Дұға – мұсылманның қорғаны
Қарапайым көп халықта «Дұға аруақтарға ғана бағышталады» деген жалпылама түсінік бар. Бұл мүмкін кейбір бауырларымыздың дұға дегеніміз не, оның қандай түрлері болады, дұғаны қалай жасау қажет, дұғаның басқа құлшылықтардан артықшылығы неде, содан терең хабардар болмауынан да шығар. Олай болса, біз Аллаһ тағаланың ризашылығы үшін Аллаһ тағаланың атымен дұға туралы әңгімемізді бастасақ.
«Дұға» – араб тілінен енген, «сұрау, шақыру, қалау, жәрдем өтіну» деген мағыналарды білдіретін сөз. Осы мағынаны діни тұрғыда қарастырғанда, Аллаһ тағалаға дұға ету – Жаратқаннан мұсылманның қажетін сұрауы, Оның мейірім-шапағатымен жақсылықты болдырту немесе жамандықты қайтарту мақсатында медет тілеу. Аллаһ тағалаға дұға етудің мәнісі – пендесінің Раббысына мұқтаждығын білдіру; қажетінің өтелуі мақсатында Жаратқан Иесіне мінәжат етуі. Яғни, дұға пендесі мен (құлымен) Алласының арасындағы ең берік байланыс құралы. Өйткені, Аллаһ тағаланың Құран Кәрімде: «Маған дұға етіңдер, сендерге жауап беремін» деген уәдесі бар.
Біздің ұлық Пайғамбарымыз Мұхаммед (с. ғ. с.) дұға туралы былай деген: «Дұға етудің – өзі ғибадат» (Ән Нұғман Ибн Баширдан (р. а.) Имам Тирмизи, Имам Ибн Мажаһ, Имам Әбу Дауд жеткізген), «Ғибадаттың ең абзалы – Аллаһ тағалаға дұға ету!» (Ибн Аббас және Абу Хурайрадан (р. а.) Имам Хаким жеткізген), «Дұға – мүминнің қаруы, діннің тірегі, аспан мен жердің нұры» (Хадисті Абу Хурайрадан (разиаллаһу анһу) Имам Хаким, Әш-Шәукәни жеткізген).
Дұғаның түрлері
Ислам дінінің дағуатшылары дұғаны екі үлкен топқа біріктіріп, талдап, түсіндіруде. Олар:
1. Ғибадат, құлшылық дұғасы. Бұл мұсылмандардың шаһадат кәлималарын айтуы, намаз оқып, ораза ұстап, зекет беріп, қажылық жасап, Аллаһ үшін құрбандық шалып, өздерінің осындай ийамалдары арқылы Жаратқан Иесінен сауап тілеуі, құлшылық жасауы, «Алла – бір, Ислам – хақ» деп Ұлы Ақиқатты мойынсұнуы.
2. Сұрау дұғасы. Бұл мұсылмандардың өздерінің бір қажеттілігін өтіну, тілеу. Сұрау дұғасына қатысты екі түсініктеме бар.
Біріншісі, егерде пенде өзіндей екінші бір пендеден оның қолынан келетін бір нәрсені сұраса, ол серік қосуға жатпайды. Оның қарапайым түрлері: «Маған су алып берші», «Маған нан алып берші» және т. б.
Екіншісі, дұға етушінің жаратылғаннан дұға тілеп, Аллаһтан басқаның күші жетпейтін нәрселерді сұрап, жалбарынуы. «Уа, түгенше әулие, маған бір перзент бере көр», «Уа, пірім, басыма бақ-дәулетті қондыра көр», – деген тәрізді. Жаратқан Иемізден басқадан мұндай өтініштерді тілеу-күпірлік, серік қосушылық.
Негізінен, сұрау дұғасы ғибадат дұүғасының ішінде. Тек дұға мен медет сұрауды (истиғасэ) бір-бірімен шатастырмауымыз қажет.
«Истиғасэ» – көмек сұрау, «Медет сұрау» қиын қыстау жағдайда айтылады. Ал дұға барлық жағдайда да, барлық кезеңдерде де жасала береді, оның ауқымы кең.
Дұға қалай жасалады?
1. Дұғадан бұрын дәрет алынады.
2. Дұға жасаушы Аллаһтың жауап беретініне күмәнсіз сенеді.
