ru24.pro
World News in Kazakh
Февраль
2026
1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11
12
13
14
15
16
17
18
19
20
21
22
23
24
25
26
27
28

Қамшыбек Ташиев қызметтен кетірілгені жөнінде пікір білдірді

0

Германияда емделіп жатқан Қамшыбек Ташиев Қырғызстан президенті Садыр Жапаровтың қадамын күтпеген шешім деп сипаттады. 10 ақпан күні қырғыз президенті ұлттық қауіпсіздік жөніндегі мемлекеттік комитеттің (ҰҚМК) төрағасы Ташиевті лауазымынан босатқан.

Ташиевтің мәлімдемесін оған жақын адам саналатын журналист Нұрғазы Анарқұлов Facebook желісінде жариялады.

"Мен ауырып қалып, президенттің рұқсатымен Германияға келгенмін. Бұған дейін жасалған отаға байланысты тексеруден өтуім керек болды. Алайда кеше мені қызметтен босатты, бұл мен үшін күтпеген жағдай. Не болса да, президент шешімін орындауға міндеттіміз. Мемлекет, халық және президент алдында қызметтік міндетімді адал атқардым және оны мақтан тұтамын. Бар болғаны жеке құраммен қоштасуға мүмкіндік берілмегеніне өкініш білдіремін. Ұлттық қауіпсіздік жөніндегі мемлекеттік комитеттің әрбір қызметкеріне алғыс айтып, оларға сәттілік тілеймін. Елімізде бейбітшілік пен тұрақтылық сақталуы үшін ешкім заңсыз әрекетке бармауы керек және біздің әрбір әрекетіміз заң аясында жасалуы қажет" деді Қамшыбек Ташиев өз мәлімдемесінде.

Садыр Жапаров 10 ақпан күнгі шешімінде Қамшыбек Ташиевті премьер-министрдің орынбасары қызметінен де босатты. Сондай-ақ ҰҚМК төрағасының орынбасарлары да қызметінен алынды.

Әзірге ҰҚМК төрағасы міндетін Жұмғалбек Шабданбеков атқарады. Жапаров оның кандидатурасын келісу үшін Жогорку Кеңешке жүгінген.

Президенттің келесі бір жарлығымен Жұмғалбек Шабданбеков ҰҚМК төрағасы міндетін уақытша атқарушы болып тағайындалды. Оның кандидатурасы келісу үшін Жогорку Кеңешке енгізілген.

56 жастағы Жұмғалбек Шабданбеков бұған дейін ҰҚМК төрағасының орынбасары және Тоғызыншы қызметтің басшысы болған. Ашық дереккөздерде ол туралы ақпарат аз.

Қырғыз президенті сондай-ақ ҰҚМК құрылымын да өзгертті. Атап айтқанда, комитет құрамынан Шекара әскері, сондай-ақ мемлекет басшылығын және стратегиялық нысандарды күзетуге жауапты Тоғызыншы қызмет шығарылды.

Президенттің баспасөз хатшысы Асқат Алагөзов Ташиевтің қызметтен алынуы туралы журналистер сауалына жазбаша жауап беріп, Садыр Жапаров бұл шешімді "мемлекет мүддесі үшін, қоғамда, соның ішінде мемлекеттік құрылымдар арасында алауыздыққа жол бермеу және бірлікті нығайту мақсатында" қабылдағанын жеткізді.

Қамшыбек Ташиев ҰҚМК төрағасы қызметін 2020 жылғы 16 қазаннан бері атқарып келді. Ол президенттің ең жақын серіктерінің бірі және елдегі ықпалды саяси тұлға саналды. Оның басшылығы кезінде түрлі қылмыстық істер аясында бірқатар оппозициялық саясаткерлер, кәсіпкерлер мен журналистер ұсталған. Билік бұл әрекеттерді "тәртіп орнату" және "тұрақсыздықтың алдын алу" шаралары деп сипаттаған.