ru24.pro
World News in Kazakh
Ноябрь
2025
1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14
15
16
17
18
19
20
21
22
23
24
25
26
27
28
29
30

Қызылордада жыныстық құлдықта болған оқушы ісі: сотталушылардың кассациялық шағымы қанағаттандырылмады

0

Қылмыстық істер жөніндегі кассациялық сот Қызылордада оқушы қызды жыныстық құлдықта ұстады, азаптады деп сотталғандардың шағымын қарады. Соттың баспасөз қызметінің хабарлауынша, сотталушылардың адвокаттары мен қоғамдық қорғаушылары тарапынан жазаны жұмсарту және түрме жазасын шектеу жазасына алмастыру туралы шағым түскен. Іс жабық қаралған.

Кассациялық сот қорғау жағының өтінішін орындамады, бірінші инстанцияда шыққан үкімді өзгеріссіз қалдырды. Соттың айтуынша, бірінші инстанциядағы сот және апелляциялық алқаның қорытындысымен келіскен, атап айтқанда істің жай-жапсары дұрыс анықталған, сотталушылардың кінәсі жәбірленушілер мен куәгерлердің жауаптары, сонымен бірге сот сараптама қорытындыларымен дәлелденген.

Биыл сәуірде 11 сынып оқушысын жезөкшелікпен айналысуға мәжбүрледі және ақша бопсалады деп айыпталған 9 адамға үкім оқылған. Оларға 4 жыл 8 ай мен 7,5 жыл аралығында түрме жазасы берілді.

Алты ай бойы сыныптастары, туыстары мен таныстары жыныстық құлдықта ұстаған қызылордалық оқушы қыздың оқиғасы былтыр күзде жұртшылыққа белгілі болып, қоғамда резонанс тудырды. Осы іс бойынша бөлек-бөлек бірнеше сот өткен.

Анасының айтуынша, олар оқушының телефонын тартып алып, оның атынан ата-анасына хат жазып, отбасылық чаттарға кіріп, интимдік жазбаларды жібереміз деп қорқытқан. Зорлық-зомбылық құрбандарына көмектесетін NeMolchiKZ қорының хабарлауынша, қылмыскерлер қызды "ата-анаңды өлтіреміз" деп қорқытып, тәнін саудалаған, қызға есірткі еккен. Жәбірленуші олардан қорқып, бұл жөнінде ата-анасына тіс жармаған.

Оқушының анасының сөзінше, қызының жыныстық құлдыққа түскенін білгеннен кейін полицияға жүгінген, алайда ол жақта оған "балаңды арнайы интернатқа береміз, ата-ана құқығынан айырамыз" деп қоқан-лоқы жасаған. NeMolchiKZ қорының айтуынша, іс көпке жария болғаннан кейін ғана алға жылжыған. Бұл ақпарат БАҚ-та жарияланғанға дейін күдіктілер бостандықта жүрген; қоғамдық резонанстан кейін олар қамауға алынды.

Бұған дейін өзге процестер аясында осы қылмысқа қатысы бар Қызылорданың бірнеше тұрғынына үкім шыққан. 2024 жылы қарашада ақша бопсалау бойынша айып тағылған 21 жастағы ер адамға үкім оқылды. Ол 4,5 жыл түрмеге кесілді.