3. Дұғаны үлкен ықыласта шын жүректен жасайды.
4. Дұға жасаушы өзінің Аллаһ Тағалаға мұқтаж екенін түсінеді.
5. Құран мен сүннеттен келген жұғаларды қолданады.
6. Аллаһтан қорқып жылайды.
7. Аллаһ тағалаға дұға етудің артықшылығын түсінеді.
Дұға әдептері
1. Дұға Аллаһқа мадақпен басталып, Пайғамбарға (с. ғ. с.) салауат айтумен аяқталады.
2. Дұға кеңшілікте де, қиындықта да жасалады.
3. Өзінің, өзгенің отбасына, мал-мүлкіне, балаларына немесе өзіне қарсы дұға жасалынбайды.
4. Дұға жасағанда дұрыс бәсең (дауыстап және іштен айтудың ортасындағы дыбыста) шығады.
5. Аллаһқа жан-тәнімен беріле мінәжат етіп, жалбарына сұрау айтады.
6. Дұға қайта-қайта жасалады, мұсылмандар өмірінде дұға айту үзілмейді.
Таңнан-таңға дейін айтылатын дұғалар
Мұсылмандардың күнделікті өмірінде арнайы түрде Аллаһ тағалаға дұға арқылы құлшылық жасаудан, аруақтарға дұға бағыштаудан, намаз, ас үстінде, қабір мен киелі орындарда жасалатын дұғалардан басқа да дұғалар аз емес. Соның бірі бүгінгі таңнан екінші таңға дейін әр істе, құбылыста, жағдайда атқарылатыны. Біз бүгін адамның таңертең ұйқыдан тұрып, кешке ұйқыға жатқанша айтылатын дұға түрлерін өздеріңізге ұсынып отырмыз.
1. Ұйқыдан оянғанда: «әлхәмду лилләһил ләзи ахъйәнә бәъдә мә әмәтәнә уә иләйһин-нушур».
(«Бізді өлтіргеннен соң қайта тірілткен Аллаһқа шүкір! Әрі біз оған қайтушымыз»).
2. Киім киінгенде: «Әлхәмду лилләһил мәзи кәсәни һәзә (әс сәубә) уә разәқаниһи мин ғайри хаулин минни уә лә қууәһ».
(«Маған бұл (киімді) кигізген, әрі оны маған өз тарапымнан ешбір күш-қуат жұмсамай тұрып нәсіп еткен Аллаһ (Тағалаға) мақтау-мадақтар болсын!»).
3. Жаңа киім кигенде: «Аллаһуммә ләкәл-хамду әнтә кәсәутәниһ, әс әлукә мин хайриһи уә хайри мә суниъә ләһ, уә әъузу бикә мин шәрриһи уә шәрри мә суниъә ләһ».
(«Ей, Аллаһ! Саған мақтау-мадақтар болсын! Сен маған (киім) кигіздің. Мен сенен оның берекесін тілеймін және қандай жақсылыққа арналса, оның игілігін сұраймын, қандай жаманшылыққа арналса, оның жамандығынан өзіңе сиынамын»).
4. Киімді шешкенде: «Бисмилләһ». («Аллаһтың атымен (бастаймын)»).
5. Әжетханаға кірерде: «(Бисмилләһ) Аллаһуммә инни әъузу бикә минәл – хубси уәл – хабәис».
(«Аллаһтың атымен». Ей, Аллаһ! Шын мәнінде мен ер және әйел жын-шайтандардан Өзіңе сиынамын).
6. Әжетханадан шыққанда: «Ғуфранәк» (Ей, Аллаһ) кешіріміңді сұраймын).
7. Дәрет аларда (жуынып, шайынарда): «Бисмилләһ» («Аллаһтың атымен»).
8. Дәрет алып болғаннан кейін: «Әшһәду әл лә иләһә илләл-лаһу уахдәһу лә расулуһ».
(«Аллаһтан басқа ешбір тәңір жоқ екендігіне куәлік беремін және Мұхаммед Оның құлы әрі елшісі екендігіне куәлік беремін»).
9. Таңды қарсы алғанда: «Аллаһумә бикә асбәхнә, уә бикә әмсайнә, уә бикә нәхйә, уә бикә нәмуту уә иләйкәннушур».
