Гонконгте 78 жастағы медиа магнат Джимми Лай 20 жылға сотталды
Гонконг соты 78 жастағы миллиардер әрі медиа магнат, оппозициялық Apple Daily газетінің негізін қалаушы және Қытай коммунистік партиясын ашық сынға алған Джимми Лайды 20 жылға бостандығынан айыру туралы үкім шығарды. Соны оны "шетелдік күштермен сөз байласқаны" және "мемлекеттік құрылымды әлсірететін материалдар жариялағаны" үшін айыпты деп таныды.
Судьялардың пікірінше, Лай АҚШ пен басқа елдерді санкциялар енгізуге, блокада жасауға және өзге де "дұшпандық әрекеттерге" итермелеу үшін лобби қызметін жүргізген. Бұл әрекеттерге ол жабылып қалған Apple Daily газеті қызметкерлерін, белсенділерді және шетел азаматтарын тартқан деп есептейді сот.
Лайдың қорғаушылары ВВС медиасына берген сұхбатында сот процесін "өзгелерге көрсету үшін қойылған" деп атап, оның үкімі "алдын ала белгілі болған" деп мәлімдеген.
"Бұл жалған сот процесі аяқталған соң біз енді әлем көшбасшыларын Джимми Лай Лондонда тұратын отбасына оралып, қауышуы үшін оны қамаудан босатуды Қытайдан бірлесіп талап етуге шақырамыз", – деді адвокат Каоилфионн Галлахер. Ол бұл үкім "Гонконгтағы заң үстемдігіне жасалған соңғы соққы" болғанын айтты.
Джимми Лай Гонконгте 2019-2020 жылдары болған жаппай наразылықтардан кейін қабылданған ұлттық қауіпсіздік туралы заң қабылданған соң, 2020 жылы тұтқындалған. Бұл заң Қытай полициясы мен арнаулы қызметтеріне Гонконг аумағында әрекет етуге мүмкіндік береді және автономия билігін, мысалы, Гонконгтың Қытайдан бөлінуін қолдайтындарды қылмыстық жауапқа тартуға міндеттейді.
Әлемдегі бірқатар құқық қорғау ұйымдары, соның ішінде "Шекарасыз тілшілер" ұйымы Пекиндегі биліктің Джимми Лайды қудалауын саяси себептермен байланыстырып, оны қамаудан босатуға үндеген. АҚШ президенті Дональд Трамп 2025 жылғы қазанда Қытай басшысы Си Цзиньпинмен кездескенде Джимми Лай жайлы айтқан. Көптеген демократиялық елдер көшбасшылары да Пекинді кәсіпкерді босатуға шақырып, үндеу жасаған.
Лайдан бөлек, осы іс бойынша тағы сегіз адам алты жылдан он жылға дейінгі мерзімге сотталды. Олардың арасында Apple Daily газетінің бұрынғы алты жоғары лауазымды қызметкері бар.
