ru24.pro
World News in Kazakh
Ноябрь
2026
1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28 29
30

ҰҚК 60 жастағы шетелдік әйелге іздеу жариялады: ол туралы не белгілі?

0

ҰҚК 60 жастағы шетелдік Петра Ное есімді әйелге іздеу салды. Бұл туралы Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі органының порталында жарияланған ақпараттан белгілі болды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Жарияланған мәліметке сәйкес, іздестіру ісі сенбі, 28 қарашада тіркелген.
Биыл жазда 60 жасқа толған шетелдік әйелді ҰҚК-нің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметі іздестіріп жатыр. Оның қай елдің азаматы екені және нақты қандай күдікке ілінгені әзірге белгісіз.
Осыған байланысты Tengrinews.kz редакциясы ҰҚК баспасөз қызметіне ресми сауал жолдады.
qamqor.gov.kz сайтынан алынған скриншот
Қазақстан қор биржасының (KASE) сайтынан "Жайықмұнай" ЖШС-нің 2015 жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша серіктестікке үлестес тұлғалар (жеке және заңды тұлғалар) туралы мәлімет қамтылған листинг келісімі талаптарының орындалуы жөніндегі есебін таптық. Құжатта аты-жөні ұқсас адам бірнеше рет кездеседі. Есепте оның есімі Petra Noé деп көрсетілген. Үлестес тұлғалар тізімінде бұл есім екі бөлімде бес рет жазылған.
Үлестес жеке тұлғалар бөлімінде ол екі рет көрсетілген. Бірінші жағдайда оның 2004 жылғы 17 желтоқсаннан бастап бельгиялық Probel Capital Management N.V. компаниясының директоры болып тағайындалуы үлестестікке негіз болған. Екінші жағдайда 2012 жылғы 13 маусымнан бастап ұлыбританиялық Nostrum Oil & Gas UK Limited компаниясының директоры қызметіне тағайындалғаны көрсетілген. Екі жазбада да тұрғылықты мекенжайы ретінде Бельгияның Бланден қаласындағы мекенжай берілген.
Құжаттан алынған скриншот
Бұдан бөлек, Петра Ное үлестес заңды тұлғалар бөлімінде бірінші басшы ретінде тағы үш рет аталады. Атап айтқанда, ол бельгиялық Nostrum Services N.V. холдинг компаниясының, Лондонда орналасқан Nostrum Oil & Gas UK Limited сервис компаниясының және Брюссельде тіркелген Nostrum Services CIS BVBA сервис компаниясының бірінші басшысы ретінде көрсетілген.
Бір қызығы, есепте Петра Ноенің есімі Фрэнк Монстрейдің (Frank Monstrey) аты-жөнімен қатар кездеседі. Биыл мамырда дәл осындай аты-жөні бар адамды да ҰҚК-нің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметі іздеуге жариялаған болатын.

Ашық дереккөздерде Фрэнк Джозеф Монстрей бельгиялық кәсіпкер әрі инвестор, мұнай саласындағы бұрынғы ірі магнат ретінде сипатталады. Оның Қазақстандағы негізгі бизнес жобасы - кейін Nostrum Oil & Gas атауын алған "Жайықмұнай" мұнай-газ компаниясы. Кейін ол компанияны Лондон қор биржасына шығарып, мұнай-газ саласындағы қызметін тоқтатқан.
Бірқатар жарияланымда Фрэнк Монстрейдің аты қашқын қылмыскер Мұхтар Әблязовпен ықтимал байланысы және Nostrum Oil & Gas компаниясының активтеріне қатысты даулар аясында аталған. Бұл туралы біз бұған дейінгі материалымызда толығырақ жазған едік.

Біз тапқан құжатта Петра Ное мен Фрэнк Монстрейдің арасындағы қарым-қатынас сипаты нақты көрсетілмеген. Дегенмен олардың есімдері бірқатар компанияның басшылары қатарында кездеседі. Атап айтқанда, екеуі де Бельгиядағы Nostrum Services N.V. холдингтік компаниясы мен Брюссельде орналасқан Nostrum Services CIS BVBA сервистік құрылымының бірінші басшылары ретінде көрсетілген.
Құжаттан алынған скриншот
Құжаттан алынған скриншот
Сонымен қатар, есепте Nostrum Oil & Gas PLC компаниясының директоры ретінде екінші есімінсіз көрсетілген Монстрейдің тұрғылықты мекенжайы Петра Ноенің мекенжайымен бірдей. Екеуіне де Бельгияның Бланден қаласындағы O-L Vrouwstraat 72, 3052 Blanden мекенжайы көрсетілген.
Құжаттан алынған скриншот
Маңызды: редакция KASE құжаттарынан табылған мәліметтердің іздеуде жүрген Петра Ноеге тиесілі екенін нақты растамайды. Аты-жөнінің сәйкес келуі, сондай-ақ, бір компаниялар мен мекенжайлардың аталуы адамның жеке басын, оның басқа тұлғалармен байланысын немесе қандай да бір құқықбұзушылыққа қатысы барын өздігінен дәлелдемейді.
Материалда баяндалған жорамалдар ашық дереккөздерде қолжетімді ақпаратқа негізделген және оқиғаның мән-жайына қатысты түпкілікті тұжырым емес. Редакция ҰҚК баспасөз қызметіне ресми сауал жолдады. Әзірге жауап күтіп отырмыз.