ru24.pro
World News in Kazakh
Октябрь
2025
1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13
14
15
16
17
18
19
20
21
22
23
24
25
26
27
28
29
30
31

Ел тарихындағы алғаш рет: Семейде әкімді сайлау өтіп жатыр

0

Семейде әкімді сайлау өтіп жатыр. Облыс орталығында 128 сайлау учаскесі жұмыс істеп тұр, оның 110-ы – ашық учаске. Қалғандары – уақытша тұрғылықты жерінен тыс жүрген азаматтардың дауыс беруіне арналған жабық учаскелер, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Дауыс беру сағат 20:00-ге дейін жалғасады.
Бұл – Қазақстандағы облыс орталығы әкімін алғаш рет тікелей сайлау өткізіліп отырған тарихи оқиға. Бұған дейін мұндай сайлау тек аудан әкімдерін таңдау деңгейінде ғана жүргізілген еді.
Семей әкіміне үміткерлер
Әкім лауазымына үш кандидат тіркелген: • Көкпекті ауданының қазіргі әкімі Әділет Қожанбаев; • қалалық мәслихаттың бұрынғы төрағасы Айболат Бекжасаров; • Геодезия, картография және құрылыс жоғары колледжінің директоры Қаныш Төлеуов.
Абай облысы әкімінің баспасөз қызметі ұсынған фото
Сайлау учаскелеріндегі жағдай қандай?
Семейде алғашқылардың бірі болып дауыс бергендердің арасында халықаралық "Қазақ тілі" қоғамының вице-президенті Орал Шәріпбаев бар.
Семей қаласы әкімдігі ұсынған видеодан скрин
Абай облысының әкімі Берік Уәли де дауыс берді. Ол №93 сайлау учаскесіне - Медициналық университетте орналасқан пунктке келген.

"Таңертеңнен бері семейліктер, оның ішінде жастар мен аға буын өкілдері сайлау учаскелеріне белсенді келіп, азаматтық ұстаным танытып жатыр. Бұл – елдегі саяси мәдениеттің өсуін, адамдардың өз қаласының тағдырына жауапкершілікпен қарай бастағанын көрсетеді. Облыс орталығы әкімін тікелей сайлау – тұрғындар мен жергілікті билік арасындағы сенімді нығайтатын жаңа кезеңнің бастауы", – деді Берік Уәли.

Абай облысы әкімінің баспасөз қызметі ұсынған фото
Биыл 18 жасқа толған жастар да сайлауға қатысып жатыр.
Семей әкімдігінің баспасөз қызметі ұсынған фото
№33 сайлау учаскесінде өз таңдауын әйгілі балуан, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген спорт шебері, "Еуразия Барысы" халықаралық турнирінің төрт дүркін чемпионы, "Әлем Барысы" турнирінің үш дүркін жеңімпазы, "Қазақстан Барысы" додасының екі мәрте иегері, Абай облыстық мәслихатының депутаты, Семей көлік колледжінің директоры Айбек Нұғымаров жасады.
Семей әкімдігінің баспасөз қызметі ұсынған фото
Қала тұрғындары өз сайлау учаскесін Telegram-бот арқылы анықтай алады: @vote_abai_bot
Әкімдер қалай сайланады?
Орталық сайлау комиссиясының мәліметінше, "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" заңға сәйкес, әкім төрт жыл мерзімге тікелей, жасырын дауыс беру арқылы сайланады. Үміткер кемінде 25 жастағы Қазақстан азаматы болуға тиіс.
Әкімнің өкілеттігі төрт жыл өткен соң немесе келесі жағдайларда мерзімінен бұрын тоқтатылады: • қайтыс болған жағдайда; • сот шешімімен әрекетке қабілетсіз не хабар-ошарсыз кеткен деп танылса; • саяси партия мүшелігі тоқтатылса; • жоғары тұрған әкім мен мәслихат депутаттары сенімсіздік вотумын білдірсе.
Айта кетейік, әкімнің өкілеттік мерзімі ішінде зейнет жасына жетуі оның қызметін тоқтатуға себеп емес.
Бұған дейін Семей қаласы әкімсіз қалған еді. Абай облысының әкімі Талғат Мұратовтың өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату туралы шешім қабылдаған.
Еске салайық, Қазақстанда әкімдерді тікелей сайлау жүйесі 2025 жылдан бастап енгізілді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бұл бастаманы 2024 жылғы қыркүйекте халыққа Жолдауында жариялап, оны саяси жүйені жаңғыртудың маңызды қадамы деп атаған.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!