Жүздеген миллион ақша, 52 көлік және пәтерлер: Шымкенттегі Nazira Gold ісі қалай аяқталды?
Шымкентте Nazira Gold қаржы пирамидасын құру және басқару ісі бойынша сот үкімі шықты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі ҚМА мәліметіне сілтеме жасап.
Тергеуді ҚМА Шымкент бойынша департаменті жүргізді.
Өзін зергерлік бұйымдарды сатумен айналысатын компания ретінде таныстырған күдіктілер салымшыларға ай сайын салынған қаржының 20-40 пайыз көлемінде табыс уәде еткен.
"Алайда төлемдер нақты табыстан емес, жаңа салымшылардың есебінен жүзеге асырылып отырған. Нәтижесінде қаржы пирамидасына 4 мыңнан астам азамат тартылған. Күдіктілер салымшылардан түскен ақшаны қымбат автокөліктер, жер телімдері мен пәтерлер сатып алуға жұмсаған", - делінген хабарламада.
Сот үкімі бойынша, 9 адам кінәлі деп танылып, оларға 5 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.
Сонымен қатар сот шешімімен 402 миллион теңге көлеміндегі қаражат, 52 автокөлік, жеке тұрғын үй, элиталық тұрғын үй кешендеріндегі 2 пәтер, сондай-ақ 17 келі зергерлік бұйым мемлекет пайдасына тәркіленді.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!
