ru24.pro
Новости по-русски
Май
2015

Бау-бақша зиянкестері

Көктем келісімен бау-бақшада жұмыс көбейеді. Жеміс ағаштарының діңгегін ақтау, жан-жағын тазалау, гүл көшеттерін күтімге алу, жаңадан тал, бұта, гүлдерді отырғызу, картоп, көкөністерді өсіруге жерін қопсытып, тырмалап дайындау, зиянкестерге қарсы түрлі химикаттарды шашу тәрізді шаруаларды өз уақытында атқару қажет. Әсіресе, көктем шыға қысқы ұйқысынан оянған түрлі бау-бақша зиянкестерін бас көтертпей құртпасаң, дұрыс өнім ала алмайсың, бау-бақшаң да гүлдеп, жайнап, көркеймейді.

Бақшалық біте. Оны шіркей деп те атайды. Ол өсімдіктің сөлімен қоректенетін зиянкес. Және де өсімдіктер арасына саңырауқұлақ жұқпалары мен вирустарын таратушы. Бақшалық бітенің қас жауы – қанқыз. Сыртқы түсі ашық қызыл, улы жәндік. Құстар оны жемейді. Осы қанқыз бақша бітесінің көзін жояды.
Өсімдік бітесі бар жерде құмырсқа да ұя салады. Олар бір-бірімен «дос». Бітеге қарсы химиялық дәріні жылына кемінде үш рет сепкен жөн. Бірінші рет – көктемде, өсімдіктер қарқынды өсіп келе жатқанында. Екінші рет – екі аптадан соң. Үшінші рет – өсімдік гүлдегеннен кейін. Өнім жинар алдында 3–4 апта ішінде әлгі химикат өсімдіктерге себілмеуге тиісті. Бітеге қарсы түрлі химикаттар қолданылады, оны бау-бақша дүкенінен, арнайы маманның ақыл-кеңесімен ғана сатып алған дұрыс.

Өрмек торлы «егеуші». Орыс тіліндегі атауы – «пилильщик». Өсімдіктің сабағы мен жапырағын өзінің өрмекші торымен көмкеріп тастайды. Өсімдікке егеуші түссе, жапырағы мен сабағы кеміріліп, бүрісіп, осы бүріскен жапырақтардың ішінде оның жұмыртқалары жасырынылады. Егеуші түссе, шиенің жапырағы қараяды, жемісі жұмсарады. Ортасындағы дәні сұйыққа толып, бұзылады.
Егеуші жер бетінде барлық жерге жұмыртқалай береді. Жұмыртқалары бақша өнімінің 70 пайызына дейін зақымдай алады. Өйткені, бір құрттың өзі бірнеше жемісті жейді. Орташа есеппен алғанда бір егеуші құртының жейтін жемісі – 4 алма. Осы орайда егеушінің бір аналығының 80 жұмыртқа салатынын еске алсақ, бұл бақша зиянкесінің біреуінен қаншама кесепаттың төніп тұрғанын оңай аңғаруға болады.
Егеушіге қарсы химиялық дәрілерді уақытылы өсімдіктерге сеуіп тұру қажет. Алғашқы себу көктемде, өсімдік әлі гүлдемей тұрғанда жасалады. Енді жеміс ағаштары гүлдеп болған кезде, себуді тағы да қайталайды. Дәріні таңертең және кешке себеді. Құрт түскен жемістер ерте үзіледі. Оларды дереу жинап алып, аулаққа апарып өртейді. Бақшада қалса, қайтадан құрттар көбейеді.
Пияз және сарымсақ зиянкестері. Олармен бірге пиязшықты әртүрлі аула гүлдерінің де зиянкестері бар. Оны бірден байқау қиын. Негізінен пиязшықты өсімдіктердің ең басты зиянкесі – ұлу, одан басқасы – пияз кенесі мен пияз шыбыны. Осындай (пияз, сарымсақ) көкөністер өсірген жерде қырықаяқ та кездеседі. Ол зиянкес емес, керісінше, ауру жапырақ пен тамырларды шірітіп, топыраққа пайда келтірушілер. Тек жауынды күндері пияздың басына өрмелеп, таңқурайға шығып, оларға зиянын да тигізеді. Өте қауіпті емес.
Пиязшықты өсімдік зиянкестеріне қарсы темекі үгіндісі мен әк қоспасы күшті құрал. Тең мөлшерде бұларды араластырып, пияз бен сарымсақ және өзге де пиязшықты гүлдердің түбіне апарып себеді.
Түнгі көбелек. Құрттары өте белсенді. Күндіз кездестіру қиын. Түнде күшті қимылдайтындықтан, олармен күресті кеш болғансоң-ақ бастаған жөн. Түнгі көбелектің құрттары бәрін де талғамай жей беретіндіктен, өте зиянды. Бұлар: бақшалық көбелек немесе қырыққабат көбелегі, олардың құрттары тым көбейіп кетсе, бақшаның сау тамтығы қалмайды. Осы зиянкестерге қарсы дәрі себіледі немесе кәдімгі жусан қолданылады.
Жұлдызқұрт. Оңай ажыратасың. Жиырылып, созылып, адымдап кетіп бара жатқандай қозғалады. Бау-бақша өсімдіктеріне, көптеген жасыл желекке қауіпті. Оған арнайы дәрілер пайдаланылады. Құстар да жұлдызқұрттың қас жауы. Сол себепті бақшадан ұсақ құстарды көп үркітпеген дұрыс.
Бұл зиянкесті болдырмау үшін күзде әйтпесе көктемде жиналған жапырақтарды, өсімдіктерді қалдықтарын бірден құрту қажет. Өртейді, алысқа апарып тастайды. Бақша бұрышында өткен жылдан жапырақ үйіндісі қалып қойса, жұлдыздықұрттың ұя салғаны. Сақ болыңыз.
Дрозофила шыбындары. Жаз маусымының екінші жартысында пайда болатын ұсақ шыбындар. Ұрық шашады. Өсімдік нәрімен қоректенуші. Шірік басқан алманың саңырауқұлақтарын басқа сау жемістерге таратып, ағашын ауыртады.
Көктемнен бастап оған қарсы күрес шаралары жүргізіледі. Дәрі себіледі. Ағаш діндері мен түбін айналдыра арнайы препараттармен өңдеу қажет. Қыста ағаш басында қалған кепкін жемістердің де көзін жойған жөн. Оның ішінде дрозофила шыбындарының жұмыртқалары қалады. Бақша шетінде жиналған арамшөптерге үйір.

