Сән мен сымбат
Қыз-келіншектердің қай-қайсы да өзінше көрікті де әдемі болғанымен, олар қашанда бұрынғыдан да сұлу болып көрінуді қалайды. Және оған әрқилы жолдармен қол жеткізеді. Косметологтар мен мамандар, тәжірибелі аналардың бұл бағытта айтатын ақыл-кеңестері мен ойлары аз емес. Аяулы арулар, тыңдап көріңіздер, ұнаса, қолданарсыздар.
Әдемілікке 10 кеңес
1. Таңертең 1 ас қасық зығыр дәнін жеуді әдетке айналдырыңыз. Оны дайындау үшін алдымен дәнді ұсақтап, үстіне жылы су құясыз. Арада жарты сағат уақыт өткен соң дәнді жей беруіңізге болады. Ол ағзаны артық заттардан тазартуға септігін тигізеді. Демек бұл – артық салмақтан арылудың алғашқы баспалдағынан өту үдерісі. Сонымен қатар оның тырнақ пен шаштың қатаюына да көмегі көп.
2. Тамақ рационыңызда қайнатылған қызылша салаты болуы шарт. Салаттың бұл түрін тәулігіне бір рет жеуді ұмытпаңыз. Қызылша қанды тазартады. Демек қан айналым қызметі жақсарғанда тері өзіне қажетті дәрумендерімен толықтай қамтамасыз етіледі.
3. Күнделікті ұйқыға жатар алдында бір сағат бұрын бет теріге глицерин және Е дәрумені бар жақпа (крем) жағу керек. Егер екі дәрумен араласқан жақпа табу қиындық туғызса, оны өзіңіз дайындаңыз. Мәселен 30 гр глицеринге 10 капсула Е дәруменін араластырамыз. Жақпа дайын. Тек есіңізде болсын, оны таза теріге жағу керек. Әйтпесе әсері болмайды. Сондай-ақ таза теріні уқалау арқылы жұмсартып алған дұрыс. Жұмсақ теріге дәрумен тез сіңеді.
Егерде осы әдісті күн сайын қолданатын болсаңыз, таңертең теріңіз ылғалданып, өзіңізді жаңа туған нәрестедей сезінесіз және бұл қартаюдың алдын алады.
4. Тәулігіне кемінде 50 гр жаңғақ жейтін болсаңыз, ағза өзіне қажетті дәрумендерін алып, есесіне есте сақтау қабілетіңіз жақсара түседі. Сұлулық тек сыртта емес, ішкі жан дүниеде дегенді есіңізге түсіріңізші. Яғни, есте сақтау қабілетіңіз жақсарса, берге уәдені ұмытпай, айналаңызға өзіңіз туралы оң пікір қалыптастыра білесіз. Тағы бір атап өтерлігі, жаңғақ шаш пен тырнақтың күтімі үшін аса пайдалы.
5. Әр үш күн сайын шашыңызға маска жасауды дәстүрге айналдырыңыз. Ол үшін құрғақ қышаға өсімдік майын араластырыңыз. Дымқыл шашқа масканы жағып, 20–30 минуттан соң жуып тастайсыз. Масканың бұл түрі шашқа көлем беріп, түсудің алдын алады. Қысқасы, арада бір ай уақыт өткен соң шашыңыз өзіңіз танымастай кейпке енеді.
6. Ұйықтар алдында міндетті түрде жуыну шарт. Содан соң бірнеше тамшы жалбызды балғын майға тамызып, оны аяғыңызға жағыңыз. Мұнан кейін аяққа таза табиғи мақта талшығынан жасалған шұлық киіп жату керек. Әрине, жылдың мезгіліне қарай шұлық түрін ауыстыруға болады. Бірақта, ол табиғи жолмен жасалған матадан тігілгені абзал.
Небәрі 30 күннің ішінде аяқ теріңіз жұмсарып, айналаңыздағылар қызыға қарайтын болады. Бұл әсіресе жаз айларында көптің назарын өзіне аударатыны анық.
7. Енді кірпік күтіміне көшеміз. Ол үшін сізге кірпікке арналған түшьтің бос қорабы қажет. оны жақсылап тазартып жуып аласыз. Әбден кепкен соң оған бидай ұрығынан алынған майды құйыңыз. Күн сайын ұйқыға жатпас бұрын кірпікке түбінен ұзындығына дейін майды жағып шығыңыз. Тек шамадан тыс май жағудың қажеті жоқ. Бұл әдіс кірпікті қатайтып әрі тез өсуіне көмегін тигізеді.
8. Дене терісінің де күтіміне көңіл бөліңіз. Бір стақан теңіз тұзын дәл сондай мөлшердегі қаймақпен араластырасыз. Былау қабылдап болған соң қолға киілетін жөкемен қоспаны алып, мойыннан бастап аяқтың ұшына дейін массаж жасайсыз. Кейін жылы сумен шайыныңыз. Егер жалқаулыққа салынбай, былау қабылдаған сайын бұл әдісті міндетті түрде жасайтын болсаңыз, теріңіз балғындай жұмсарады. Сонымен қатар сырттан келетін жарылу, кую секілді теріс әрекеттерден қорғайды. Егер теріңізде безеулер бар болса, бұл қоспа одан арылудың оңай жолы. жалпы айтқанда терінің әрбір талшығына нәр береді. Айтпақшы, егер қоспаңыз артылып қалса, оны тоңазытқышта сақтауға болады.
