Қазақстаннан Өзбекстанға цемент экспорты тоқтап тұр. Неге?
Қазақстанның QazCem қауымдастығы Өзбекстан үкіметінің цемент импортына тыйым салғанын, тамыздан бері тасымал тоқтағанын мәлімдеді. Бірақ Ташкент салған тыйым құжаты ашық дереккөздерде жоқ. Бұл саясаттың астарында не жатыр? Екі тараптың бәсекесі ме әлде отандық өнеркәсіпті қолдау ма?
АШЫҚ ЖАРИЯЛАНБАҒАН ҚҰЖАТҚазақстанның QazCem цемент және бетон өндірушілер қауымдастығының төрағасы Ербол Әкімбаев Өзбекстан тоннасы 300 АҚШ долларынан арзанға түсетін Қазақстан цементін кіргізуге тыйым салғанын хабарлады. Ол Өзбекстанның кеден қызметі ұсынған, бірақ ашық дереккөздерде жарияланбаған үкімет қаулысының фотокөшірмесіне сүйенген.
Өзбек экономистерінің айтуынша, үкіметтің бұл жабық шешімі – елдегі цемент нарығын әлі күнге дейін өз қолында ұстап отырған президент отбасы мен оған жақын элитаның пайдасын ойлаған, қарапайым халық үшін қымбатқа түсетін зиян көп жеңілдік болып отыр.
Қазақстан жылдар бойы Өзбекстанға ірі көлемде цемент экспорттап келген. Ербол Әкімбаевтың Forbes Kazakhstan басылымына айтуынша, Өзбекстанға цемент сату кейінгі жеті жылда алғаш рет биыл тамызда тоқтаған. Шілде айында өзбек кеденшілері оларға Қазақстан цементін елге әкелуді іс жүзінде шектейтін үкімет қаулысының фотокөшірмесін көрсеткен.
Әкімбаев атап өткендей, бұл шешім ашық дереккөздерде жоқ. "Себебі егер олар бұл шешімді ашық жарияласа, бірден үлкен шу көтеріледі" дейді ол.
Өзбекстанның министрлер кабинеті мұндай шешімді қашан және не үшін қабылдағаны, сондай-ақ тоннасы 30 доллар тұратын цементке не себепті 300 долларлық шектеу қойғаны белгісіз. Экономист Сапарбай Жұбаевтың айтуынша, цемент саудасы көп жылдан бері үздіксіз жүріп келген екі елдің экономикалық қарым-қатынасына мұндай тосын тыйым елеулі әсер етуі мүмкін.
Мұндай тыйымға екі себеп болуы мүмкін дейді сарапшы.
– Өзбекстан жағынан болсын, Қазақстан жағынан болсын жемқорлық фактісі бар. Шетелден бір тауар алып кірген уақытта өз бағасымен салыстырғанда арзанырақ бағаға импорттағандай етіп көрсетуге әрекет қылады. Неге? Баж төлемі, қосымша салықтар мен комиссия алымдары бар. Осылардан қашу үшін біздікілер кедендегі қызметкерлермен келісіп, импорт тауардың бағасын төмендетіп көрсетуге тырысады, – дейді Сапарбай Жұбаев. Оның айтуынша, өзбек жағы осы жемқорлықты тыюға тырысқан болуы мүмкін.
ҚАЗАҚСТАННЫҢ ӨЗБЕК НАРЫҒЫН ЖАУЛАУЫЕкінші себеп – Өзбекстанның өз өндірушілерін қолдау.
2024 жылы Өзбекстанға жалпы 128 115 тонна қазақ цементі экспортталған. Оның жалпы құны — 4 миллион 700 мың АҚШ доллары.
Өзбекстанның құрылыс нарығында қазақстандық цементтің орны ерекше.
2018 жылдан бері елдің негізгі цемент жеткізушісі де Қазақстан.
Соңғы жылдары Қазақстанда аймақтық нарыққа бағытталған цемент өндіретін кәсіпорын көбейген.
Ресми дерекке сүйенсек, елде жыл сайын 18,5 миллион тонна цемент өндіріледі, ал ішкі сұраныс соңғы төрт-бес жылда 11,5–12 миллион тоннаға дейін жеткен.
Яғни, шамамен 6 миллион тонна цемент сыртқы нарыққа шығарылады.
Биыл шілдеге дейін бұл көлемнің басым бөлігі Өзбекстанға сатылып келген. Алайда кейінгі жылдары Өзбекстанның өзінде де цемент өндірісі артты. Сонымен қатар ел билігі сырттан келетін импортқа шектеу енгізе бастады.
Бірақ арзан қазақ цементін қымбат жергілікті өнім ығыстырып, ел ішіндегі баға күрт өсті. Керісінше соңғы уақытта өзбек цементінің Қазақстанға экспорты артып отыр.
