ru24.pro
Все новости
Август
2024

Бұл «Жат» бұрынғыдан өзгерек

0

Биыл «Жат» («Alien») франшизасы қырық бес жылдығын атап өтті, бұл атаулы күнді осы тақырыптағы релизбен дүркіретіп атап өтпесе, Disney компаниясына (20 Century Fox студиясының бүкіл каталогы енді соған тиесілі) сын болар еді. Ридли Скоттың «Жат» әлемін кеңейтем деген әрекеті сәтсіз болып, көрерменін абдыратқаны бар, сол себепті серияны бұрынғы ізіне қайтарып қана қоймай, оның келешегіне үміт беру қажет болды. Бұрын «Зұлым өліктер» (“The Evil Dead”) франшизасын үлкен экранға қайтара алған қоюшы режиссер Феде Альварес мұны да жүзеге асыра алған тәрізді: әу бастан «Жат: Ромулға» қатысты сын лайықты болды және кассаны жақсы жинап жатыр.

«Ромул» — қараусыз қалған ғарыш станциясындағы бір модульдің атымен аталған жаңа бөлім, ксеноморфтармен ақырғы шайқас та осында өтеді. Осы жолы сюжет Weyland-Yutani мегакорпорациясының бақылауындағы Джексон колония-планетасынан шыққан шахтерлердің балалары төңірегінде өрбиді. 

Отардағылар құлдықтан құтылу үшін бәріне дайын. Бір күні оларда осындай мүмкіндік пайда болады. Күннің кешкі шапағын өз көзімен көруді армандайтын жетім Рейн мен бағдарламасы оны қорғауға арналған андроид Энди достарынан жақсы өмір іздеу үшін ұзақ саяхаттауға қажет болатын қараусыз жатқан криоген камераларын қолды қылу мақсатымен иесіз қалған «Ренессанс» зерттеу станциясына аттануға ұсыныс алады. 

Бортқа енгеннен кейін қарақшылар командасы қасқөй ксеноморфтардың үлкен тобының және корпорация идеясына берік Рук деген андроидтың тұзағына ілігеді. Хронологиясы бойынша картина «Жаттың» бірінші және екінші бөлімдерінің ортасында тұр және осы екі жауһардың өзінше бір миксі тәрізді: бұл жерде ғарыш кемесінің қараңғы дәліздерінің тар атмосферасына да, құбыжықтармен әсерлі де ауқымды шайқасқа да орын бар. Өзінің аты аңызға айналған әріптестерінің деңгейіне Альварес жете алмас, бірақ батыл шығармашылық шешімдерінің және серияның басқа фильмдеріне ізетті (әрі орынды) құрметінің арқасында оның хикаясы рейтингтерде басқа картиналардың үздігін ығыстыруға әбден қауқарлы.

Киносериалдар үшін бірінші бөлімнің (әдетте олар ең табысты болады) сюжет эстафетасын жалғастыруға немесе оны іліп әкетуге тырысу соңғы жылдары прокатта үлкен табысқа айналып жүр. Ескіріп қалған франшизаның бірінші және екінші фильмдері арасында өрбитін былтырғы «Ара 10» хиті хронологияға деген жаңа көзқарасымен және түп тамырына оралғанымен күтпеген жерден сыншылар мен көрермендерді бағындырды. Сюжеті бойынша «Жаңа үміттен» бұрын өрбитін «Жұлдыздар соғысының» «Күрескер-бір» деп аталатын спин-оффы «диснейлік» дәуірдегі барлық фильм арасында көрерменнің ең жоғары бағасына ие болды — фанаттар осы шпиондық экшнды ретімен шыққан бөлімдерден де жоғары қойды.

«Жатқа» да осындай тәсілдің қолданылуы тегін емес — негізін қалаушылардың бірі серияны артық қыламын деп тыртық қылды. Сэр Ридли Скотты толғандырған сұрақтарға жауап іздеу әрекеті жаңа сұрақтар тудырды, ал LV-426 планетоидында болған оқиғалардың себептері атақты ғарыш хоррорының көрерменіне құпия күйінде қалды. Скотт жаһандағы ең жойқын жаратылыстың шығу тегі туралы приквел-трилогиясының соңғы фильмін түсіруді жоспарлап қойған еді, алайда оның жоспары іске асқан жоқ. Маэстро өз хикаясын негізгі желіден алыстатып жібергенін, «Прометей» мен «Өсиеттегі» пәлсапалық ізденісін өзінің 1979 жылғы картасының сюжетімен байланыстыруға мүдделі болмағанын ескерсек, көптен күткен жауаптарды алмауымыз да мүмкін еді. Сондықтан студияның басымдықты басқа арнаға бұруы, қай мағынада да қан жаңартуы франшизаға пайдалы болғаны анық.