9. Тағы да тері күтімі туралы. Ол үшін дәріхана немесе косметикалық дүкеннен амарантты май сатып алуыңыз қажет. Майдың бұл түрінде теріге аса қатежжі компоненттер юар және оны теріге жағар болсаңыз, 100 пайыз сіңіп, әсерін жылдам береді. Бұл арқылы терінің ерте қартаюфына төтеп бере аласыз. Одан өзге күйген, жарақат алған терінің тез қалпына келуіне септігін тигізеді. Оны күн сайын қолдана беруге болады. Әрине, бағасы аса қымбат демесеңіз. Бірақ сұлулық үшін қаржы үнемдеудің қажеті жоқ екенін өзіңіз де жақсы білесіз.
10. Шашыңызды жуып болған соң оны шаю үшін арнайы су дайындап қойыңыз. Ол үшін таза суға бірнеше тамшы (1 литр суға 5 тамшы) жалбызды май тамызыңыз. Әрбір шашты жуған сайын осы суды пайдаланыңыз. Бұл кеңес бас терісіне сергектік сыйлайды. Бас аурудың алдын алып, қайызғақтан арылуда оңай әдіс болып табылады. Шаштың тез майлануына жол бермейді.
Айран – табиғи косметика
Қай халықта да айран ежелден-ақ табиғи нәр мен әр беретін құрал ретінде кеңінен қолданылып келеді. Беттегі, мұрынның айналасындағы теріде қара нүктелер көп болған жағдайда айраннан мынандай тәсілдер арқылы маска-скраб жасап, одан құтылады:
* Сұлы немесе күріш жармасын ұнтақтайды. 1 стақан ұнтақты 1 ас қасық содамен араластырып, банкаға салады да қақпағын мықтап жабады. Енді осы қоспадан 1 ас қасық алып, жарты стақан айранмен араластырады. Дайын қоспамен бет терісін уқалап отырып тазалайды. Мұны аптасына 1–2 рет 5 минуттан жасайды. Бет терісіндегі қалдықты жылы сумен жуып, артынан салқын сумен шаяды.
Құрғақ және қалыпты теріге айраннан керемет крем жасауға болады. Ол үшін бір дана жұмыртқаның сарыуызын 100 мл айранмен араластырып, үстіне 50 мл арақ немесе қияр лосьонын, бірнеше тамшы лимон шырынын тамызады. Крем дайын. Оны ұйқы алдында 3 ас қасық айранға 1 шай қасық өсімдік майын араластырып, қоспаны бет пен мойынға жағып қолданудың да пайдасы күшті. 15–20 минуттан кейін жылы сумен шайып, қалдық майды қағаз салфеткамен сүртеді. Егер бұл қоспаға жұмыртқаның сарыуызын қосса, тітіркену мен тұлеуді басады. Ал майлы теріге 1 дана жұмыртқаның аққуызын 1 шай қасық бал және 3 шай қасық айранмен араластырып қолдану қажет. қоспаны бет терісінде 20 минут ұстап, алдымен жылы сосын салқын сумен шаяды. Нәтижесі тез байқалады: тері жұмсақ, әрі жинақы көрінеді. Майдан тері жылтырап тұрмайды және тері саңылауларын тазалайды.
Әдеміліктің әсерлі әдеттері
* Күнделікті таңертең физикалық жаттығу жұмыстарын жасау арқылы артық салмақтан арылып, дене бітіміңізді бірқалыпта сақтай аласыз. Онымен қоса қан айналымыңыз жақсарып, үнемі сергек жүресіз.
* Тәулігіне кемінде 1,5 литр сұйықтық ішіп жүріңіз. Сонымен қатар алкогольді сусындардан бас тартыңыз.
* Дұрыс тыныға біліңіз. Әйтпесе, жүзіңіз шаршаған күйде көрінеді.
* Ағзаңызда өзгерістер, ауырсынулар юайқалса, дәрігер-маманға қаралыңыз. Оған селсоқ қарасаңыз, күтпеген ауруға шалдығуыңыз мүмкін.
* Жүйкеге салмақ түсірмеңіз.
* Уақытында тамақтаныңыз. Кез-келген асты жемеңіз, әсіресе, майлы да тұздыларын.
* Қандай қиын жағдайда да сабырлылық танытып, дұрыс шешім қабылдауға тырысыңыз. Ашу шақырмаңыз, күйініп, жылап әбігерге түспеңіз.
* * *
Косметолог мамандардың, сұлулық пен сәнділікті сүйетін тәжірибелі аналардың ақыл-кеңестері осындай. Медициналық ғылыми, отбасылық басылымдардағы да «Әйелдер әлемі» атты бөлімдерде ой бөлісіп жүрген қыз-келіншектердің де таным-түсінік, көзқарастары осы ойлармен үндестік тауып жатыр. Олай болса, сұлулық пен сымбат жолындағы әрлену мен нәрлені шараларыңыз сәтті болсын, қыз-келіншектер!