ru24.pro
Все новости
Сентябрь
2024

Құрылғысы күмәнді жаңбыр сатушы

0

Маусым айының ортасынан бері әлеуметтік желілерде Арал теңізін жаңбыр суына толтырып, технология көмегімен оны қалыпқа келтіруге уәде беріп жүрген Алтай Айнабектің видеолары тарай бастады. Әйтсе де, өзін климаттық технологиялар саласының маманы ретінде таныстыратын Айнабектің айтып жүрген технологиясының еш ғылыми негізі жоқ.

Алтай Айнабек Instagram парақшасында елдің қай нүктесінде болсын жобаны талқылауға әзір екенін жазды. Бірақ «Власть» журналистері әлеуметтік желі арқылы да, қоңырау шалып та онымен байланысқа шыға алмады. Парақшасында Айнабектің PR және медиамен байланысына жауап беретін режиссер Мұрат Сайфуллаевтың нөмірі көрсетілген.

«Ақбота, жаным, қарындасым, ол бұл туралы [технологиясы туралы – В.] көп жерде айтты ғой. Бұдан пайда бар ма? Аралға, қазақтарға жаныңыз аши ма, жалпы? Жауап беріңізші, мен режиссермін ғой және бұл туралы түсіремін», – деді Сайфуллаев «Власть» журналисі Ақбота Узбекбайдың қоңырау шалғанда қойған сұрақтарына.

«Журналист ретінде Роза Бағланованы қолдайсыз ба? Роза апаға қарсысыз ба?» – деді Сайфуллаев. Шамасы, әнші Роза Бағланованың 1988 жылы Алматыдағы орталық комитет пленумында Арал проблемасын айтқанын меңзесе керек.

Сайфуллаев Айнабек қолданатын технологиялар туралы айтудан бас тартты, әңгімені басқа жаққа бұрып, мемлекеттің жұмысы туралы жазып, сұрақты шенеуніктерге қоюды сұрады.

«Ғылымға сүйеніп отыра берсең, халық өле береді. <…> Ең кесірі болып тұрғаны – ғылыми біліміміз жоқ, – дейді Сайфуллаев. – Қазір ғылымға қарап отыра беретін уақыт жоқ».

Сайфуллаев бізді Айнабекпен байланыстырудан бас тартты. 

Мұрат Сайфуллаев (сол жақтағы) және Алтай Айнабек, Айнабектің YouTube арнасындағы видео скрині

Әлеуметтік желілерде өте белсенді, өзін «қазақтың Тони Старкі» немесе Rainman («Жаңбыр адамы») деп атайтын Айнабектің өзі туралы ақпарат жоқтың қасы: ашық деректерде оның ғылыми дәрежесі мен ғылыми еңбектері туралы мәлімет жоқ.

Linkedin парақшасында Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінде инженер ісін оқығаны, Алматы менеджмент университетінде іскерлік әкімшілік магистрі атағын алғаны көрсетілген. Бір қызығы, «Көреміз» ток-шоуына келген ол өзінің 4 мамандығы барын, біріншісі – инженерлік, екіншісі – қаржы магистрі, қалған екеуінің есінен шығып кеткенін айтады.

«Өзімнің есімнен шығып кетті. Олармен жұмыс істемегенмін да мен», – деді ол.

Бағдарламада, сондай-ақ, Айнабектің Алматы менеджмент университетіндегі оқуынан оқу ақысын төлей алмағандықтан шығарылғаны да айтылады.

2022 жылдың наурыз айында Айнабек Instagram парақшасында International Center of Climate Change Technologies компаниясының басшысы атанғанын жазған. Оның сөзінше, бұл компания «жасыл инновациялық технологиялар, заманауи климаттық қатерді азайту және көміртекті бейтарап экономикаға көшу бойынша кешенді климаттық шешімдер саласында әлемдегі көшбасшы». Ол, сондай-ақ, бірнеше сағат ішінде-ақ Алматыдағы ауа сапасын жақсарта алатынын айтады.

International Center of Climate Change Technologies компаниясы Әбу-Дабиде құрылған. Сайтта компанияның «ауа райын басқарудың сенімді технологияларын жасау, дамыту, климаттық қауіптерді азайту және табиғи апаттардың алдын алу үшін 20 жылдан астам тәжірибесі бар үздік мамандарды тарту» үшін жұмыс істейтіні көрсетілген. 

