ru24.pro
World News in Kazakh
Август
2026
1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26
27
28
29
30
31

Қазір бос, бұрыс сөздің уақыты емес - Тоқаев әлеуметтік желілердегі пікірталастарға қатысты пікір білдірді

0

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев білім беру саласында негізсіз дау-дамайдың көбейгенін сынға алды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz Ақордаға сілтеме жасап.
Мемлекет басшысы білім жолы – сынағы мен қиындығы көп жол екенін еске салды.

"Осы жолда табысқа жетіп, бейнеттің зейнетін көру үшін, ең алдымен, табанды еңбек ету қажет. Түптеп келгенде, бәріміздің мақсатымыз – бір, мүддеміз – ортақ екенін естен шығармаған абзал. Бұл орайда бір мәселеге арнайы тоқталып өткім келеді. Көбіңізге белгілі, әлеуметтік желіде білім саласына қатысты қызу пікірталастар болып тұрады. Кейде мұндай дау-дамайларға білім жүйесінің бұрынғы және қазіргі лауазымды тұлғалары араласып жататыны көзге түсетін болды. Өкінішке қарай, осындай тартыстар білім саласына пайдасын тигізеді деп айту қиын. Өркениетті пікірталастардың орнына айқай-шу мен даңғазаны тыңдап отыруға мәжбүрміз. Тіпті ұстаздар қауымы да ондай пікірталастардың түпкі мәнін түсіне алмай дал болуда", - деді Президент.

Президенттің сөзінше, балалардың болашағы үшін алаңдап, ұтымды ұсыныстар білдіру – бір бөлек әңгіме.

"Ал жанашыр болып емес, жақсы атты болу үшін пікір білдіру – тіптен басқа мәселе. Өнбейтін дауды қуып, өрісімізді кеңейте алмайтынымыз анық. Қазір бос, бұрыс сөздің уақыты емес, нақты, дұрыс істің дәуірі. Осыны ескерген жөн", - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Бұған дейін Қазақстанда барлық өңірде сапалы оқу орындарының құрылысы жалғасатыны белгілі болды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мұны мемлекеттік маңызға ие аса өзекті міндет деп атады.