Қазақстанда биылғы қыс қандай болады: синоптиктер болжамы
"Қазгидромет" синоптиктері 2025/2026 жылғы қысқа арналған ауа райы болжамын ұсынды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Қыс қандай болады?
Синоптиктердің айтуынша, алдағы қыста температуралық өзгеріс жиі байқалады: ауа райы бірде жылы, бірде суық болады.
Желтоқсан
Жалпы алғанда, желтоқсан қалыпты нормадан жылы болады. Жауын-шашын мөлшері климаттық норма шамасында.
"Жауын-шашын негізінен қар түрінде және боран, қатты жел, көктайғақ және тұман болады. Бірақ кей күндері оңтүстіктен жылы циклондар келген кезде жаңбыр мен дымқыл қар жаууы мүмкін. Антициклон әсер еткен кезеңдерде тұнық та аязды күндер болады - жауын-шашын тоқтап, ауа температурасы төмендейді. Ең қатты суық толқыны бірінші онкүндіктің соңында солтүстік, шығыс және орталық өңірлерде күтіледі. Ол кезде түнде –23…–28 градус аязға дейін, күндіз –13…–18 градус аязға дейін төмендеуі мүмкін", - деді "Қазгидромет" гидрометорталығының директоры Марина Шмидт.
Екінші және үшінші онкүндіктерде түнгі температура –15…–20 градус пен –5…–10 градус аралығында құбылады. Күндіз ауа +2 градус жылыға дейін көтеріліп, түнде –5…–10 градус аязға қайта түсуі мүмкін.
Анықтама: онкүндік - айдың үш бөлікке бөлінген 10 күндік кезеңдері (1–10, 11–20, 21–30/31).
Шығыста кей күндері түнгі суық күшейіп, –25…–35 градус аязға дейін, күндіз –15…–20 градус аязға дейін төмендеуі ықтимал.
"Желтоқсанның басында батыс пен оңтүстікте әлі де жылы болады, күндіз +5…+10 градус. Бірақ бірінші онкүндіктің соңына қарай түнде –12…–17 градус аязға, күндіз –3…–8 градус аязға дейін төмендейді", - деді Шмидт.
Айдың аяғына дейін бұл аймақтарда түнгі температура –0…–5 градус пен –7…–12 градус аралығында ауысып тұрады. Күндіз +0…+8 градус жылы болады.
Қаңтар, ақпан және наурыз
Қазақстанның басым бөлігінде ауа райы климаттық норма деңгейінде болады. Тек шығыс өңірлерде температура 1 градусқа норма шамасынан төмен болады.
Қаңтардағы жауын-шашын мөлшері де нормаға жақын. Оңтүстік пен оңтүстік-шығыстың тау және тау етегі аймақтарында жауын-шашын көбірек түсуі мүмкін.
Ақпан және наурызда жылы болады, жауын-шашын мөлшері орташа деңгейде. Тек наурызда оңтүстік және оңтүстік-шығыстың тау аймақтарында жауын-шашын нормадан көп болуы мүмкін.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!