Сурет Алтай Айнабектің әлеуметтік желілердегі парақшасынан алынды

Компания сайтында қызметкерлері туралы ақпарат жоқ деуге болады, болса да аты-жөні және қызметі ғана көрсетілген, ал толық ақпаратқа жетектеуі қажет сілтеме бізді басты бетке өткізеді. Компания сайтында Айнабектен басқа алты адам көрсетілген. Оның ішінде 2011 жылы Пәкістанның Pakistan Steel Mills ірі ұлттық компаниясы бас директорының міндетін атқарушы қызметінен шеттетілген компанияның Пәкістандағы өкілі Имтиаз Хан Лоди бар. Тергеу барысында оның дипломдары өтірік екені анықталған.

Ауа райын бақылау жүйесі бөлімінің басшысы Сергей Бологуров Айнабекпен бірге технологияны ойлап тапқан адам ретінде көрсетілген. Технология штаб пәтері Мәскеуде орналасқан халықаралық Еуразиялық патент ұйымынан еуразиялық патент алған. Ұйымға Еуразиялық патент конвенциясын бекіткен 8 мемлекет мүше: Қазақстан, Әзербайжан, Армения, Беларусь, Ресей, Тәжікстан, Қырғызстан және Түркіменстан.

Айта кететіні, аты-жөні дәл осындай адам 2003 жылы Ресейдің патент және тауар таңбалары агенттігінде тіркелген басқа бір технологияны ойлап табушы және патент иеленушінің бірі. Технология сұлбасы мен жұмыс принципі Айнабек және Бологуров қолданып жүрген технологияға ұқсас. 

patentimages.storage.googleapis.com сайтының скрині

Алтай Айнабектің YouTube арнасындағы видео скрині

Ғылыми негізі жоқ

Айнабек бір видеосында технологиясының жұмыс принципін барынша қарапайым түсіндіріп берген. Жіңішке электр сымдары арқылы теріс зарядталған иондар ағынын атмосфераға жібереді екен. Айтуына қарағанда, Аралға оның үстіндегі жоғары кернеу кедергі келтіріп, бұлттардың теңізге қарай жылжуына мүмкіндік бермейді. Ал жоғары ағын бұл иондарды атмосфераға «атқылайды». Осылайша жаңбыр жауғызатын бұлттар Арал теңізіне қарай жылжиды. 

Еуразия патент мекемесінің құжатында нәтижеге «стационарлық, жылжымалы және ауадағы иондық генераторлар (ионизаторлар) және шашылатын жоғары тиімді экологиялық таза реагенттерді қолдану арқылы атмосфераның төменгі қабаттарына иондалған ауа ағындарының әсерінің синергиясы арқасында қол жеткізіледі» делінген.

«Власть» сауалына берген жауабында «Қазгидромет» иондау әдісін әлемдегі ғылыми қауымдастық мойындамайтынын хабарлады. Иондау электр өрістерін, лазерлік технологияларды және акустикалық толқындарды қолданатын әдістер секілді Дүниежүзілік метеорологиялық ұйым ғылыми тұрғыдан жарамды деп танымайтын балама әдістің бірі.

«Оқиғалардың болжамды тізбегінің ешқайсы бүкіл аймақ бойынша бақылау немесе сандық модельдеу барысында расталған жоқ. Негізгі иондық әсерлер бұлтты камерада маңызды болуы мүмкін, бірақ бұл әсерлердің атмосфераға экстраполяциясының ғылыми негізі жоқ. Дәл қазір бұл жауын-шашын мөлшеріне әсері бар дейтіндей ешқандай ғылыми негіз жоқ», – делінген ұйымның есебінде.

«Қазгидромет», сондай-ақ, Біріккен Араб Әмірліктері Ұлттық метеорология орталығының ресми жауабына сәйкес, БАӘ-де 2001, 2006 және 2007 жылдары жауын-шашын мөлшерін иондау арқылы арттыруға арналған үш эксперименттің «сәтсіз өткенін әрі үміт күтерлік нәтиже көрсетпегенін» мәлімдеді.

Бұдан кейін БАӘ жауын-шашын бағдарламасының (UAEREP) шолу комитеті сәтті нәтиже мен ғылыми негізделген дәлелдердің болмауына байланысты осыған ұқсас ұсыныстарды қабылдамады, ал БАӘ Ұлттық метеорология орталығының басшылығы «иондау секілді экспериментпен айналыспауға шақырады».

