«Стоп, ночь!»
Өндіруші: Қазақстан
Шыққан жылы: 2024
Ұзақтығы: 97 минут
Режиссері: Фархат Шәріпов
Рөлдерде: Кемеңгер Орал, Қарлығаш Ермекова, Жасмина Нұрахмет
Бейбіт — сүйкімді, сұңғақ, сымбатты, шашы ұзын жігіт. Түрі де, қылығы да рок-жұлдызға келеді. Ата-анасы жақсы адамдар, сүйікті жарымен бақытты өмір сүріп жатыр. Келіншегі Алма жуырда ғана тұңғышын босанды. Бұған қоса ол жақсы танылып келе жатқан топтың әншісі, ақын әрі композитор. Өмірінде бәрі оңынан болып жатыр.
Жиырмадан жаңа асқан жігітті алғашқы жетістіктерінің артынан атақпен және ақшамен бірге келетін ауыр сынақ күтіп тұр. Оның үстіне, жас ата-ана болу деген келіншегіңмен бірге балаңды жетектеп, Терреңқұрда серуендеп жүргенде, айналаның бәрі сенімен бірге ән салып тұрғандай болғанда ғана көз тоятын көрініс.
Бір кездері шабытыңа шабыт қосып, романтикаға толы әңгіме айтатын әйеліңнің ендігі әңгімесі бала бағудың айналасынан аспайды. Сондай сәтте Бейбіт түнгі Алматының жарқыраған сейіл-серуеніне асығады, клубқа, достарына, музыкаға және ғажап болып елестейтін бұрынғы сыныптас қызға қарай құстай ұшады…
«Стоп, ночь!» қазіргі Қазақстан киносының мюзиклді киножанр ретінде ойнатуға тырысқан салмақты талпынысы деуге болады. Фильм jukebox-musical форматында қойылған, яғни музыкалық нөмірлер экранда/сахнада баяндалатын оқиғаға арнайы жазылады, ал оқиғаның өзі бұрыннан белгілі әнге құрылады. Бұл жанрдағы фильмдердің жарқын мысалына «Мамма мия!» және «Ғасырлық рок» (Rock of Ages) фильмдерін, сондай-ақ белгілі бір орындаушының немесе ұжымның репертуарындағы хиттер бойынша қойылған барлық мюзиклді жатқызуға болады, мысалы, The Queen, Тина Тернер, Майкл Джексон, Spice Girls және тағы да басқалары шоу жасады. «Стоп, ночь» — тұтас фильмге азық боларлық материал бере алатын, мейлінше ұзақ та бай өмірі мен репертуары бар белді қазақстандық топ — A-Studio каталогы бойынша қойылған.
Музыканттар бұған дейін де «Джулия» мюзиклін қойған, ауыз толтырып айтатындай жетістікке жетпесе де, Алматы мен Астананың театрларында бірнеше жылдан бері қойылып жүр. Енді үлкен экрандардың кезегі келді, бұл жерде фильм жасаушылар қалыптасқан жолды таңдаудан бас тартыпты. Сахналық мюзиклін киноформатқа бейімдеудің орнына, бөлек шығарма жасау керек деп шешіпті. Ол прокатқа 5 қыркүйектен бастап шықты.
Бұл фильмге қатысты тағы бір қызық жағдай болып жатыр, фильмнің екі нұсқасы бар дейді. Біреуі продюсерлік, Байғали Серкебаевтың нұсқасы (A-Studio тобының фронтмені және көркемдік жетекшісі). Осы пікірді жазып отырған автор соны тамашалады.
Екіншісі — режиссерлік, Фархат Шәріповтің нұсқасы. Оны жақын күндері көрсетеміз деп уәде берді. Көрермен қай нұсқасын көрсе де, «Стоп, ночь!» Джекилл мен Хайд синдромына шалдығады деп пайымдауға болады. Фильмді болмысынан ажыратып қайта монтаждау мүмкін емес.
Туындыны екі жақсы фильм деуге болады. Біріншісі — мюзикл. Керемет түсірілген, жақсы қойылған, хореографиясы тамаша. Картинаға A-Studio тобының көпшіліктің сүйікті шығармасына айналған белгілі әндерінің барлығы бірдей кірген жоқ, оның үстіне 90-жылдары атағы дүркіреп тұрған шағында топ шығарған альбомдардағы әр ән халыққа тарап кетуші еді.
Бірақ фильмге енген әндер аудиторияның жүрегіне де, құлағына да жетті — олар жақсы әрі шебер өңделген, сюжеті орынды, орындауы жақсы әрі баяғыша хит әндер қатарында. Би қоюшылар ерекше мақтауға лайық — бірнеше нөмірді осы жанрдағы үздік шығарма десек, артық айтқанымыз болмас. Әсіресе, әуежай мен түнгі клубтағы көрініс ерекше әсерлі.
