Трамп Қытай тауарларына 100 пайыз тариф енгізілетінін айтты
АҚШ президенті Дональд Трамп 1 қарашадан бастап Қытайдан келетін тауарларға 100 пайыз кеден тарифы енгізілетінін жариялады. Жаңа тарифтер қолданыстағы баждарға қосымша болады. Бұл туралы Трамп Truth Social желісінде жазды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі CNBC-ге сілтеме жасап.
Трамптың айтуынша, АҚШ 2025 жылғы 1 қарашадан бастап (немесе Қытайдың кейінгі әрекеттеріне қарай одан да ертерек) Қытай тауарларына қазіргі төленіп жүрген баждардан бөлек, қосымша 100 пайыз тариф қояды. Сондай-ақ, маңызды бағдарламалық қамтамасыз етулерге экспорт бақылауы енгізіледі.
Ол бұған Қытай халықаралық саудада "өте агрессив ұстаным" таңдап, әлемге "өте өктем хат" жолдағаны түрткі болғанын айтты. Трамптың сөзіне қарағанда, Қытай 2025 жылғы 1 қарашадан бастап барлық дерлік өніміне (тіпті кейбір өндірмейтін тауарларға да) кең ауқымды экспорт бақылауы енгізуді жоспарлап отыр. Бұл – барлық елге қатысты және "халықаралық саудада бұрын-соңды болмаған жағдай" деп бағаланды.
Трамп бұл мәлімдемені Қытайдың сирек жер металдарын экспорттауға жаңа бақылау енгізгені туралы хабардан бірнеше сағат өткен соң жасады. Бұған жауап ретінде ол Қытай импортына "ауқымды өсіммен" тарифтер енгізу қаупін төндірді.
Бұған дейін Трамп Си Цзиньпинмен жоспарланған кездесуді өткізудің қажеті жоғын мәлімдеген. Пекин мұндай кездесу дерегін ешқашан растамады.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!