Түркия Ираннан ұшырылған баллистикалық зымыранды атып түсірді
Түркия аумағында Ираннан ұшқан баллистикалық зымыран атып түсірілді. Бұл туралы Түркия Қорғаныс министрлігі мәлімдеді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
"Иран аумағынан ұшырылып, Ирак пен Сирия әуе кеңістігі арқылы Түркияға қарай ұшқан баллистикалық зымыран уақытылы анықталып, Шығыс Жерорта теңізінде орналастырылған НАТО әуе және зымыран қорғаныс құралдарымен сәтті құлатылды", - делінген хабарламада.
Хатай провинциясы Дёртйол ауданына түскен бөлшек баллистикалық зымыранды көкте жою кезінде қолданылған тосқауыл зымыранға тиесілі деп хабарланды. Оқиға салдарынан қаза тапқандар мен зардап шеккендер жоқ.
Таяу Шығыстағы қақтығыс
Айта кетейік, 28 ақпанда АҚШ пен Израиль Иранға қарсы ауқымды әскери операция бастады. Тель-Авив соққының мақсаты Тегеранның ядролық қару алуына жол бермеу екенін мәлімдеді. АҚШ президенті Дональд Трамп та Иран флоты мен қорғаныс өнеркәсібін жоюға ниет білдірді.
1 наурызға қараған түні Иранның жоғары көсемі Әли Хаменеи қайтыс болғаны жарияланды.
Тегеран Израиль аумағына, сондай-ақ Таяу Шығыстағы Америка базаларына қарсы шабуыл жасады.
АҚШ президенті Дональд Трамп New York Times газетіне берген сұхбатында АҚШ әскери күштері қажет болған жағдайда Иранға шабуылды төрт-бес апта бойы жалғастыруға ниетті екенін айтты.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!