Метеорология ұйымы жауын-шашын мөлшерін арттыру технологиялары табиғи процестерді жеделдетуге немесе модельдеуге бағытталғанын және тек жергілікті ауқымда жүзеге асырылуы мүмкін екенін атап өтті. Жауын-шашынды ойдағыдай арттыру үшін белгілі бір жерде белсенді әсері болуы үшін қолайлы жағдай қажет. Эксперимент кезінде әлеуметтік-экономикалық және экологиялық факторларды да ескеру қажет.

Зерттеуші және география ғылымдарының докторы Александр Чередниченко иондау процесінің физикасы күмән тудыратынын, патенттің тұжырымы бұлтты егу әдісін көрсетуі мүмкін екенін айтады.

«Тұжырымдаманың өзінде «cтационар, мобильді және аэромобильді құрылғылардың көмегімен атмосфераның төменгі қабаттарына шашылатын өте тиімді экологиялық таза реагенттер» деген жаңылыс сөз бар, бұл жағдайда неғұрлым жетілдірілген қарапайым белсенді әсерлер туралы сөз болып жатыр», – деп түсіндіреді Чередниченко.

Дүниежүзілік метеорологиялық ұйым (ДМҰ) бұлтты себуді ғана дәстүрлі және ғылыми дәлелденген әдіс ретінде мойындайды, ол оңтайлы жағдайларда жауын-шашынды 25%-ға дейін арттыра алады. Бұлтты себу – жауын-шашын тудыратын қажетті бөлшектерді бұлттарға енгізу әдісі. Чередниченко бұл әдіс бөлшектерді енгізу әдісімен немесе бөлшектердің құрамымен ғана ерекшеленуі мүмкін, мәселе оның құны мен әсер ету ауқымында дейді. 

Gulfnews.com суреті

«Қазір бөлшектерді ұшақтан бұлтқа тікелей «жүктеуден» бастап, зымыран немесе артиллериялық снарядтармен жеткізуге дейін бөлшектерді тасымалдаудың көптеген әдісі бар. Қазіргі уақытта ұшқышсыз ұшу аппараттарын пайдаланатын қашықтағы әдістердің болашағы бар, бірақ олардың биіктігі, жұмыс жағдайы, жүк көтергіштігі және басқа жағынан физикалық шектеулер бар», – дейді Чередниченко.

Әйтсе де, бұл әдістің шектеулері бар: ДМҰ дерегінше, ол белгілі бір бұлттарда және белгілі бір жағдайларда ғана жұмыс істейді.

«Белсенді әсерлердің өзі жауын-шашынға алып келеді, бірақ жауын-шашын тек бұлттардан, әсіресе тік бұлттардан түсуі мүмкін, ал басқа бұлт жүйесінен нәтиже өте әлсіз немесе мүлдем болмайды», – дейді Чередниченко.

Сонымен қатар, жауын-шашын мөлшерін арттыру үшін тиісті климаттық әлеует қажет дейді «Қазгидромет». Отандық метеоролог ғалымдардың зерттеулері жауын-шашынды арттыруға еліміздің солтүстік облыстарының ғана әлеуеті жететінін, ал Қазақстанның басқа аймақтарында көрсеткіш мардымсыз екенін көрсетті.

Чередниченко, сондай-ақ, Айнабектің электр өрісінің әсері мен құрамы және даладағы кернеу туралы пікірі жауын-шашынмен жанама түрде ғана байланысты екенін айтып өтті.

Жалпы айтқанда, ғалымның сөзіне қарағанда, жаңбыр шақыратын белсенді араласу «салыстырмалы түрде жас сала». Бүгінге дейін әсер етудің шағын аймақтары туралы айтып келдік, ал оның әсер ету фактісін растау өте қиын.

«Атап айтқанда, Ресейде елдің шығыс бөлігіндегі тайга үстіндегі орман өрттерін сөндіру үшін жасанды жауын-шашын қолданылады, бірақ Кавказ аймағы үшін бұршақ жауудың алдын алу үшін қазірдің өзінде реактив жүйелер қолданылады. Кез келген қоғамдық іс-шара кезінде «жақсы ауа райын» жасау үшін Мәскеуде бірнеше рет іс-шара өткізілген. Біріккен Араб Әмірліктері мен Қытай ыстық ауа райында қалалық аймақтарға қолайлы жергілікті жағдай жасауға тырысып жатқаны бұқаралық ақпарат құралдарынан белгілі.