«Шаңырақ» энциклопедиясы:
«Зиянкестердің қыстап шығатын тобына – өсімдік битіне, бүргешіркей, сымырлар және басқа насекомдардың (қиянкестердің) жұмыртқаларына қарсы ағаштар мен бұталарды ерте көктемде (бүршік жарғанша) жасыл сабынның (10 л суға 300–500 г) ерітіндісімен немесе карбофоспен (эмульсияның 3 пайыздық ертіндісі) бүрку керек. Мұнымен қоса өсімдіктерді аурулардан қорғау үшін оларға бүршік жарғанға дейін темір тотияйынын (10 л суға 500 г) бүріккен дұрыс.
Өсімдіктердің ауруға шалдыққан-шалдықпағанын және зиянкестер түскен-түспегенін анықтау үшін оларды көктемде және жаз бойы қарап отыру керек. Өсімдіктерге өрмекші кенесі және кенелердің басқа түрлері түскен болса, хлорофос ертіндісін (10 л суға 10 г) 7–10 күн сайын қайталап бүркіп отыру ұсынылады. Өсімдік жейтін кенелермен күресу үшін ағаштар мен бұталарға, сондай-ақ эфирсульфонатқа (10 л суға 3 г) хлорофос (10 г) қосып бүріккен дұрыс.
Өсімдіктерде өсімдік биті, трипстер, сілекей пенницасы, раушан цикадкасы және басқа да соратын зиянкестер пайда болғанда, сондай-ақ сирень, терек күйелеріне, жапырақ ширатқылардың көбелектері ұшып шығатын кезде, сымырлардың, жапырақ жейтін кеміргіш зиянкестердің (жұлдызқұрт, жапырақ жейтін қоңыздар, уховерткалар, бізтұмсық, бүргелер және басқалары) жас личинкаларына қарсы хлорофос ерітіндісін (10 л суға 10 г) бүрку керек. Жұлдызқұрттармен және личинкалармен күресте өсімдіктерді картоп сабағының тұнбасымен (10 л суға картоптың 1,2 келі таза сабағын алады да, 2–3 сағат тұндырады) бүріккен жақсы нәтиже береді. Қызанақ пәлегінің қайнатқан суын (400 г жасыл массаны 10 л суға салып, 30 минут қайнатады), сарымсақ сөлін (40–50 г сарымсақты езіп, 10 л суға салып араластырады), пияз қабығының тұнбасын (пияздың жарты шелек қабығына температурасы 60–70 ыстық су құйып, бір тәулік тұндырады, пайдаланар алдында екі есе сұйылтады) қолдануға да болады. Жаз бойына өсімдіктерде ауру пайда болғанда 1 пайыздық мыс тотияйынын, саңырауқұлақ ауруларына қарсы 0,5 пайыздық хлорлы мыс тотығын, сабынды мыс ерітіндісін (10 л суға 20 г мыс тотияйыны, 200 г жасыл сабын салынады) бүрку керек.
Өсімдіктерді улы химикаттармен таңертең және кешке ашық, әрі тынық күндері дәрілеу ұсынылады. Күйдіріп алмас үшін күндізгі аптап ыстықта бүркуге болмайды. Улы химикаттар жапырақтардың астына да, үстіне де тиюі қажет. Өсімдіктерге химикаттарды арнаулы бүріккіш аппараттармен бүркуге, қол тозаңдатқыштармен немесе екі қабат дәкеден тігіліп, бір метр таяқтың басына ілінген қалтамен тозаңдауға болады. Улы химикаттармен жұмыс істегенде сақтану шараларын ескеріп, жұмысты халат киіп істеу, ауыз бен мұрынды екі қабат дәкемен таңып алу қажет. Жұмыс істеген кезде тамақ ішуге, шылым шегуге, бұл жұмысты балаларға істетуге болмайды. Жұмыстан соң беті-қолды сабындап жуып, ауызды сумен шаю керек.
Зиянды насекомдардың табиғи жаулары – сарышымшық, бозторғай, қараторғай, қаратамақ. Бұл құстарды учаскеге келтіру үшін әр учаскеге құстың 3–4 үйшігін орнатып, оларға ұя салып қойған жақсы. Құстарды үстемелеп қоректендіру үшін «жемшашар» – биіктігі 2–3 метр науасы бар тақтайша (50х50 см) бекітіп қою ұсынылады». (ҚКЭ-ның Бас редакциясы, Алматы, 1989 ж.).