(«Ей, Аллаһ Сенімен таң атырдық және Сенімен кеш батырдық. Сенімен өмір сүреміз, әрі Сенімен көз жұмамыз және қайтар жеріміз Сен жақ»). Дұғадағы «Сенімен» деген сөз «Сенің көмегіңмен» деген мағынада.
10. Кешті қарсы алғанда: «Аллаһуммә бикә әмсайнә, уа бикә асбахнә уә бикә нәхйа уә бикә нәмуту уә иләйкәл мәсыйр».
(«Ей, Аллаһ! Сенімен күн батырдық. Сенімен таң атырдық. Сенімен өмір сүреміз. Сенімен (қалауыңмен) өлеміз және қайтуымыз Сен жақ»).
11. Тамақтанар алдында: «Бисмилләһ». Ұмытып кетсе: «Бисмилләъи фи әууәллиһи уә әхириһи» («Әуелінде де, соңында да Аллаһтың атымен бастаймын»).
12. Тамақтанып болған соң: «Әлхамду лилләһил-ләзи ат-ъамәни һәзә, уә разәқаниһи, мин ғайри хау лимминни уә лә кууәһ».
(«Менен ешқандай күш-қаут талап етпей, мені тамақтандырып, ризықтандырған Аллаһқа шүкір»).
13. Қонақтың тамақ иесіне: «Аллаһуммә бәрик ләһум фи мә разәқтәһум, уәғфир ләһум уәрхамһум».
(«Ей, Аллаһ! Оларға бірден ризық несібеңді берекелі ет, оларды Өзің жарылқа әрі Өзің мәрхамет ете гөр!»).
14. Үйден сыртқа шыққанда: «Бисмилләһ, тәуәккәльту ъаләллаһ, уә лә хаулә уә лә қууәтә иллә билләһ».
(«Аллаһтың атымен, Аллаһқа тәуекел еттім. Аллаһ (Таъаланың) күш-қуатынан асатын ешқнадай күш-қуат жоқ»).
15. Үйге кірерде: «Бисмилләһи уәләжнә, уә бисмилләһи харажнә, уә ъалә раббинә тәуәккәлнә».
(«Аллаһтың атымен кірдік, Аллаһтын атымен шықтық. Раббымызға тәуекел еттік» (Кейін үй ішіндегілерге сәлем юерсін делінген).
16. Көлікке мінгенде: «Бисмилләһ (и), әлхамду лилләһ».
(«Аллаһтың атымен, Аллаһқа шүкір!»).
17. Сәлемдескенде: «Әссәләму ъаләйкум уә рахмәтул-лаһи уә бәракәтуһ».
(«Сіздерге Аллаһтың бейбітшілігі, мейірім мен берекесі болсын!»).
Сәлемді алғанда: «Уф ъаләйкумус-сәләму уә рахмәтуллаһи уә бәракәтуһ».
(«Сізге де Аллаһтың бейбітшілігі, мейірімі мен берекесі болсын!»).
18. Үйде, көшеде түшкіргенде: «Әлхәмду-лилләһ» («Аллаһқа шүкір»).
Қасындағы адам: «Йәрхаму-кәллаһ» («Аллаһтың саған рахымы болсын»).
Оған түшкірген адамның жауабы: «Йәһдикумул – лаһу уә юслиху бәләкум» («Аллаһ сіздерді тура жолға бастап, көңіл-күйлеріңізді түзесін»).
19. Мешітке кірерде: «Әъузу билләһил ъазыйм, уә биуәжһиһил-кәрим, уә султаниһил қадим, минәш-шәйтанир-ражим». («Биссмилләһ, уәсаләту уәс-сәләму ъалә расулилләһ»). «Аллаһуммәф-тәхли әбуәбә рахматик».
(«Ұлы Аллаһқа, Оның ардақты дидарына және Оның ежелгі билігіне лағнетке ұшыраған шайтанның азғыруынан сиынамын (Аллаһтың атымен, Аллаһтың елшісіне Оның тыныштығы мен игілігі болсын!)» Ей, Аллаһ! Маған мейірім есіктеріңді аша гөр).
20. Мешіттен шығарда: «Бисмил-ләһи уәс-саләту уәс-сәләму ъалә расулил-ләһ, Аллаһуммә инни әс әлукә мин фәдлик, Аллаһуммә ъсыймни минәш шәйтанир-ражим».
