КХДР ядролық арсеналын едәуір кеңейтетінін жариялады
Солтүстік Корея ядролық күштерін сапалық және сандық тұрғыдан нығайту, сондай-ақ әскери инфрақұрылымды түбегейлі жаңғырту туралы ресми шешім қабылдады. Тиісті директивалар Корея Еңбек партиясы орталық әскери комитетінің бірінші кеңейтілген отырысында бекітілді, деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі КХДР-дың Мемлекеттік ақпарат агенттігіне сілтеме жасап.
Жиын ел көшбасшысы Ким Чен Ынның төрағалығымен өтті. Жиынға КХДР Қорғаныс министрлігінің жоғары әскери басшылығы мен Корея халық армиясының корпус қолбасшылары қатысты.
Ақпарат агенттігі мәліметінше, кездесу барысында Корей түбегіндегі қазіргі әскери-саяси жағдайға жан-жақты талдау жасалды. Сыртқы қатерді талқылау қорытындысы бойынша республика басшылығы қорғаныс әлеуетін нығайтуға бағытталған практикалық шаралар кешенін белгіледі. Пхеньянның жаңа әскери стратегиясының негізгі тармақтарының бірі ядролық әлеуетті арттыру болды. Стратегиялық ядролық күштердің сапалық және сандық өсімі, сондай-ақ қолданыстағы жауынгерлік жүйелерді жаңғырту туралы шешім қабылданды.
Ким Чен Ын республика егемендігі мен өмір сүруінің өзі теңдессіз әскери қуатқа ие болуға тікелей байланысты екенін атап өтті. Ол шынайы бейбітшілік пен тұрақтылыққа кез келген сыртқы қатерді алдын ала бейтараптандыруға қауқарлы жоғары технологиялық армия құру арқылы ғана қол жеткізуге болатынын мәлімдеді.
Бұған дейін Солтүстік Корея көшбасшысы қару-жарақ деңгейінде ядролық материал өндіретін жаңа зауытты аралап көрген болатын. Ким Чен Ын Пхеньян ядролық күштерін "геометриялық прогрессиямен" арттыруды жоспарлап отырғанын айтты.
