ru24.pro
Новости по-русски
Декабрь
2020

Тарбағатайлық мүмкіндігі шектеулі жан ескі үйде үреймен күн кешіп отыр

"Тағдыр басыңа нені салса, соны көресің" демекші, ол өзінің дәл осындай хәлге түсерін ойлап та көрмепті. Ауруы асқынған науқастың өмірін сақтап қалу үшін дәрігерлер оның бір аяғын тізеден жоғары кескен. Содан бері балдағын жанынан тастаған емес.

"Сендей мүгедек мың адам бар"

Басы ауырып, балтыры сыздаған мүгедек жанның көңілін кім түсінсін. Кейіпкеріміздің қызметтік әдептен аттаған Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің Шығыс Қазақстан облысы бойынша департаментіне өкпесі қара қазандай.
- Жолдасым қант диабетімен ауырғанына 15 жылдай уақыт болды. Бастапқыда сауығып кететін шығар деген үмітпен өмір сүрдік. Өкінішке қарай, ауру күн сайын асқына түсіп, ақыры бір аяғынан айырды. 2015 жылы бірінші рет бақайларынан кесті. Кейін іріңдеп, шіріген бөліктерін кесіп отырды. Қырсық бір айналдырса, шыр айналдырады екен. Соңғы жылдары жүрегі ауыратынды шығарды. Ашуланса, мазасызданса, дірілдеп құлап қалады. Бізге ең қиыны жыл сайын Ақжар, Ақсуат және қалалық ауруханаларға бару. Жол азабын көтере алмаймыз. Оның үстіне жағдайымыздың да келісіп тұрғаны шамалы. Өскемендегі Дигностикалық орталыққа барғанымызда аурумызды анықтайтын қағаз беріп, арба беру керектігін айтты. Жолдасыма мүгедектік анықтама құжатын алу үшін Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің Шығыс Қазақстан облысы бойынша департаментіне бардық. Бірақ ондағы қызметкерлер бізбен жылы сөйлескеннің орнына айқайлап, "Сендер аяқтарыңа протез салуларың керек. Әйтпесе сендерді 3-топқа шығарып тастаймыз. Сендей мүгедек мың адам бар" деп дүрсе қоя берді. Сол кезде жолдасым құлап жерде жатса да, қол ұшын созған ешкім болмады. Ол жерге қай бір жетіскенімізден бардық дейсіз, - дейді Қадыр Садыковтың жұбайы Майгүл Смагулова.
Десе де, Майгүл Смагулова аталған мекеменің талаптары науқас жолдасына тиімсіз екенін де айтты.
- Бұған дейін протез салған кісілерден сұрастырсақ, протез аяқты қажайды екен. Ал қант диабетімен ауырған адам денесіне кішкене жарақат түссе, асқынып кететінін оларға ұқтыра алмай-ақ қойдым. Жолдасымның аяғына еш жарақат түспеуі керек. Ерекше күтіммен ғана отыр. Әйтпегенде тағы да іріңдеп кетеді, - дейді ол.
Оның айтуынша, жолдасының алатын жәрдемақысы дәрі-дәрмегінен аспайтын көрінеді. Тіпті кейбір керекті дәрілерді алуға жетпей қалады екен.
- Қазір жолдасым балдақпен жүр. Кейде құлап қалады. Сүйеп тұрғыза алмаймын. Жергілікті аурухана кейбір дәрілерді тегін береді. Десе де, нақты қажетті дәрілерді алуға ақшамыз жетпейді. Жолдасымның алатын жәрдемақысы дәрі-дәрмегінен аспайды. Оның үстіне күнделікті азық-түлігіміз тағы бар. Айналып келгенде жағдайымыз күн сайын төмендеп барады, - дейді Майгүл Ильясқызы.

"Әкімінен халқым озып тұр"

Кейіпкеріміздің ем-домына кейде көрші-қолаң, дос-жарандары көп көмектеседі екен. "Әкімінен халқым озып тұр" деген ол жергілікті әкімдіктен еш қолдау болмағанын айтып отыр.
- Кейде дәрі-дәрмегімізге ақшамыз жетпей қалғанда дос-жарандарымыз келіп жәрдемдесіп жатады. Биыл көмірсіз қалдым. Көмірдің бағасы удай қымбат. Шамам келмеді. Әйтеуір ақша болғанда бір-екі мөшек қана сатып ала аламын. Әйтпесе тонналап алғанға жағдайым жоқ. Өткен жылы кәсіпкер Бауыржан Қожахметов екі тонна көмір түсіріп берсе, биыл ауылымыздағы "Ниет" еріктілері ағаш отын түсіріп берді. Осы азаматтарға алғысым шексіз. Ауылдық әкім жағдайымызды біледі. Бірақ елеп-ескерген де жоқ. Олар әкім болғанша ғана бір-екі жыл үй-үйді аралап келіп тұрады да кейін арқаны кеңге салып, естімей кетеді. Жуықта "Nur Otan" партиясы ауылдағы көмекке мұқтаж және жәрдемақысы төмен отбасыларға 50 мың теңге көмек ақша берді. Оны да ала алмай отырмын. Біздің пенсиямыз бұрын 32 мың теңге шамасында болды. Биыл 49 мыңға көтерді. Дәрі-дәрмекке ай сайын 40 мың теңгедей кетеді. Әкімдікке айтсақ, "сендер ол санатқа жатпайсыңдар" дейді. "Nur Otan-ға" айтсақ, "әкімдерің біледі" деп қысқа қайырды, - дейді Қадыр Садыковтың жұбайы.

