Референдум өткеннен кейін Оразалы Ержановты абақтыдан үйқамаққа ауыстырды
Қазақстандық қоғам белсендісі Оразалы Ержанов тергеу изоляторынан үйқамаққа ауыстырылғанын 16 наурыз түстен кейін "Гиперборей" YouTube-арнасының авторы, журналист Вадим Борейко хабарлады.
Ержанов Қазақстан Конституциясы жобасы бойынша референдумға "ақылды бойкот" жасау жөнінде бастама көтергеннен кейін ұсталған. Референдумға шығарылған құжатты сынға алған белсенді жобаға келіспейтін азаматтарды дауыс беруге қатысудан бас тартатыны жайлы Референдум жөніндегі орталық комиссияға өтініш жазып, оның тіркелгенін растайтын барлық құжатты электронды түрде Ержанов көрсеткен мессенджер нөміріне жіберуге үндеген.
26 ақпанға қараған түні Ержановтың үйінде тінту жүргізілгеннен кейін ол 10 күнге қамауға алынды. Полиция "сайлау құқықтарын жүзеге асыруға кедергі келтіру фактісі бойынша" іс тергеліп жатқанын хабарлады.
"Әлеуметтік желілерде шындыққа сәйкес келмейтін ақпарат, референдумға бойкот жариялауға шақырулар және шетелдік юрисдикцияда тіркелген байланыс нөмірлерін пайдалану арқылы азаматтарды жаңылыстыруды көздейтін өзге де мәліметтер қамтылған жарияланымдар анықталды", делінген полиция мәлімдемесінде.
Жақтастарының айтуынша, Ержановтың Facebook-тегі аккаунтынан оның Конституцияны сынаған және референдумге бойкот жариялау идеясы жазылған барлық жазбасы жоғалып кеткен.
5 наурызда Алматы соты Ержановты екі ай қамауда ұстауға санкция берген еді. Ал 16 наурызда, Конституция бойынша референдум өткен күннің ертесіне сот шешімімен ол абақтыдан үйқамаққа ауыстырылды.
Оразалы Ержанов – заңсыз алынған активтерді қайтару мәселелерімен айналысатын Elge Qaitaru қоғамдық қорының жетекшісі.
16 наурызда Референдум жөніндегі орталық комиссия жариялаған алдын ала қорытындыға сәйкес, дауыс беруге қатысқан қазақстандықтардың 87,15 пайызы Конституция жобасын қолдап, 9,83 пайызы қарсы болған. Дауыс беру құқығына ие азаматтардың 73,1 пайызы референдум бюллетенін алған.
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен әзірленген Конституция жобасына сын айтушылар ондағы өзгертулер президент билігін одан сайын күшейтіп, заң шығарушы билік тармағының ықпалын әлсіретеді және азаматтық еркіндіктерді шектейді деп есептейді. Ал ресми Астана жаңа Конституция елдің "ұзақ мерзімді тұрақты дамуын қамтамасыз етуге" бағытталғанын айтады.