Бірқатар ел бұл әдісті даму және климаттың өзгеруіне бейімдеу стратегиясына енгізуді қарастырып жатыр. Дегенмен, ауқымы мен құнына қатысты шектеулер болғандықтан, бұл процестердің климаттық әсері туралы айтуға әлі ерте.

«Жауын-шашын ауданы әдетте футбол алаңының өлшемінен жүздеген осындай алаңға дейін саналады. Климаттың әсері туралы айту үшін мұндай шараларды үнемі өткізіп отыру қажет, бұл өте қымбат. Сондықтан да көбіне белсенді процестер бұршақ сияқты жергілікті қауіпті жою үшін немесе белгілі бір аумақта жауын-шашын үшін қолданылады. Содан кейін әсер ету ізі жоғалады», – дейді Чередниченко.

Жауын-шашын болатыны әуелден белгілі болды

Айнабек шамамен Арал тұсындағы жауын-шашын видеоларынан басқа технологиясының әсерін дәлелдейтін ешқандай статистика не дерек келтірмейді. «Қазгидромет» дерегі бойынша, Қызылорда облысындағы жауын-шашын режимі жыларалық жоғары құбылмалықпен сипатталады. Облыста жылына ең көп жауын-шашын көктем мен күзде тіркеледі, ал жаз өте құрғақ өтеді. Жаз айларында (маусым, шілде, тамыз) жауын-шашын мөлшері небәрі 2-ден 8 мм-ге дейін жетеді, бірақ кейбір жылдары тәуліктегі жауын-шашын мөлшері көп болуы мүмкін.

«Кейбір жылдары жауын-шашынның нормадан тыс мөлшері бір тәулікте түсуі мүмкін, бұл климаттық нормадан 1000% артық. Атап айтқанда, мұндай төтенше жағдайлар соңғы бірнеше онжылдықта болды», – делінген «Қазгидромет» мәлімдемесінде.

Мекеменің хабарына қарағанда, Қызылорда облысындағы жазғы жаңбыр табиғи синоптикалық жағдайларға байланысты болған және 10 күнге дейінгі дәлдікпен алдын ала болжанған. Ал маусым-шілде айларындағы жауын-шашын мөлшері көпжылдық орташа шамаға жуық және одан аз.

«Синоптикалық талдауға сәйкес, 2024 жылғы мамырдан шілдеге дейінгі кезеңде Солтүстік жарты шардың жоғарғы атмосферасында ауа температурасының қарама-қайшылығы және қысым түзілімдерінің жиі қозғалысы байқалды. Осы кезеңде Қазақстан аумағында циклон белсенділігі басым болды, ол әртүрлі қарқындағы жауын-шашынды тудырды. Сондай-ақ, 2023-2024 жылдар аралығындағы Эль-Ниньоның оң белсенді фазасы жоғары ендіктер атмосферасында ылғалдың артуына ықпал етті», – деп хабарлады «Қазгидромет».

Мамыр айында жаңбыр Оңтүстік Каспий және Оңтүстік циклондардың әсерінен жауды. Маусым айында ауа райына Оңтүстік және Атлант циклондары әсер етті, соның салдарынан 6–9 және 22–30 маусымда 0,1–4 мм жауын-шашын түсті. Шілдеде (1–22 шілде) облыс аумағы 0,1–13 мм-ге дейін жауын-шашын әкелген белсенді емес Оңтүстік циклонының ықпалында болды.

«Бұл таза алаяқтық» 

Айнабек әлеуметтік желілердегі парақшасында Маңғыстау облысында сынақтың сәтті өткенін айтады. 2021 жылдың тамызында Айнабектің технологиясы өңірдегі кәсіпкерлер палатасының отырысында таныстырылды дейді «Атамекен» ҰКП. Сол кезде мәжіліс депутаты және өңірлік палата төрағасы Еділ Жаңбыршин облыстағы қуаңшылық пен малдың қырылуы мәселесін шешу жолында бұл жобаны қолдаған. 

Сонда Айнабек облыста бес құрылғы орнататынын әрі «бір ай ішінде нәтиже көрсететінін» айтқан. Ол, сондай-ақ, құрылғының бір жылдың қызметі 5 миллион еуроға шығатынын, бірақ компания оның 3–3,8 миллион еуросын өзі жабатынын айтқан.