Бау-бақша өсімдіктерінің аурулары
Боз шірік (сұр зең). Өсімдіктер көбінесе жаздың екінші жартысында осындай аурумен зақымданады. Өсімдіктердің зақымданған талшықтары қоңырқай тартады, күреңітеді, сосын жұмсарып шіриді. Сыртында сұрғылт түсті қалың қабат пайда болады. Көп ұзамай өсімдік тұтастай ауруға ұшырайды, қурап, құриды.

Күрес шаралары: өсімдіктер сирегірек отырғызылады, ауаның жақсы желдетуіне жол ашылады. Зақымданған бөліктерді қиып, алып тастайды, өртейді, дәрі себеді.

Өсімдік таттары. Таушымылдықты саңырауқұлақтардың екі түрі зақымдап, таттайды. Жазғы және қысқы спорлар – таушымылдықта, ал көктемгі спорлар – кәдімгі қарағайда паразиттік тіршілік етеді. Өсімдіктер зақымданғанда өзінде сәл дүмпиген төмпешіктер әйтпесе спорлар қоныстанған дақтар жиналады. Төмпешіктер реңі әртүрлі: көктемде көбінесе қызғылт-сары, жазда – ашық қоңыр немесе тотық түсті, күзде – күңгірт қызыл немесе қара түсті. Таттанғанда өсімдіктер солғын тартады, жапырақтары бүріседі, сабағының, өркендерінің, гүлі мен жемістерінің түрі өзгереді.
Күрес шаралары: зақымданған өркендер мен сабақтарды кесіп, жояды, түскен жапырақтарын да жинап алады. Жыртылатын тереңдікте топырағын қазып, қопсытады, жыртады. Дәрілер себеді.

Тамыр шірігі ауруы. Таушымылдықта туады. Топырақтың беткі қабатындағы саңырауқұлақтар мен бактериялар әкелетін ауру. Тамыр жүйесі қоңырқай тартады, жұмсарады, шіриді. Зақымданған тамырлардың сыртында қызғылтым, сұрғылт немесе қоңырлау түсті мең тәрізді қабат пайда болады. Өсімдік мүлдем солып қалады. Саңырауқұлақтар мен бактериялар таушымылдықты теңбілдік ауруына ұшыратқанда, өсімдікте шеру дақтары пайда болады, өсе келе бір-бірімен ұштасып кетеді.
Күрес шаралары: зақымданған өркендерді кеседі, жояды. Агротехниканы сақтай отырып, дәрі себеді, вегетация кезінде өсімдіктерді таза ұстайды, отырғызылатын материалдарды мұқият іріктеп алады.

Мозайка – вирустық ауру. Оған шалдыққанда жапырақтарда қошқыл-жасыл және ашық-жасыл дақтар орын алады. Жапырақтар кейде бырысып, ширатылып та қалады.
Күрес шаралары: ауруға шалдықпаған өсімдіктерді отырғызады, вегетация кезеңінде өсімдіктің жай-күйін бақылайды, ауруға шалдыққанын кесіп, жояды, арамшөптен тазартады.
Қазір көктем күніне еніп, бау-бақша, саяжайларда жұмыс қызды. Жеміс ағаштары, гүлдер, картоп отырғызылып, жерді өңдеу, көкөніс өсірілетін алаңқайлар тазартылып, қопсытылып, тыңайтылуда. Осы кезде бау-бақша зиянкестеріне қарсы да күрес шараларын ұйымдастыру басты шарт. Жұмыстарыңыз жемісін төксін, бау-бақша, саяжай иелері.