"Бере қоятын ештеңем жоқ"

Қадыр Садыков бұған дейін мал бағып, құрылыстарда еңбек еткен. Жәрдемақылары жарылқамайтынын сезген Майгүл Ильясқызы аз тиынға сеп болсын деген ниетпен жұмыс іздеп мекемелердің табалдырығын тоздырады.
- Бұған дейін елдің үйін тазалап, ауласын сыпырып күн көріп келдім. Елдің бәрі күнде үйін тазалата бермейді ғой. Сол себепті мектептерге, әкімдікке жұмыс іздеп, еден жууға сұранған едім, жұмыс жоқ деп қайтарып жіберді. Міне, осылай жұмыс істейін деген адамға жұмыс табылмайды. Барлық жерге өздерінің таныс-білістерін кіргізіп қойған. Оларға бірдеңе берсең ғана кіресің. Әйтпесе қиын. Өкінішке қарай, менде ондай бере қоятын ештеңем жоқ, - дейді ол әңгімесін жалғап.
Майгүл Смагулова 550 мың теңге қайтарымсыз грант алып, тігін кәсібін ашуды көздейді. Бірақ бұның өзін аудан әкімі өзі араласқан соң әрең алған.
- 550 мың теңге қайтарымсыз грантқа бірнеше рет құжаттар өткіздім. Ауыл әкімі құжаттарды жоғалтып жіберіпті. Мүгедек кісіні бағып отырсам да, қайта-қайта жүгіріп, сол кездегі аудан әкімі Серікқазы Сәдуақасовтың арқасында әрең жинап бітірдім. Сол ақшаға үш тігін машинасын алып, үйде іс тігумен айналысып отырмын. Маған қазір керегі: үй мәселесі мен жолдасымның мүгедектігін 1-топқа өзгертіп берсе деймін, - дейді Майгүл Смагулова.

Әкімдік не дейді?

Ерлі-зайыптылардың тұрып жатқан үйі 1969 жылы салынған екен. Кейін қабырғалары қоспасынан ажырай бастаған.
- Үйіміз құлағалы тұр. Аудан әкімі Асхат Смаиловтың арқасында үйдің апатты жағдайда екені туралы анықтама қағазын алдық. Үш жыл қатарынан мәслихат депутаты Болат Нұрпейісов келіп үйді көріп, фотоға түсіріп кетеді. Бірақ еш нәтижесін көріп отырғанымыз жоқ. Сонда олардың бізді мазақ қылғаны ма? Әкімнің орынбасары да келіп көріп кетті. Ең сорақысы былтыр тағы да аудан әкімінің орынбасары Ержан Сабырбаевқа жағдайымды айтып хат жаздым. Ол маған "Толық емес отбасы" ретінде үй кезегіне тіркелуге кеңес берді. Сонда мен мүгедек жолдасымды өлді деп жазуым керек пе? Түк түсінбедім, - дейді Майгүл Смагулова.
Мәселенің мән-жайын білу үшін аудандық және ауылдық әкімдікке де хабарластық.
- Қазір ауылда үй кезегінде 5 адам тұр. Үй салынбаған соң биыл ешкімге үй берілмеді. Аталған отбасыға да үй бере алмаймын. Егер үй салынса, береміз. Ауылдағы бір кәсіпкер ол кісіге үй алып берем деген. Бірақ Қадыр Садықов үйден бас тартты. Сонымен бірге, Майгүл Смагуловаға қайтарымсыз грант алып бердік. Оған көмір де, ұн да берілді. Оның күйеуі өмірі жұмыс істемеген. Қант диабеті ауруы елдің бәрінде бар. Ауылда көмекке мұқтаж жандарға қажетті көмек жасалып жатыр. Адам берген сайын алғысы келе береді. Жұмыс істегісі келмейді. Бұл кісінің балалары да отбасына көмектесуі керек, - дейді Маңырақ ауылдық округінің әкімі Әбілқайыр Қожахметов.
"Жұмыс істегісі келмейді" деген әкімнің сөзін түсіне алмағанымыз рас. Сонда Майүл Смагулованың істейтін жұмыс таба алмай жүргенін әкім ескермеген бе? Жоқ әлде кейіпкеріміз айтқандай жұмыс берушіге "бірдеңе" беру керек пе еді?
- Тарбағатай ауданы бойынша 396 адам баспана кезегінде тұр. Қадыр Садықов тұрғын үйі апатты деп танылған азамат ретінде аудан бойынша №22 ретпен үй кезегінде тұр. Үй кезегіне осы жылдың 13 қарашасында тіркелген. Жеке меншік тұрғын үйінің апаттылығын анықтау мақсатында аталған азамат ақылы негізде мемлекеттік лицензиясы бар тәуелсіз сарапшыны шақыртып, қарау жасатты. Сараптама нәтижесі бойынша үй апаттық жағдайда деп танылды. Бұған дейін ол халықтың осал топтарына жатпағандықтан, тұрғын үй кезегіне тіркелуге мүмкіндігі болмаған. Сонымен бірге, бос жұмыс орны болмағандықтан "Жұмыспен қамту орталығына" қажетті құжаттарын жинап, жұмыссыз ретінде тіркелуге болады, - дейді Тарбағатай ауданы әкімінің орынбасары Ахмет Аққазин.