ru24.pro
World News in Kazakh
Февраль
2026
1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13
14
15
16
17
18
19
20
21
22
23
24
25
26
27
28

Алматыда экс-судья Светлана Жолмановаға қатысты жаңа үкім шықты

0

Алматыда алаяқтық үшін 10 жылға сотталған бұрынғы судья Светлана Жолмановаға қатысты тағы бір үкім шықты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Мән-жайы
11 ақпанда Медеу аудандық №2 соты 45 жастағы Жолмановаға үкім шығарды. Ол ҚР ҚК 190-бабы 4-бөлігінің 2-тармағы ("аса ірі мөлшердегі алаяқтық") бойынша кінәлі деп танылды.
Сотта бұрынғы судьяның алты жәбірленушіге жалпы сомасы 168 миллион теңгеден аса шығын келтіргені анықталды.
Сот оны 8 жылға бас бостандығынан айыруға үкім шығарды. Алайда 2025 жылғы 19 маусымда осы бап бойынша шыққан алдыңғы үкім (10 жыл) ескеріліп, түпкілікті жаза – орташа қауіпсіздік мекемесінде 10 жыл болып белгіленді.
Яғни Жолмановаға тағайындалған негізгі жаза көлемі өзгеріссіз қалды.
Іс бойынша алты жәбірленуші болған. Сот олардың үшеуінің азаматтық талап-арызын қанағаттандырды:

Е.Р. – Жолмановадан 94 258 750 теңге материалдық шығын және 942 587 теңге мемлекеттік баж өндірілді. Қалған 16 млн теңге көлеміндегі талап бөлігі қараусыз қалдырылды.
М.А. – талап толық қанағаттандырылып, 15 млн теңге шығын және 150 мың теңге мемлекеттік баж өндірілді.
К.А. – талап толық қанағаттандырылып, 59 млн теңге материалдық шығын және 590 мың теңге мемлекеттік баж өндірілді.

Сотталған адамға үкім заңды күшіне енген күннен бастап азаматтық талаптар бойынша шешімді 30 күн ішінде ерікті түрде орындау мерзімі берілді. Осы мерзім өткен соң өндіріп алу мәжбүрлі тәртіппен жүзеге асырылады.
Бұдан бөлек, сот Жолмановадан жәбірленушілерге өтемақы қорының пайдасына 2026 жылға арналған 20 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде, яғни 86 500 теңге мәжбүрлі төлем өндірді.
Үкім әзірге заңды күшіне енген жоқ. Бұрынғы судья оны апелляциялық тәртіппен даулай алады.
Еске салайық, 2025 жылғы 19 маусымда дәл осы Медеу аудандық №2 соты Жолманованы 10 жылға соттаған.
Тергеу дерегінше, ол 2021–2024 жылдары тұрғын үй алып беруге және тендерлік жобаларға қатысуға көмектесемін деген желеумен азаматтарды алдап, сеніміне кіріп, 1 миллиард теңгеден аса қаржыны иемденген.
Прокуратура мәліметінде тергеу барысында қылмыстық әрекеттің 48 эпизоды анықталып, бір өндіріске біріктірілгені, іс ҚР ҚК 190-бабы 4-бөлігінің 2-тармағы бойынша айыптау актісімен сотқа жолданғаны айтылған.
Сондай-ақ, Жолмановаға қатысты 2021 жылы да қылмыстық іс қозғалғаны белгілі: ол кезде бұрынғы судья белгілі бір адамдарға "сот шешімін өз пайдасына шығарып беруге ықпал етемін" деген мазмұнда алаяқтық жасады деген күдік болған.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!