ru24.pro
World News in Kazakh
Февраль
2026
1 2 3 4 5 6 7 8
9
10
11
12
13
14
15
16
17
18
19
20
21
22
23
24
25
26
27
28

Семейлік белсенді Нұржан Сембаев екі айға қамалды

0

Семей қаласының тергеу соты белсенді Нұржан Сембаевты екі айға қамауға рұқсат берді. Сембаев 2 сәуірге дейін қамауда болады. Бұл жөнінде "Белсенділер экстремист емес" тобы жазды. Сот 6 ақпанда өткен.

Топтың жазуынша, Сембаевқа 258-бап 1-бөлік ("террористік ұйымды қаржыландыру") және 405-бап 2-бөлігі бойынша ("тыйым салынған ұйымның ісіне араласу") қылмыстық іс ашылған. Нақты қандай ұйым жөнінде сөз болып отырғаны белгісіз.

"Қамауға алынғанға дейін белсенді Курчатов қаласындағы уақытша қамау изоляторында болған. Белсендінің қайда қамалғаны белгісіз" деп жазды топ.

Құқық қорғаушы Райгүл Садырбаева соттың өткенін растап, судья Ахметованың сондай шешім шығарғанын айтты.

Азаттық жексенбі күні адвокатына хабарласуға тырысқанмен одан жауап ала алмады.

Нұржан Сембаев - қоғамдағы саяси-әлеуметтік мәселелерге пікірін ашық айтып жүрген белсенді. Сол үшін бұған дейін әкімшілік жазаға да тартылған. Ол Маралдыда алтын фабрикасын салуға қарсы шыққан ауыл тұрғындарын да қолдаған.

Қаңтар көтерілісі кезінде бірнеше ай тергеу изоляторына қамалып, азапталып, кейін дәлел жоқ деп босатылған. Бұған дейін семейлік белсенділер прокуратура мен полициядан жазбаша кешірім сұрауды және моральдық шығын да талап еткен.

Белсенді Facebook-та кейінгі жазбаларында конституциялық жобаны сынаған жазбалармен бөлісіп, шетелде қуғында жүрген бұрынғы банкир Мұхтар Әблязовтың постын да қайталап басқан. Оған ашылған істің бұл жазбаларға қатысы бар-жоғы белгісіз.

Қазақстанда бұған дейін де көп белсенді Әблязов құрған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысын (ҚДТ) қолдағаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылған. Қазақстан соты ҚДТ-ны "экстремистік ұйым" деп танығанмен Еуропарламент "бейбіт оппозициялық ұйым" деп атаған.