ru24.pro
World News in Kazakh
Октябрь
2025
1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20
21
22
23
24
25
26
27
28
29
30
31

Баға, тариф және салық. Үкіметтің шұғыл шешімі нені білдіреді? 

0

Қазақстан үкіметі президенттің «экономикалық реформаның елге жағымсыз салдарын азайтуға» берген тапсырмасын жедел орындап, бағаға, салыққа және несие беруге қатысты бірнеше өзгеріс енгізді. Мұны сарапшылар, саясаткерлер және халық қалай бағалады?
ҮКІМЕТ НЕ ҰСЫНДЫ?
16 қазаннан бастап «инфляция деңгейі тұрақталғанға дейін» АИ-92 маркалы бензин мен дизель отыны бағасын одан әрі көтеруге мораторий енгізді.Коммуналдық қызмет тарифтерін көтеруді 2026 жылдың І тоқсанының соңына дейін тоқтатты.Оңайлатылған декларация негізіндегі арнайы салық режимін қолдануға салынатын «басы артық шектеулерді алып тастайтынын» жариялады. Бұған қоса кәсіпкерлерге салық жеңілдіктерін жасап, салық органдарының тексеруіне шек қойды. Салықтан берешегі бар адамдарға айыппұл да болмайтын болды.Мемлекеттік бағдарламамен берілетін ипотекалық несие көлемін «екі есе ұлғайтатынын» айтты. Бірақ қосымша 500 млрд теңге мемлекеттік бағдарламалар аясында тұрғындардың белгілі бір категориясына ғана берілуі мүмкін.Азаматтардың автокөлікті лизингке алу механизмі енгізілетінін хабарлады.

Сала министрлері бұл жаңалықтарды жеке-жеке шығып, түсіндіріп видео жариялады. Ал премьер-министр Олжас Бектенов тиісті органдарға бағаны қадағалауды тапсырды.
Қаржы саласын реттеуші орган – Ұлттық банк инфляцияны төмендету үшін бір апта бұрын базалық мөлшерлемені 16,5-тен 18 пайызға бірден көтерген. Бұдан соң сарапшылар мен тұрғындар арасында «бұл халықтың жағдайын нашарлатады, несие алу қиындайды» деген пікір көп айтылды. Азаттық Ұлттық банк төрағасының орынбасары Берік Шолпанқұловтан «Қазіргі өзгерістер инфляцияны тежей ала ма? Үкімет қабылдаған шаралар инфляцияны құрықтау саясатын кешеуілдетпей ме?» деп сұрады.
– [Инфляцияны] күшейтуге жол бермейді, керісінше азайтады, – деді ол Азаттыққа. –Біздің мақсатымыз – 2027 жылға қарай инфляцияны 4,5-5 пайызға төмендету. Біз жасалған болжамға сенеміз, соған қол жеткізуге тырысамыз.
«ТОҢАЗЫТҚЫШТЫ ЖЕҢУ ҚИЫН»
Министрлер кабинетінің шұғыл шешімдерін әлеуметтік желіде саясаттанушылар мен экономика шолушылары сынап жатыр. Қаржы, бизнес тақырыбында жазатын "Нарық" сайтының негізін қалаушы Бауыржан Мұқанов президенттің идеясы таусылды, енді экономикада хаос басталады деп жорамалдайды.
«Жанармай бағасын қолмен ұстап тұрмақ. Өткенде ғана Тоқаевтың экономиканы еркіндікке жібереміз дегені қайда? Коммуналдық қызмет бағасын да ұстап тұрады. Тарифті инвестицияға ауыстырамыз деп соққан, баға көтерілмесе сапа артпайды деген бәлен жылдық бағдарлама қайда қалды? Бұрын «бизнес шектен шықты, салық төлемейді, оларды жеңілдетілген режимнен қуып шығамыз» деп жаңа салық режимін жазған үкімет енді жеңілдетілген режимде отырғандар отыра береді дейді. Тепсе темір үзетін адамдарға бюджеттен ақша беріп үй әпермек, бір адамға үй әперу үшін 10 адамға қымбат төлетеді! Бюджеттен халыққа жеңілдетілген лизингпен мәшине әпереміз дейді, неге менің төлеген салығым басқа біреудің көлік алуына жұмсалуы керек?» деп жазды Мұқанов Faceebook парақшасында.
