Apple жаңа iPhone бағасын көтеруі мүмкін: сомасы аталды
Apple жаңа iPhone смартфондарының құнын шамамен 100 долларға қымбаттатуы мүмкін. Компанияның бұл шешіміне чиптер мен жад бағасының өсуі, сондай-ақ құрамдас бөлшектер құнының артуы әсер етуі мүмкін, деп хабарлайды Tengri Life MacRumors-қа сілтеме жасап.
Неге iPhone қымбаттауы мүмкін?
Apple бұған дейін де техниканың өзіндік құнының өсуіне тап болған еді. Бірнеше ай бұрын компания Mac компьютерлері мен iPad планшеттері көпшілігінің бағасын көтерді - орта есеппен 23 пайызға.
Енді осыған ұқсас жағдай iPhone-ға да қатысты болуы мүмкін. Bloomberg сарапшысы Марк Гурманның мәліметінше, электроника өндірушілері чиптер мен жад модульдерінің тапшылығына ұшырады. Осы жағдайда құрамдас бөлшектер қымбаттап, өндірушілерге құрылғылардың бұрынғы құнын сақтап қалу қиындап барады.
iPhone 18 Pro қанша тұруы мүмкін?
Apple барлық шығын ауыртпалығын сатып алушыларға жүктемеуге тырысады деп күтіледі.
Инсайдердің бағалауынша, iPhone 18 Pro бағасы шамамен 9 пайызға өсіп, 1199 долларға дейін жетуі мүмкін. Осылайша, әңгіме шамамен 100 долларлық үстеме құн туралы болып отыр.
MacRumors сарапшылары мұндай өсімді қалыпты деп санайды. Apple қаржылық жүктемені толығымен сатып алушыларға аудармас үшін, қосымша шығындардың бір бөлігін өз мойнына алуға дайын көрінеді.
Бағаның өсуі неге шектеулі болады?
Гурманның пікірінше, Apple барынша сақ әрекет етуге тырысады. Бағаны шамамен 100 долларға көтеру iPhone-ды Samsung флагмандарымен бірдей баға санатында сақтап қалуға мүмкіндік береді.
Бұл ретте баға тым күрт көтерілсе, компания сатып алушылардың наразылығына тап болу қаупі бар. Сондықтан Apple өндіріс шығыны өскеніне қарамастан, баға өсімін шектеуге тырысады.
Әдетте шетелдегі техника бағасының өсуі Қазақстан нарығына да әсер етеді. Бұған дейін жад бағасының өсуі Қазақстандағы Apple құрылғылары құнына қалай әсер ететінін талдаған болатынбыз: шетелдік сарапшылардың болжамын зерттеп, болуы мүмкін сценарийлерді теңгеде есептеп, АҚШ-тағы iPhone бағасы неге тек бағам бойынша конвертациялауға тең емес екенін сарапшыдан білген едік.
Тағы оқыңыз: Apple iPhone, iPad және Mac тапшылығы болуы мүмкін екенін ескертті