Екінші фильмді асығыс үйленіп, балалы болған, алайда отбасы болып өмір сүруге дым дайын емес, сондықтан зардабын өзі ғана көріп қоймай, өзгелерге де көрсетіп жүрген бозбала туралы күшті заманауи драма деуге болады. Кейіпкер бірінші кезекте әйеліне дерт болады. Бұл фильмді Шәріпов қана адамды сендіретіндей етіп түсіре алады, өйткені «Схема» арқылы да, «Тұлғалық өсу тренингі» арқылы да режиссер Қазақстанның қазіргі өмірін ең көреген бақылаушы және баяндаушы екенін көрсеткен. Алма (Ермекова) мен Бейбіт (Орал) рөлін ойнайтындар арасындағы сахнадан кейде тіксініп қаласың, жас жұбайлар арасындағы араздық ашық зорлыққа түсіп кетпей, өмір шындығына сай көрсетілген. Бұрынғы достарымен жанжал да, бас кейіпкердің әкесімен әңгімесі де шынайы.
Сонымен, атауы бірдей екі фильм бар, екеуі де жақсы. Олай болса, не дұрыс емес дейсіз ғой?
Өкінішке қарай, бәрі дұрыс емес. Франкенштейннің құбыжығы екі әлемнің ортасында қалып қояды, ешбірімен үйлеспейді. Әлеуметтік драма ретінде оған ашылуға, өз кейіпкерін қажет өзгерістер арқылы алып шығуға және финалға титтей де болса драматургиялық нәтижемен жетуге уақыт та, ниет те жетіспейді. Әділін айту керек — соңында Бейбітті хәппи-енд күтіп тұр десе болады, бірақ бұл финалға қандай жетістігінің арқасында қол жеткізгені мүлдем түсініксіз: оның бар істегені — сәл есейді, өзін жексұрын қылып көрсетуді сәл азайтты. Оның үстіне өмірлік маңызы бар сәтті тосыннан кейіпкерлердің биі мен әні үзіп тастай береді — жаңа ғана бір-біріне қол жұмсауға сәл қалған жандар кенеттен билей жөнеледі. Ән сала жөнеледі.
Мюзикл ретінде фильм тіптен іске алғысыз.
Мюзиклді бәрін істей беруге болатын, иланғыш көрермен бәріне сеніп қалып, кешіре салатын жеңілтек жанр деп пайымдау дұрыс емес. Осы жолдардың авторы бұрыннан кинодағы болсын, сахнадағы болсын, телевидениедегі болсын, мюзикл жанрының жанкүйері. Талайын көріп, оның біразы сүйікті мюзиклге айналып та үлгерді, соның ішінде Лондонның Уест-Енді мен Нью-Йорктің Бродвейі де бар. Отыз жылдан бергі сіңірген дүниелерден шыққан басты түйін — мюзикл тым әртүрлі болуы мүмкін. Бұл жанрдың аясында бәрін керемет қылып жасауға болады, «Иисус Христос — Супержұлдыз» секілді діни жаңалыққа да, «Суини Тодд» секілді хоррорға да орын бар.
Мұнда комедия, мелодрама, фэнтези мен ғылыми фантастика, драма мен әлеуметтік сатира, гротеск пен абсурд, лирика мен эротика жасала береді. Мюзикл көрерменді эскапизм патшалығына — оны шын өмірден өткен шаққа немесе қиялға әкетіп (өйткені жанр Le Misérables секілді өткен шаққа жіберетін тарихи сюжеттерді немесе жақында шығатын Wicked секілді фентезиді жақсы көреді), оның бетіне шындық айнасын тосуға тиіс. Сұрақ қойып, жауабын ұсынбаса да, сол туралы ойлану тәсілін беруге тиіс екенін ұмытпаған жөн. Сондай-ақ жанрға юмор тән. Ол бас кейіпкердің айналасында өрбитін сюжетімен қандай оқиғаға ұрынса да жиіркеніш тудырмайтындай болуға тиіс. Оған жаны ашитындай болуы керек.
«Стоп, ночь!» қанша күш салса да, осы жағынан алып шыға алмады. Екі түрлі фильмнен құралған химера болып шыққан, көргеннен кейін күрделі, бірақ түсініксіз сезім қалады. Нағыз мюзикл катарсис беріп, жаныңды жанашырлық арқылы тазартуы керек. Мына фильм әлем де, ондағы кейбір мюзикл де мінсіз емес деген түйінге ғана итермелейді. Тек режиссер Алманы Бейбітке оралуға мәжбүрлемегені үшін, соған талғамы мен ұяты жеткені үшін қуанып қаласың. Алманың көршілеріне арқа сүйеп, Бейбітті өмірінен қуып жіберуі — мюзиклде де, драмада да ең күшті сахна.