2021 жылдың қыркүйек айында тапсырыс беруші «Грант Қазақстан» корпоратив қоры, Алтай Айнабектің мердігер компаниясы Central Asian Center of Climate Change Technologies ЖШС және реттеуші әрі қадағалаушы орган ретінде Маңғыстау әкімдігі арасында облыста 13 ай мерзімге атмосфералық жауын-шашын мөлшерін арттыру бойынша тәжірибелік-демонстрациялық жұмыстар жүргізу туралы үшжақты келісімге қол қойылған. Мердігер компания Маңғыстау облысындағы шамамен 100 мың шаршы шақырым аумақта маусымдық жауын-шашынның орташа жылдық жауын-шашыннан 30 пайыздан асып кетпеуін қамтамасыз етуге тиіс болды.

Маңғыстау облысының баспасөз қызметі корпоратив қор мердігерге «төлем жасайды», дегенмен, 2021 жылдың 12 қарашасында қор мердігерге күздің аяғында және қыста жауын-шашынның көбеюі мал-жайдың жаппай жойылу қаупін тудыруы мүмкін екенін хабарлап, жауын-шашынды көбейту бойынша демонстрация жұмыстарын 2022 жылдың көктеміне қалдыруды ұсынды.

«Қазір мердігер Central Asian Center of Climate Change Technologies ЖШС тарапынан жұмысты қайта бастау туралы ресми хат алған жоқ», – деп қосты облыс әкімдігі.

2022 жылдың мамыр айында Айнабек технологияның жұмысын су тасқыны мен селмен байланыстыра отырып, 2022 жылдың наурыз айында «құралдың жұмысын қалпына келтіргенін» хабарлады. Оның айтуынша, бұл облыс әкімдігінің қуатты арттыруды талап етуінен болған. Сондай-ақ, ол әкімдіктің жұмысты жалғастыруға мүдделі еместігін айтып, бұлай болса, өңірде құрғақшылық болады деп қорқытты. 

Сол кезде Айнабек «Грант Қазақстан» қоры 1,2 миллион еуроны жинай алмағанын да хабарлады. Бұл қорға кәсіпкерлер мен меценаттар қайырымдылық жасап, олар 100 мың доллар жинап үлгерді. Ауыл шаруашылығы саласының сарапшысы Кирилл Павловтың айтуынша, 2022 жылдың наурыз айында Shopan-ata қойшылар қауымдастығы ұйымдастырған өңір шаруаларының басқосуында 100 мың долларға келісім жасалған. Жиында Еділ Жаңбыршин мен оның мәжілістегі әріптесі Самат Мұсабаев тағы да сөз сөйлеп, шаруаларды 100 мың доллар жинауға шақырған.

Кейін Жаңбыршин Павловпен сөйлескен тұсында жағдай туралы пікірін айтудан бас тартып, құрылғыларды құрғандарға жүгінуді ұсынды. «Менің бұл іске қатысым жоқ», – деді ол.

Shopan-ata қойшылар бірлестігінің басшысы Алмасбек Садырбаев сауалды мәжіліс депутаттары Жаңбыршин мен Мұсабаевқа жолдау керегін айтты.

«Солар қоздырып отыр. Бұл таза алаяқтық», – деді ол күліп.

Алтай Айнабек пен оның пиар маманы Марат Сайфуллаев әлеуметтік желілердегі жұмысын белсенді жүргізеді. Экология министрі бұл технологияға сенбеуді, ал ауыл шаруашылығы вице-министрі бұл мәселе бойынша «шетелден мамандардың келгенін», әйтсе де, бұл технологияның не ешқандай ғылыми негізі, не тәжірибесі жоқ екенін айтты. 2023 жылдың мамыр айында Айнабек пен оның командасы Аралды сақтау бойынша халықаралық қормен бірге бір жылдық меморандумға қол қойған, әйтсе де, қор істің меморандумнан әрі жылжымағанын хабарлады. Қор дирекциясы Айнабектің технологиясын қолданбаған, бұған қаражат бөлмеген де.

Ал бұл уақытта Айнабектің пиар маманы Мұрат Сайфуллаев «Аралды қайтару» операциясы туралы үш бөлімнен тұратын фильм түсіріп үлгерді.