Экономика шолушысы Айбар Олжаев та осы пікірде. Оның сөзінше, билік жариялаған шешім көзбояу сипатында, Тоқаев елдегі проблеманы келесі президентке мұраға қалдырмақ.
«Қазақстанның жүйелі құрылымдық дамуын тағы 5 жылға паузаға қойдық. Популизм мен қорқыныш жеңді. Қайтадан косметика жүйесіне қайтып келдік. «Істесе үшінші президент істесін, мен өзімді танкінің астына жібермеймін» деген сигнал анық берілді» деп жазды сарапшы Facebook-те.
Саясаттанушы Досым Сәтпаев әлемнің түрлі елінде толқу болып жатқаны авторитар елдерді алаңдатып отыр, билік қалай да жүйені сақтап қалғысы келеді дейді.
«Алда — жаңа референдум. Билік транзитінің түрлі нұсқасына дайындық ретінде елді тағы да конституциялық өзгерістер, жаңа сайлаулар күтіп тұр. Билік шын мәнінде тағы бір “Қаңтар оқиғасы” бола ма деп қауіптеніп отыр, өйткені билікті “әдемі ұрандармен ұстап тұру” тәсілі енді жұмыс істемейді. Керісінше, мұндай саяси технология тоңазытқышында азығы азайған халықтың тұрмыстық жағдайымен бетпе-бет келіп отыр. Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, “тоңазытқышты жеңу қиын”, яғни, халықтың күнделікті әлеуметтік-экономикалық жағдайына әсер еткен дағдарысты саяси ұрандармен жеңу мүмкін емес. Непал, Марокко, Мадагаскар және басқа елдердегі зумерлер буынының толқулары көптеген автократиялық елдерді ойлануға мәжбүр етті» деп жазды Сәтпаев Faceebook-те.
Әлеуметтік желіде Тоқаевтың тапсырмасы мен үкіметтің оны орындаудағы шапшаңдығын айтып, оң өзгеріс күтіп отырғандар да бар. "Президент таңертең айтты, премьер кешке орындады. Ынта мен зауық болса, бәрі де шешіледі екен» деп жазды мәжіліс депутаты Самат Нұртаза. Журналист Ержан Жаубай «тәуелсіз Қазақстан тарихындағы ең тез орындалған тапсырма осы шығар» деген пікір білдірді.
«ҮКІМЕТТЕН СҰРАП КЕЛГЕНІМІЗ ОСЫ ЕДІ»
Үкіметтің шағын және орта кәсіп иелеріне жеңілдетілген салық режимін сақтауын, камералдық бақылауды алып тастауын сүйінші сұрап хабарлағандардың бірі – мәжіліс депутаты Айтуар Қошмамбетов. Бұрын бірнеше жыл кәсіпкерлер палатасында істеген, "Республика" партиясының депутаты «үкіметтен ақпан айынан бері сұрап келгеніміз – осы еді» дейді.
– Кәсіпкер жалпы режимде жұмыс істей ме, жеңілдетілген режимде жұмыс істей ме, өзі шешсін. Әйтеуір төлеген салығы дұрыс болса, ол көлеңке экономикада жүрмесе, кәсіпкердің жұмыс істеуіне мүмкіндік берілсе, ең басты мақсат – сол, – деді Қошмамбетов Азаттыққа.
Оның айтуынша, кәсіпкерлерге жеңілдетілген режимде 3 пайыздық салық төлеуге мүмкіндік берсе, мемлекетте табыс көзі көбейеді, кәсіп иелері ашық жұмыс істеп, салығын жасырмай төлейді. Депутаттың ойынша, үкіметтің бұл шешімі керісінше бюджет түсімін арттырады.
– [Бюджеттегі кірістің ұлғаюы] тек салыққа ғана байланысты емес, ол экономиканың және нарықтың дамуына, шетелдермен қарым-қатынасқа, экспорт пен импорт, доллардың бағамы, Ұлттық банктің мөлшерлемесі сияқты көп факторға байланысты. Сондықтан табыс көзі көбейеді не азаяды деп кесіп айту дұрыс емес, – деді Айтуар Қошмамбетов.
