Ақтөбеде сабаққа мас күйінде келген бойжеткеннің әрекеті жаға ұстатты
Бұл туралы NUR.KZ тілшісі хабарлайды.
1996 жылы туылған медициналық колледждің 4 курс студенті соңғы курсында оқудан қуылды. Кәмелеттік жасқа толған бойжеткеннің қылығына ұстаздары жағасын ұстап отыр.
Оқиға 21 қыркүйек күні болған. Сол күні әдетінше куратор студенттерді түгендеп, бір бақылап кетейін деп группаға кіреді. Соңғы партада шашын жайып, ұйықтап отырған студенті оятпақ болып, қасына барған. Куратор сол кезде ішімдіктің иісін байқайды.
Студентті наркологиялық диспансерге апарған соң, оның көп мөлшерде ішімдік ішкені анықталды.
«Куратор ол қызды әрең оятып алды. «Неге іштің?» десе «Мен мас емеспін» деп мойындамаған. Өзі біртүрлі қызық жағдай болды. Мас адамның әңгімесі енді ыңғайсыздау болады емес пе?! Біз мұның не, өзің болашық дәрігерсің деп жатырмыз. Ол күліп: «сенбі күні мен денсаулық күнін жақсылап жуып едім…» деп ыржаңдап тұр. Қызбен тәрбие ісі жәніндегі мамандар сөйлесті. Студентті наркологиялық диспансерге апарған соң, оның көп мөлшерде ішімдік ішкені анықталды»,-дейді Ақтөбе медициналық колледжінің бөлім меңгерушісі Ләззат Жүнісова.
Колледж ұжымының айтуынша, студент кураторына ата-анасының телефонын бермеген. Колледж әкімшілігінің қыздың өз арызымен оқудан шығармайсқа амалы қалмаған.
Наркологиялық диспансерге біздің мамандар апарған кезде де оның ондай жерге бірнеше рет түскені белгілі болды.
«Бізде негізгі тәртіп бойынша 60 сағат жіберсе бірден сабақтан шығарылады. Ал, бұл студент қыркүйек басталғалы 42 сағатты негізсіз жіберген. Және қалу себебін түсіндіретін анықтамалары жоқ. «Ауруханада жаттым, жедел жәрдем шақырдым» деп үнемі шындыққа сәйкес келмейтін әңгімелер айтады. Наркологиялық диспансерге біздің мамандар апарған кезде де оның ондай жерге бірнеше рет түскені белгілі болды. Ол жердегі медбикелер «біз бұл қызды танимыз, ішімдік ішкен күйінде бізге жиі түседі» деген. Енді біз ондай адамнан қандай маман жасаймыз?»-дейді Ләззат Жүнісова.
80 жылдық тарихы бар колледж шаңырағында мұндай оқиға бірінші рет тіркелген. Қазір 1633 болашақ медбикеге білім беріп отырған медициналық орталық студенттер тәртібін қатаң бақылауға алды.
Источник: nur.kz