ru24.pro
World News in Kazakh
Февраль
2026
1 2
3
4
5
6
7
8
9
10
11
12
13
14
15
16
17
18
19
20
21
22
23
24
25
26
27
28

БАҚ: үкімет Қарашығанақ шығынын келіскен кезде шенеуніктерге пара берілгенін мойындады

0

Қазақстан үкіметі Стокгольмдегі халықаралық сотта мемлекеттің мойнына жүктелмеуі керек болған Қарашығанақ кенішіндегі шығынды бекіту үшін қазақстандық шенеуніктерге пара берілгенін мойындады. Бұл жөнінде жағдайдан хабары бар екі дереккөзге сүйенген Reuters жазды.
Мәселе Қазақстан билігі мен Қарашығанақ кенішін игерген консорциум (Shell, Eni, Chevron, Лукойл және мемлекеттік "ҚазМұнайГаз" кіреді) арасындағы дау жөнінде болып отыр. Қазақстан 2010-2020 жылдардағы құны миллиардтаған доллар болатын шығынды даулап жатыр.
Сот жазбаша шешімінде Қазақстан жағының 2022 жылға дейін "сыбайлас жемқорлық пен клептократияға" жол бергенін мойындағанын атап өтеді. Ал жекелеген шенеуніктер мемлекеттің мойнына жүктелмеуі керек болған Қарашығанақ кеніші шығындарын бекіткені үшін пара алған. Үкіметтің айтуынша, бұл шығынды әу-бастан ақ мемлекет өтемеуі керек болған.
Bloomberg бұған дейін қаңтарда халықаралық соттан жеңілген Қарашығанақ кенішін игеріп жатқан ірі операторлар Қазақстан үкіметіне $4 млрд көлемінде өтемақы төлеуге міндеттелуі мүмкін деп жазған еді.
Басылымның жазуынша, дегенмен сот төленетін өтемақы көлемін нақты айқындамаған. Ол бойынша түпкілікті шешім кейін шығады.
Дереккөздің айтуынша, сот кезінде Қазақстан жағының заңгерлері Италиядағы қылмыстық процесс кезінде алынған құжаттарды да алға тартқан. Оған сәйкес, 2017 жылы бірнеше италиялық мердігер Қарашығанақ пен Қашаған кеніштерінде жұмысқа қол жеткізу үшін қазақстандық шенеуніктерге пара бергенін мойындаған.
Ол құжаттарда көрсетілген схемаға сәйкес, қосалқы мердігерлер қызметті артық бағалағаны үшін, кейбір жағдайда жалған квитанциялар үшін де қазақстандық шенеуніктерге пара берген.
Мұнай компаниялары Reuters-ге жауап бермеген. Eni өкілдері түпкілікті шешім шықпайынша сотты талқыламайтынын айтқан.

Батыс Қазақстан облысы Бөрілі ауданында орналасқан Қарашығанақ кеніші мұнай-газ және газ конденсатын өндіретін негізгі жобалардың бірі.
Батыс компаниялары Қарашығанақ пен Қашағанды игеруге 1990-жылдары кіріскен. Бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаевтың тұсында мемлекет пен инвесторлар арасында өнімді бөлу туралы келісімге қол қойылған. Бұл келісімдердің қандай шартпен жасалғаны белгісіз. 2023 жылы көктемде мемлекет компанияларды "тендер тәртібін бұзды", "Қашағандағы мердігер міндеттемесін толық орындамады" деп айыптағаны белгілі болды. Bloomberg агенттігі сол жылы көктемде Қазақстан билігі серіктестерінің Қашаған бойынша 13 млрд, Қарашығанақ бойынша 3,5 млрд доллар шығынды ұстап қалғанына наразы болып отырғанын жазды.
Былтыр Қазақстандағы Қашаған мұнай кенішін игеріп жатқан компаниялар қоршаған ортаға келтірілген залал үшін 4 миллиард доллар экологиялық айыппұл салу туралы даулы іс бойынша Астананың апелляциялық сотында жеңіске жеткен еді.