Дегенмен депутат бағаны ұстап тұру сияқты механизмдерді ұзақ ұстап тұруға болмайды, «бұл нарық заңына қайшы келеді» деп есептейді. Үкіметтің дәл қазір мұндай қадамға баруының себебі де түсінікті дейді ол.
– Қазір елде салық реформасы, жанармай бағасын еркіне жіберу және тарифтерді өсіріп, энергетика кешенін жаңарту сияқты бірнеше реформа қатар өтіп жатыр. Оның барлығын бірге бастап кеткеннен соң ауыртпалығы халыққа түсті, – деп түсіндіреді депутат.
Оның айтуынша, баға мен тарифті өсіруге мораторий тұрған кезде тиісті шешімдер қабылдаса, кейін қайта еркіне жібергенде «баға бірден өсіп кетпеуі керек». «Әзірге бірінші қадам ғана анық болып тұр, әрі қарай қалай болады, ол түсініксіз, тек шет жағасын біліп отырып бүкіл картинаны сипаттау қиын» дейді Қошмамбетов.
«КӨЗБОЯУ»
Ал экономист сарапшы, "Қоғамдық мәселелерді талдау орталығының" директоры Меруерт Махмұтова үкіметтің «дағдарысқа қарсы» шараларын «көзбояу» деп санайды.
Азаттық: Үкімет бекіткен қазіргі шаралар халықтың өміріне, экономикаға қалай әсер етеді?
Махмұтова: Халықтың ахуалына әсер ете қоймайды. Үкімет ең төменгі жалақыны үш жылдан бері 85 мың теңге етіп бір деңгейде ұстап отыр. Келесі жылғы бюджетте де дәл сол 85 мың теңгені ұсынды. Бюджет әлі қабылданбай жатқанда ең бірінші соған көңіл аудару керек деп едім. Себебі инфляция былтыр 10%-дың маңайы болды. Биыл 13%-ға жетті, жылдың аяғына дейін одан да әрі өсуі мүмкін. Келесі жылы қандай болатыны белгісіз. Халықтың күнкөрісі нашарлап бара жатыр. Өкімет басында, билікте отырған азаматтарды тыңдасақ бәрі керемет, «экономика өсіп жатыр, инвестиция алып жатырмыз» дейді. Бірақ халық ол инвестицияның тұрмысына жақсы әсерін көріп жатқан жоқ. Инфляция табысты күннен-күнге құнсыздандырып жатыр, баға өсіп барады. Сондықтан «келесі жылдың 1-тоқсанының соңына дейін коммуналдық тарифтерді өсірмейміз, жанар-жағармай бағасын ұстап тұрамыз» дегендей ұсыныстарды, расын айтқанда, көзбояушылық деп бағалар едім.
Азаттық: Үкіметтің шараларына қатысты «билік әлеуметтік ахуалды, экономикалық жағдайды ескеріп, уақтылы оң шешім шығарды» деп жатқандар да бар. Онымен келіспейсіз бе сонда?
Махмұтова: Жоқ, келісемін деп айта алмаймын. Мысалы, жанар-жағармай бағасын өсірмей, уақытша ұстап тұрамыз дейді. Бірақ қазіргі заманда ең маңыздысы - шектемей, ішкі нарықта жанар-жағармай бола ма, болмай ма, соған байланысты қандай іс-шаралар қолданып, қандай бақылау жасап жатыр, соны айтса дұрыс болар еді. Ұсыныстарын іске қосып жатқанда да ештеңе өзгермейді. Ол азаматтардың күнкөріс деңгейіне әсер етпейді, шағын және орта бизнесті сақтап қалмайды. Көбі қазір-ақ жабылып жатыр.
Азаттық: Көпшілікті мазалайтын ипотека мәселесіне келсек. Оған үкімет қосымша 500 миллиард теңге бөлмек. Ол нарыққа қалай әсер етеді деп ойлайсыз? Өйткені бұл қаржыны белгілі бір категориядағы, «Отбасыбанкте» жинағы бар адамдар ғана алады. Одан бөлек бұл үй бағасын екінші деңгейлі банктер және құрылыс компанияларымен келісіп реттеу нарық заңына қайшы емес пе? Оның салдары қандай болмақ?
