“Халатын ашып, кеудесінен ұстаған“: Алматыда курьер қамауға алынды
Алматыда сот қызға тиісті деген курьерді кінәлі деп таныды. Ер адам "ұсақ бұзақылық" бабы бойынша 7 тәулікке әкімшілік қамауға алынды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Мән-жайы
Полиция департаменті мен Алматы қалалық сотының мәліметінше, ер адам әкімшілік жауапкершілікке тартылған.Әкімшілік құқықбұзушылық жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сот оның әрекетін ҚР ӘҚБтК-нің 434-бабы – "Ұсақ бұзақылық" бойынша саралаған.
Редакцияға ер адам кінәлі деп танылып, оған 7 тәулікке әкімшілік қамау жазасы тағайындалғаны хабарланды.
Жәбірленуші курьерді жыныстық сипаттағы әрекеттері үшін қылмыстық жауапкершілікке тартуды талап еткенімен, іс әкімшілік өндіріс аясында қаралған.
Контекст
Оқиға 14 ақпанда болған. Жәбірленуші Дарьяның айтуынша, курьер оған шамамен сағат 20:40-та гүл жеткізген. Тапсырыс ауыр болғандықтан, қыз ер адамнан гүл себетін дәліздегі еденге қойып беруін сұраған.
Оның сөзінше, курьер пәтерге кіріп, гүлді қойғаннан кейін халатынан ұстап, ашып жіберіп, кеудесіне қол тигізген. Дарья қатты шошып, ер адамды пәтерден қуып шыққанын және есікті әрең жапқанын айтқан.
Кейін қыз оған хат жазған. Ал жауап ретінде ол боқауыз сөз бен "қолыңнан түк келмейді" деген.Қыз оқиғадан кейін бірден полиция шақырып, арыз жазған. Кейін ер адамның InDrive сервисінде жұмыс істегені анықталған. Компания өкілдері курьердің аккаунты бұғатталғанын мәлімдеді.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!