Феде Альварес «Жаттың» бұрыннан табынушысы екені, оның мәнін түсінетіні байқалады. Ол бұрынғы фильмдердің ең жақсы тұстарын алып, бұған сәл фансервис сеуіп, бәріне таныс рецепт бойынша тағам пісіріп шығарды. Кей жерінде фильм шынымен фанаттар түсірген қымбат фильмді еске түсіреді: бұнда танымал болып кеткен сөздер айтылады, сюжет ішіне мұқият қосылған «пасха жұмыртқалары» көзге түсіп қалады, тіпті аниматроника мен компьютерлік графика көмегімен салынған таныс кейіпкер де пайда болады. Айтпақшы, осы тұсы табынушыларды екі тарапқа бөліп, мұндай әрекеттің этикалық жағы біраз айтыс тудырды. Бірақ Disney араласқан жерде осылай ностальгиямен ойнау болып тұрады. Аз бюджетті «Деміңді шығарма» дилогиясынан тәжірибе жинаған режиссер қанды хоррор мен жалынды экшн арасында тепе-теңдікті шеберлікпен ұстай отырып, серияның негізгі элементтері әр кадрдан сезіліп тұратын шиеленіс, түпнұсқа фильмдерді есте қаларлықтай деңгейге жеткізген — кетпей тұрып алатын қатер мен клаустрофобия сезімі екенін ұмытпаған. Айтпақшы бұл жерде Альвареске Бенджамин Уоллфиштің ғажап саундтрегі де көмектесті.  

Феде Альварес табынушы ретінде серияның мұрасына ұқыпты қарап қана қоймай, көрерменге болашақта талай қайталап айтуға болатын бірқатар эпизод та сыйлады. Қоюшының басты жетістігі деп негізгі серияның алты фильмінің әрқайсына батыл құрметін айтуға болады. Фанаттар арасында алғашқы екі бөлімінен басқаларына мадақ айтыла бермейді, бірақ режиссері мен сценарисі өзгелерден де шабыт ала білген — тіпті, осыған дейін, жұмсартып айтқанда, даулы деп саналған идеялардың интерпретациясы жаңа мәнге ие болды. Бір қызығы, оқиғасы басқа ғарыш құбыжығы — Жыртқыш (Predator) әлемінде өрбитін «Олжа» (“Prey”) стриминг хитінде Ден Трахтенберг те осыған ұқсас нәрсені іске асырған болатын. Сұхбаттарда осы екі құбыжықты экранда тағы да бір-біріне қарсы қою туралы сұраққа Феде Альварес бұны Трахтенбергпен бірлесіп істеуге келісемін деп жауап беруі тегін емес.

«Ромулдың» жетістігіне енді танылып келе жатқан Кейли Спейни бастаған актерлер құрамы да біраз үлес қосты, бұл актриса биыл экранда екі рет көрініп үлгерді — алдымен София Копполаның «Присцилла» байопигінде, сосын Алекс Гарлендтің атышулы «Азамат соғысында». Жас актрисаның талантына қарамастан, екінші дәрежелі рөлді ойнаған Дэвид Джонсон назарды көбірек бұрғаны қызық жайт. Ол Энди деген синтетикті ойнайды, оның Спейнидің кейіпкерін қорғауға арналған бағдарламасы жаңа директиваларға қарсылық танытады. Әртістің тамаша ойыны хикая қарқынын қызық қыла түседі, адам мен жасанды интеллект арасындағы қарым-қатынасқа жаңа қыр береді.

Алайда, шетелдік баспасөз фильмді қанша мақтаса да, «Ромулдан» көп нәрсе күтудің керегі жоқ. Иә, сырт көзге Ридли Скоттың сол бір «Жаты» деуге болады — егжей-тегжейін анықтап көру мүмкін емес сол аниматрон ксеноморф, әр қалтарысында қауіп жасырынған өлі интерьер. Нықтап қарқын алатын сюжеті Камеронның жауһарын еске түсіреді. Алайда концепт тұрғысынан фильм серияға жаңа ешнәрсе қоспайды. Біраздан соң авторлар қолданатын барлық сценарий трюгі бұрын басқа жерде бір емес, бірнеше рет пайдаланылды деген ой мазалай бастайды. Жаңа заманның басқа сиквелдерінен «Ромулды» өзгелешеп тұрғаны — осы трюктердің соншалықты талантпен қолданылғаны. Сондықтан дұрыс ден қойса картинадан ләззат алуға болады.

Алайда Скоттың дилогиясынан шыққан сұрақтарға жауап күтудің қажеті жоқ. «Тыныш мекеннің» жақында шыққан приквелі секілді «Жат: Ромул» мифологияны еш толықтырмайтын, алайда таныс әлемге оралуға, оның кейіпкерлеріне болысуға мүмкіндік беретін дербес оқиға. Қырық жылдай уақыттан бері оңала алмай келе жатқан, алайда әлі күнге дейін өзіне деген сенімді жоғалта қоймаған франшиза үшін көптен күткен алға жетелеуші қадам болады деп үміттенгіміз келеді. Ерте ме, кеш пе, шыдамды фанаттардың күткені орындалар, бұған «Ромулдың» қосқан үлесін елеусіз қалдыруға болмайды.