Бензин бағасы алдағы бір ай ішінде тұрақталады - Апталық шолу
АСТАНА. ҚазАқпарат - Нарықтың ұңғыл-шұңғылын зерделеген Үкімет қыркүйектің басында бензин бағасын реттеуден бас тарту туралы шешім қабылдаған болатын. Валюталық бағамды еркіне жібергеннен соң, іле-шала бензин бағасын бұғаудан босату шындығында жұртшылықты біршама әбіргерге салғаны анық. Бірден айта кетерлігі, Үкімет бұндай қадамға жанармай тапшылығын болдырмау үшін барды. Сонымен қатар, атқарушы билік алдағы бір ай ішінде Қазақстандағы бензин бағасының тұрақталатынына сендіріп отыр. Осы аптада ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Энергетика министрінің бірінші орынбасары Ұзақбай Қарабалин жанар-жағармай мәселесіне қатысты түсінік беріп, жағдайдың жай-жапсарын ашып көрсеткен болатын.