(«Аллаһтың атымен, Аллаһтың елшісіне ізгі-сәлемдер болсын! Ей, Аллаһ! Шынында мен Сенің кеңшілігінді сұраймын. Ей, Алл! Мені шайтанның азғыруынан сақтай гөр»).
21. Базарға кірерде: «Лә иләһә илләл-лаһу уәхдәһу лә шәрикә ләһу, ләһул-мулку уә ләһулхамду, юхи уә юмиту уә һу уә хайюн лә ямуту, биядиһим-хайр, уә һууә ъалә кулли шәй ин қадир».
(«Аллаһтан басқа ешбір тәңір жоқ. Ол жалғыз және оның серігі жоқ. Мүлік Оған тән және Ол барлық мақтауға лайық. Ол өлтіреді және тірілтеді, ал өзі ешқашан өлмейтін тірі. Жақсылық Оның қолында және Оның күш-құдіреті барлық нәрсеге толық жетеді»).
22. Науқастың көңілін сұрап барғанда: «Лә бә сә таһурун ин шә-Аллаһ».
(«Ештеңе етпейді Инша Аллақ (күнәлардан) тазарсың»).
«Әс-әлул-лаһәл-ъазыймә раббәл ъаршилъазыйми ән-яшфияк» (7 рет).
(«Ұлы Ғаршының Раббы Ұлы Аллаһтан Саған шипа беруін тілеймін»).
23. Ұйықтар алдында: Екі алақанды біріктіре жайып көкірек тұсына әкеліп, Ыхылас, Фатиха, Нас сүрелерін оқиды да, үрлеп алақанына дем салады. Кейін алақандарымен мүмкіндігінше денесін толық сипайды (үш рет).
Немесе, кешке жатарда мұсылман: «Аллаһуммә бисмикә әмууту уә әһиә» – дейді. Мағынасы: «Аллаһ атымен өліп, Аллаһ есімімен тірілемін» (Мұхтасардан).
24. Ұйықтап жатып басқа юүйірге ауысқанда: «Лә иләһә илләл-лаһул-уәхидул-каһһәр, раббус-сәмәуәти уәл-ардый уә мә бәйнәһумәл-ъазизул-ғаффәр».
(«Жалғыз, Аса үстем, көктер мен жердің, әрі екеуінің арасындағылардың тым үстем, аса жарылқаушы Раббысы Аллаһтан басқа ешбір тәңір жоқ»).
25. Ұйқыдан шошып оянып, әбігерленгенде: «Әъузу бикәлимәтил-ләһит тәммәти мин ғадабиһи уә ъиқабиһи уә шәрри ъибәдиһи, уә мин һәмәзәтиш-шәйәтыйни уә ән яхдурун».
(«Аллаһтың толық сөздерімен Оның ашуынан, азабынан, пенделерінің жамандығынан, әрі шайтандардың түрткілеуінен және олардың жаныма келуінен оған сыйынамын»).
26. Қорқынышты түс көргенде: ол өңінде болмауы үшін мұсылман «һууәллаһулләзи...» аятынан бастап Хашир сүресінің соңына дейін оқиды, бір рет Фатиха, он бір рет Ықылас-и шәріпті оқып, Пайғамбарымыздың (с. ғ. с.) рухына бағыштап: «Иә, Раббым, егер осы көрген түсім жақсылық болса, жақсылыққа ауыстыр. Жақсылық болса бізге, жамандық болса, дұшпандарға болсын», – деп дұға етеді («Ғылымхал»-ден).
Мұсылмандар дұғаны жасағанда оның пайдасын осы дүниеде көремін деген ойдан аулақ болғаны абзал. Дұға-ғибадат, пайдасы ахиретте де қажет және де кейбіреулердің дұғаға немқұрайлықпен қарауы да, «дұға жасасам да, жасамасам да тағдырдың жазғанын көре жатармын», – деп айтуы да мүмкін. Үлкен қателік. Себебі, біздің Ұлық Пайғамбарымыз Мұхаммед (с. ғ. с.): «Дұға басымызға түскен және келейін деп тұрған қиындықтан шығуға пайда береді», – деген.
Дұғаларыңыз қабыл болсын, ардақты ағайындар!