Алматыда біреу итті көлікке байлап, жол бойымен сүйреген: адамшошырлық кадрлар
Алматыда біреу итті шынжырмен көлікке байлап, жол бойымен сүйреген, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Мән-жайы
Әлеуметтік желілерде иттің адамшошырлық видеосы тарады. Оның мойнында көлікке байланған шынжыр болған. Видео авторы оқиға биыл 12 ақпанда болғанын, біреулер итті әдейі байлағанын айтып, көмек сұрайды. Жазбада иттің тірі екені көрсетілген.
Полиция не дейді?
Алматы қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметінің сөзінше, бұл дерек бойынша полиция қызметкерлері тексеру жүргізіп, көлік жүргізушісін анықтаған.
"Көлік иесі анықталды. Ол жануарларға қатыгездік көрсеткені үшін міндетті түрде әкімшілік жауапкершілікке тартылады", - деп мәлімдеді ПД өкілдері.
Полиция жануарларға жасалған кез келген қатыгездік деректері белгіленген тәртіппен тіркеліп, тергелетінін еске салды. Азаматтардың барлық өтініші есепке алынады, ал бұзақылар қолданыстағы заңнама аясында жауап береді.
Жауапкершілік қандай?
Қазақстанда жануарларға қатыгездік көрсету үшін әкімшілік те, қылмыстық та жауапкершілік қарастырылған.
ӘҚБтК-нің 407-1-бабы бойынша мұндай әрекеттер үшін айыппұл 5-тен 40 АЕК-ке дейін (2026 жылы 21 625 – 173 000 теңге), құқықбұзушылықтың ауырлығына қарай белгіленеді.
ҚК-нің 316-бабы бойынша (жарақат келтіру немесе өлімге әкелу жағдайларында) айыппұлдар қатаңырақ: 120-дан 1000 АЕК-ке дейін (2026 жылы 519 000 – 4,3 млн теңге). Бұл бап бойынша ең ауыр жаза - 1 жылға дейін бас бостандығынан айыру немесе бостандығын шектеу.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!
