ru24.pro
World News in Kazakh
Январь
2026
1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13
14
15
16
17
18
19
20
21
22
23
24
25
26
27
28
29
30
31

Дональд Трамп: Иран басшылары АҚШ-пен келіссөз жүргізгісі келеді

0

АҚШ президенті Дональд Трамп Иран басшылығы Вашингтонмен келіссөз өткізуге ниетті деп мәлімдеді. Ол мұны 11 қаңтар күні Air Force One ұшағында журналистерге айтты.

"Біз олармен кездесе аламыз. Кездесу ұйымдастырылады", – деді Трамп. Бұған қоса ол АҚШ-қа "кездесуге дейін белгілі бір қадамдар жасауға тура келуі мүмкін" екенін де айтты, алайда нақты қандай әрекет екенін ашып айтқан жоқ.

10 қаңтарда Трамп Truth Social әлеуметтік желісінде АҚШ "еркіндікке ұмтылған" Иранға көмектесуге дайын деп жазған. Ал The New York Times газеті әскери ортадағы дереккөздеріне сүйеніп, кейінгі күндері АҚШ президентіне Иранға қарсы әскери соққы берудің бірнеше нұсқасы ұсынылғанын, бірақ әзірге түпкілікті шешім қабылданбағанын хабарлады.

Бұған дейін АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубио мен беделді республикашыл сенатор Линдси Грэм де Ирандағы наразылық білдірушілерді қолдап мәлімдеме жасаған.

Иран билігі қаза тапқандар мен ұсталғандар саны жөнінде ресми ақпарат таратқан жоқ. Құқық қорғау ұйымдары әртүрлі дерек келтіреді. АҚШ-та орналасқан Human Rights Activists News Agency (HRANA) ұйымының 11 қаңтардағы мәліметі бойынша, Иранла наразылықтар басталғалы бері 544 адам қаза тапқан, олардың ішінде сегіз бала, 47 әскери қызметкер мен құқық қорғау органдары өкілдері бар.

Ал Iran Human Rights ұйымы кемінде 192 демонстрант қаза тапқаны расталғанын мәлімдеген.

БАҚ дереккөздері мен Telegram-арналар мыңдаған адам қаза болған деп жазып жатыр, алайда бұл мәліметтерді ресми түрде растау мүмкін болмай отыр.

Құқық қорғаушылар Иранда интернет толық өшіріліп, ақпарат алуға қатаң шектеу енгізілгендіктен деректер жинау мен тексеру өте қиындап кеткенін айтады. NetBlocks сайтының мәліметінше, Иранда интернет байланысы толық өшірілгеніне 84 сағаттан асқан.

Иранның сыртқы істер министрі Аббас Арагчи елдегі жалпыхалықтық наразылықтар "зорлық-зомбылық пен қантөгіске ұласты" деп мәлімдеді. Бұл туралы Азаттықтың Иран қызметі – Фарда радиосы хабарлады. Арагчидің сөзінше, бұл жағдай Дональд Трамптың араласуына "себеп" болған.

Бұған қоса Арагчи үкімет қолында наразылыққа қатысушыларда қару болғанын дәлелдейтін айғақтар бар деп мәлімдеді. Министр жағдай бақылауда екенін айтып, тәртіпсіздікке кінәлілер жауапқа тартылатын болады деп уәде етті. Алайда ол билік күштері жаппай наразылықты қатыгездікпен басып-жаншып жатқаны жайлы мүлде ештеңе айтпады.

Иранда 28 желтоқсаннан бері билікке қарсы көтеріліс болып жатыр. Наразылық ел валютасының қүнсызданып, инфляция өскен тұста басталған. Кейін наразылық ауқымы кеңейіп, наразылар билікке қарсы шығып жатыр. Бірнеше күннен бері Иранда интернет сөндірілген.