ru24.pro
World News in Kazakh
Февраль
2026
1
2
3
4
5
6
7
8
9
10
11
12
13
14
15
16
17
18
19
20
21
22
23
24
25
26
27
28

Жаңа Конституция жобасы: Алматыда бір адам әкімшілік жауапқа тартылды

0

31 қаңтарда Алматы әкімшілік соты "жалған ақпарат таратты" деп айыпталған қала тұрғыны Марат Әбдірахмановты кінәлі деп танып, 86 500 теңге (қазіргі доллар бағамы бойынша $170) көлемінде айыппұл салды. Оған Әкімшілік кодекстің 256-2 бабы бойынша айып тағылған.

Сот шешімінде Әбдірахманов Facebook желісінде пост жариялап, "жалған ақпарат таратқаны" жазылған және сол жазбадан да үзінді келтірілген:

"Жаңа Конституция жобасын оқыдым. Не нәрсе түбегейлі өзгереді? Жерімізді шетелдіктерге сатуға қойылған тыйым алынып тасталады! Яғни, президент пен құрылтай жерімізді сата алады! .... Жерімізді сата алады".

Сот отырысы кезінде полиция капитаны Кипеков жауапкер жариялаған жазба "қоғамдық тәртіптің бұзылуына қолайлы жағдай жасайды" деп айтқан.

Сот шешіміне қарағанда, Әбдірахманов өзіне тағылған айыпты мойындамаған. Ол жаңадан жарияланған жаңа Конституция жобасына қатысты пікірін жазғанын, жазбасында жалған ақпарат жоғын айтқан. Оны адвокаты да қолдап, әкімшілік құқықбұзушылық болмағандықтан істі тоқтатуды сұраған.

Әбдірахманов 31 қаңтар күнгі жазбасында жаңа Конституция жобасын сынап, онда "президент пен құрылтайдың жауапкершіліктері" мүлде жазылмағанын, барлық міндет тек азаматтарға жүктелгенін, құқық тек "шенеуніктерде бар" деп жазған. Оның бұл жазбасы қызу талқыланған.

31 қаңтарда жаңа Конституция жобасы жарияланған еді. Дәл осы күні жалған ақпаратпен күрес орталығы хабарлама таратып, "жаңа Конституция жобасы жерді шетелдіктерге сатуға тыйымды алып тастайды деген ақпарат шындыққа сәйкес келмейді" деп мәлімдеді.

"Қазақстан Республикасының қолданыстағы Конституциясының 6-бабы 3-тармағына сәйкес «жер жəне оның қойнауы, су көздері, өсімдіктер мен жануарлар дүниесі, басқа да табиғи ресурстар» жөніндегі тұжырым жаңа Қазақстан Республикасының Конституциясы жобасындағы тұжырыммен бірдей және қандай да бір өзгерістерге ұшыраған жоқ" деп жазылған орталық таратқан хабарламада.

2016 жылғы сәуір мен мамыр айларында үкіметтің "жер реформасына" жаппай қарсылық акциялары Қазақстанның көп аймағын қамтыған. Атырауда бірнеше мың адам қатысқан митингіден кейін жергілікті азаматтық белсенділер Макс Боқаев пен Талғат Аян жауапқа тартылып, сот екеуіне бес жыл түрме жазасын кескен. Халық жаппай қарсылық білдіргеннен кейін Қазақстан билігі Жер кодексіндегі даулы түзетулердің (шетелдіктерге жерді ұзақ мерзімге жалға беру) күшіне енуін кейінге ысырып, мораторий жариялаған.Конституциялық реформа жөніндегі комиссия 31 қаңтарда жаңа Конституцияның жобасын жариялады. Ол кіріспе, 11 бөлім және 95 баптан тұрады.Әуелде қазіргі Конституцияға түзету енгіземіз деген арнайы комиссия бір аптада бес рет жиналып, су жаңа Конституцияға қажет деген тұжырым жасады. Қоғамда мұндай бастаманы қолдаушылар да, сынаушылар да бар.Азаматтық қоғам өкілдері, сарапшылар мен құқық қорғаушылар, белсенділер Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа қайырылып, Конституцияны өзгертуде асығыстық танытпауға шақырып, толымды қоғамдық талқылау жүргізу қажеттігін атап өтті.