“Басқа амалымыз жоқ“: Иран президенті көрші елдерге үндеу жасады
Иран президенті Масуд Пезешкиан көрші елдердің басшыларына үндеу жасады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
"Достас әрі көршілес елдердің мемлекет басшылары, біз дипломатиялық жолмен соғыстың алдын алуға тырыстық, бірақ америкалық-сионистік әскери агрессия бізге өзімізді қорғаудан басқа амал қалдырмады", - деп жазды Пезешкиан X әлеуметтік желісінде.
Оның айтуынша, Иран көрші елдердің егемендігін құрметтейді және Таяу Шығыстағы тұрақтылықты аймақ елдері қамтамасыз етуі тиіс деп санайды.
АҚШ пен Израильдің Иранға қарсы операциясы
Айта кетейік, 28 ақпанда АҚШ пен Израиль Иранға қарсы ауқымды әскери операция бастады. Тель-Авив соққының мақсаты Тегеранның ядролық қару алуына жол бермеу екенін мәлімдеді. Вашингтон Иран флоты мен қорғаныс өнеркәсібін жойып жібереміз деп қорқытып, ел азаматтарын режимді құлатуға шақырды.
Иранның Қызыл Жарты Ай ұйымының мәліметі бойынша, АҚШ пен Израильдің шабуылдарында жоғарғы көшбасшы Әли Хаменеиді қоса, кем дегенде 1000 адам қаза тапты.
БАҚ-тың хабарламаларына қарағанда, зымырандар тек әскери нысандарға емес, Ислам Республикасындағы және аймақтың басқа елдеріндегі азаматтық инфрақұрылымға да тиіп жатыр. Тегеран бұған жауап ретінде Израиль аумағына, сондай-ақ Таяу Шығыстағы америкалық базаларға соққы жасады.
Бұған дейін Ақ үй басшысы Дональд Трамп операция бастапқыда бағаланған төрт-бес аптадан ұзаққа созылуы мүмкін екенін мойындады. Ал мемлекеттік хатшы Марко Рубио Иранға қарсы бұдан да қуатты соққылар жасалатынын мәлімдеді.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!