Махмұтова: Әр банкте есепшот ашып, ипотека алуға мүмкіндік тудырса, бәсеке болып, тіпті «Отбасы банкті» тіпті таратып жіберсе болатын еді. Сол «Отбасы банктен» де азаматтар көбіне таңдаған үйін ала алмайды, құрылыс компанияларымен келісіп, соларға жібереді. Сондықтан, меніңше, бұл шешімдер әділетсіз. Неге ондай шешім қабылданғаны анық емес. Бұл шешімдер көбіне азаматтың пайдасын ойламайды, оның артында сол құрылыс компанияларының лоббиі тұр деп ойлаймын.
Азаттық: Үкімет коммуналдық қызмет тарифінің, бензиннің бағасын көтеруді уақытша тоқтатамыз деп отыр. Баға өспегені жақсы ғой. Дегенмен бұл қаншалық мүмкін? Жеңілдетілген ипотека мен автонесие де бюджетке артық салмақ. Енді Ұлттық қордан тағы ақша алуға мәжбүр бола ма?
Махмұтова: Ең бірінші жоғарғы аудиторлық палата зерттеу жүргізіп, бюджеттің шығысын тексеріп қарау керек еді. Анда-санда түрлі бағдарламалар ұсынып жатады. Мәселен, 2011-2016 жыл инфрақұрылымға инвестиция салу бағдарламасы болды. Қазір ұсынып отырғаны – дәл сол ескі бағдарлама. Бұрынғысы қаншалық тиімді болды, соны зерттеп, аудиттен өткізіп, үкімет соны халыққа ашық жариялауы керек еді. 2015 жылдан бері үкімет Ұлттық қордан «анау болды, мынау болды» деп жыл сайын сайын трансферт түрінде қаражат алып келеді.
Астанада отырған басшылар «экономикалық өсім болып жатыр» дейді. Бірақ оның екінші жағы бар, шығындарды өсірсе, бұл инфляцияны жеделдетіп, бағаның өсуіне ықпал етіп жатыр.
Азаттық: Билік белгілі бір деңгейде салық жинап, дефицитті сол арқылы жапқысы келген. Онда да жеңілдетілген салық тәртібін сақтап қалып, салық кодексін кезең-кезеңмен енгіземіз деп жатыр. Мұны қоғам талабын ескеру деп қабылдауға бола ма?
Махмұтова: Олай деп ойламаймын. Себебі қосылған құн салығы қазір көбіне шағын және орта бизнеске ауыртпалығын тигізейін деп тұр. Бірақ бізде шағын және орта бизнесті дамаған елдермен салыстыруға келе қоймас. Көп адам өзінің кішкентай ғана кәсібінің арқасында жан бағып, бала-шағасын асырап жатыр. Сондықтан дәл соларға салықты ұлғайтып, қосылған құн салығын төлейсіңдер деп қысудың қажеті жоқ деп ойлаймын. Себебі тіпті еңбек етіп жатқан азаматтардың өздері кедейшілікке батып жатыр. 85 мың теңгемен қазір ешкім отбасын асырай алмайды. Менің ойымша, үкімет дәл осы мәселені түсініп те, көріп те отырған жоқ.
Азаттық: Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 18%-ға көтерді. Биылғы экономикалық өсім – 6,5%. Енді үкімет мынандай шара енгізіп жатыр. Бұл әрекеттерден қандай нәтиже күтуге болады?
Махмұтова: Енді экономиканы қаржыландыру одан әрі шектеледі. Қазір азаматтардың тұтынушы кредиттерінің көлемі жылдан жылға өсіп жатыр. Экономиканы қаржыландырып жатқандардың бірі – сол. Соңғы бес жылда бұл көрсеткіш қатты өсті. Қазір тұтынушы кредиттерін азайтуға күш салуымыз керек. Азаматтар көбіне күнкөріс үшін несие алады. Билікте отырғандардың ойы бойынша, жұрттың бәрі iPhone алатын шығар. Бірақ, меніңше, көбіне мұқтаждықтан алады. Азаматтардың табысы өте төмен, тұтынушы кредитін сол қажетін жабу үшін алады. Ал ол табыс түрінде жазылады, бұл табыс емес, кейін қайтарылатын ақша.