ЦЕМЕНТ БИЗНЕСІНЕ ӨЗБЕК БИЛІГІ НЕГЕ ЖЕҢІЛДІК ЖАСАЙ БЕРЕДІ?"Өзбекстан өнеркәсіп құрылыс материалдары" қауымдастығының мәліметінше, Өзбекстанда 37 цемент зауыты бар. Бұл кәсіпорындар жылына шамамен 33 миллион тонна цемент өндіреді, яғни, ішкі сұраныстың 92 пайызын өтейді.
"Қазір жергілікті зауыттарда М-400-ден М-600-ге дейінгі портланд цемент түрлері шығарылады. Тағы бір маңызды дерек – қуаты 1 миллион тоннадан асатын кәсіпорын саны – 14".
Шын мәнінде, екі елде де цемент өндірісінің артуының арқасында бәсеке қалыптасып, цемент бағасы арзандауға тиіс еді. Бірақ Өзбекстанда бәрі керісінше болып жатыр – жыл басынан бері цемент бағасы 25 пайыз қымбаттаған.
Қазақстанның ресми деректеріне сәйкес, 1 тонна өзбек цементі нарықта шамамен 19 доллардан сатылып жатыр. Ал 1 тонна қазақ цементі Өзбекстанға шамамен 27 долларға түседі. Оған 30 пайыз баж салығы қосылады.
Сарапшылар пікірінше, кейінгі жылдары Өзбекстанда цемент лоббиі бұрынғыдай күшті, ал үкімет бұл бизнеске жасырын және жария түрде артықшылық беруді жалғастырып отыр.
"Жыл басынан бері цемент бағасы 25 пайызға дейін қымбаттады. Мұндай әрекеттер – өзбек тұтынушысының қалтасынан ақшаны суырып алып, офшорға және Қытайға аудару деген сөз. Орта және ұзақ мерзімді келешекті ойламай, есеп-қисапсыз салынып жатқан цемент зауыттарының тікелей және жанама зиянын әлі көп тартамыз" деп жазды экономист Отабек Бакиров Telegram-парақшасында.
Экономист айтқандай, Өзбекстан үкіметі цемент өндірушілерге жиі-жиі жеңілдік жасайды. Биыл қазанда да президент Шавкат Мирзияев бекіткен қаулыда цементтің биржаға шығарылатын көлемі 50 пайыздан 25 пайызға дейін төмендетілді. Бұл да цемент бағасының өсуіне жол ашады.
– Өзбекстандағы олигархтар өз пайдасын күйттеп, баға құлап қалмауы үшін [тырысып жатыр]. Баға түсіп кетсе, олигархтар табыстан қағылып, көп пайда таба алмай қалады. Cол үшін олар шектеу қояды. Оған бір экономикалық тұрғыда ілік болатын себеп табады да тыйым салады, – дейді сарапшы Сапарбай Жұбаев.
МИРЗИЯЕВ КҮЙЕУ БАЛАСЫНА ЖАҚЫН АДАМШавкат Мирзияев билікке келгеннен кейін небәрі бір жыл өтпей үлкен жеңілдіктерге қол жеткізген цемент бизнесінің иелері кімдер? Өзбекстандағы цемент өндірісіндегі екі ірі компания – "Қызылқұмцемент" пен China Energy International Group Samarkand Cement.
Цемент бизнесіндегі бірнеше компания Ұлықбек Шодмонов деген кәсіпкерге қарайды. Ол – президенттің күйеу баласы, мемлекеттік қауіпсіздік қызметі басшысының бұрынғы орынбасары Отабек Умаровтың айналасындағы ықпалды тұлғалардың бірі.
Шодмоновтың іскерлік байланыстарымен таныс дереккөздер оның және Умаровтың ортақ бизнес мүдделері бар екенін айтады. Бірақ Шодмоновтың АҚШ-тағы адвокаттары бұл айыптауларды нақты түрде жоққа шығарады.
Тағы бір зауыт "Ахангаранцемент" акционерлік қоғамы Өзбекстан тумасы, ресейлік миллиардер Әлішер Усмановқа тиесілі. Азаттықтың өзбек редакциясының жазуынша, Өзбекстандағы цемент саласы ел тәуелсіздік алғалы бері табысын Кипрдегі офшорларға аударатын жеке бизнес топтарының қолында қалып отыр.
Ал Қазақстанда цемент шығаратын 20 шақты зауыт бар. Өндірістің 55 пайызын қамтып отырған кәсіпорындардың құрылтайшылар құрамында шетелдік инвесторлар бар.
Кейінгі жылдары цемент өндірісі тек Өзбекстан мен Қазақстанда ғана емес, бүкіл әлем бойынша артып барады. Бұл сала бүгінде атмосфераға тарайтын көмірқышқыл газының ең көп үлесін шығаратын өндірістердің бірі саналады.
