Астанада электрсамокат мінген жасөспірім автобус астына түсті
Астанада электрсамокат мінген жасөспірімді автобус қағып кетті. Ол ауруханаға жеткізілді, деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Астана қалалық полиция департаментінің мәліметінше, жол-көлік оқиғасы 13 тамызда Түркістан көшесінде болған. Алдын ала ақпарат бойынша, маршруттық автобустың жүргізушісі аялдамаға кіре бергенде, бөлінген автобус жолағымен қарсы бағытта келе жатқан электросамокаттағы жасөспірімді қағып кеткен.
"Жол-көлік оқиғасы салдарынан жасөспірім медициналық мекемеге жеткізілді, дәрігерлер қарап шыққаннан кейін амбулаторлық емделуге жіберілді", - деп хабарлады полиция.
Еске сала кетейік, 25 тамыздан бастап электрсамокат пайдаланушылары үшін жаңа ережелер күшіне енеді. Осы күннен бастап тротуармен электрсамокатпен жүруге тыйым салынады.
Электрсамокат мінгендер тек веложолдар мен веложолақтар арқылы жүре алады. Ал олар болмаған жағдайда – жолдың жүру бөлігінің оң жақ шетімен немесе жол жиегімен (Жол жүрісі қағидаларында көзделген жағдайларда) жүруге рұқсат етіледі.
Бұл ретте жолдың жүру бөлігіне шығу үшін қатаң талаптар сақталады:
Жасы: 18-ден жоғары.
Құжаттары: кез келген санаттағы жүргізуші куәлігінің болуы.
Жабдығы: тағылған қорғаныс шлемі және тәуліктің қараңғы уақытында жарық шағылыстыратын элементтер.
Самокаттың тротуарға шыққаны қалай анықталады?
Бұған дейін Алматы Полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек жаңа ережелердің сақталуын тек полицейлер ғана емес, кикшеринг сервистерінің өздері де қадағалайтынын түсіндірген болатын.
Анықтама: Кикшеринг - бұл мобильді қосымша арқылы электр самокаттарды қысқа мерзімге жалға беру сервисі. Пайдаланушы картадан самокатты тауып, QR-кодты сканерлейді, жол ақысын төлейді және оны рұқсат етілген жерге қалдырады.
Компаниялар қазірдің өзінде техникалық шектеулерді енгізіп жатыр: егер самокат тротуарға шықса, жүйе алдымен жылдамдықты азайтады, содан кейін көлікті толық тоқтатады.
"Самокат жүруге болмайтын аймаққа кіргенде, жүйе алдымен жылдамдықты, мысалы, сағатына 2-3 шақырымға дейін бәсеңдетеді, содан кейін кенет тоқтап қалмас үшін оны мүлдем тоқтатады. Сондықтан бұл бірлескен жұмыс болады: патрульдік экипаждар, жаяу патрульдер мен самокатты патрульдер адамның тротуарға шығып кеткен кездерін анықтайды, ал жүйе тыйым салынған аймақтарда қозғалысқа автоматты түрде жол бермейді", – деді Әзірбек.
