоюды талап еткен болатын.

Бірақ заңда жалған ақпарат пен ксенофобиялық мәлімдеулерге қатысты нақты нұсқау аз.

«Әлеуметтік желі иелеріне мына нәрсені айтуға рұқсат етіңіздер: зорлық-зомбылық тәртіпсіздіктерін интернет арқылы қоздыру да қылмыс, бұл сіздердің территорияңызда болып отыр. Заң барлық жерде сақталуы керек», — деп мәлімдеді Біріккен Патшалықтың премьер-министрі Кир Стармер.

Осының артынан Х иегері, кәсіпкер Илон Маск сын айтты. Ол «Ұлыбритания Кеңестер Одағына айналып бара жатыр» деп мәлімдеді.

Сонымен қатар Маск елдегі оқиғаларға белсенді түрде пікір білдірумен болды.

«Мұсылмандар патрулінің» мүшелері оңшыл белсенділерді іздеп, Бирмингемдегі пабты қоршап алғаны туралы постқа пікір білдіре отырып, «Ұлыбританияда неліктен қауымдастықтың бәрі бірдей қорғалмаған?» — деп сауал тастады.

Ол, сондай-ақ, әсіре оңшылдардың полиция ішінде «екіжүзді саясат» бар, әсіре оңшылдар өзгелерге қарағанда қатаң бақылауға алынған деген мәлімдемесіне меңзейтін «#TwoTierKeir» деген хабарлама жазды.

AP

Әсіре оңшылдардың зорлығын айыптау

Ұлыбританияның жаңа премьер-министрі Кир Стармер тәртіпсіздікті «әсіре оңшылдар бандитизмі» деп атады және көшеге полицияны көбірек шығарып, мұсылман қауымына қауіпсіздік қызметкерлерін көбірек бөліп, олардың бетін қайтаруға уәде берді. Сондай-ақ ол үкімет күдіктілерге белсенді түрде айып тағуы қажет деп мәлімдеді.

«Бұл көшеде болсын, әлеуметтік желіде болсын, тәртіп бұзуға жәрдемдесуші кез келген адамға күшті ескерту болуға тиіс (...) Бұл наразылық емес, таза зорлық, біз мешіттерге және мұсылман қауымына шабуыл жасатып қойып төзіп отырмаймыз», — деп мәлімдеді Стармер.

Стармер тәртіпсіздікті басумен бірінші рет айналысып отырған жоқ. Ол 2011 жылы полиция қызметкерлері қара нәсілді Марк Дагганды атып тастағаннан кейін туған наразылық кезінде британ прокуратурасында басшылық қызметте болды. Сол кезде соттар түні бойы жұмыс істеп, наразылық кезінде тұтқындалған 3 мыңнан астам адамға үкім шығарған еді.

Билік еткен жылдары оңшылдарға жағынып, Ұлыбританияда иммиграцияны қысқартуға уәде берген консерваторлар да наразылықты айыптады. Алайда Найджел Фарадж секілді оңшылдардан шыққан кейбір аса радикал депутаттар айыптаумен қатар, «халықтың көбі жаппай иммиграция нәтижесінде жікке бөлінуді көріп отыр» дегенді қосып айтты.

Стармер бір ай бұрын ғана премьер-министр болды. Ол өз саясатын адамдардың әлеуметтік-экономикалық жай-күйімен байланысты ұзақ мерзімді проблемалар төңірегінде құрғысы келді. Бірақ енді ол оңшылдардың озбырлығымен және оның жалғасу ықтималдығымен айналысуы керек.