Отбасы әділдік талап етті: Алматыдағы сарбаз өлімінің алдын ала себебі айтылды
Ұлттық қауіпсіздік комитеті Алматыда әскерге алынғаннан кейін небәрі бір апта өткен соң көз жұмған сарбаздың өліміне қатысты пікір білдірді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Ведомствоның мәліметінше, 2025 жылғы 5 қазанда Алматы облысы бойынша департаменттің медициналық қамтамасыз ету бөлімінде ҰҚК Шекара қызметінің қатардағы жауынгері қайтыс болған.
"Медицина қызметкерлерінің алдын ала қорытындысына сәйкес, өлімнің себебі – менингококцемия", – делінген ҰҚК баспасөз қызметінің хабарламасында.
Анықтама: Менингококцемия – менингококк инфекциясының аса ауыр түрі. Ауру өте жылдам дамиды: қызу көтеріліп, қалтырап, әлсіздік, бұлшықет ауыруы және теріде қара-қызыл дақтардың (жұлдызша түріндегі бөртпе) пайда болуымен сипатталады. Көп жағдайда менингит өлімге әкелуі мүмкін. Ауру ауа арқылы жұғады, көбіне балалар мен жасөспірімдер арасында тарайды.
ҰҚК мәліметінше, бұл дерек бойынша Алматы қаласының полициясы соталды тергеуді тіркеген. Сонымен қатар, қызметтік тексеріс тағайындалған.
Шекара қызметі марқұмның туыстары мен жақындарына қайғыра көңіл айтты.
Еске салайық, бұған дейін 2006 жылы туған Нұрасыл Ануардың қазасы туралы оның туыстары хабарлаған еді. Олар баланың сырқаттан көз жұмғанына күмән келтіріп, істің мұқият тергелуін талап етті.
"Кеше кешке Нұрасыл ағасына қоңырау шалып: "Маған бұл жер ұнамайды", – деген. Ағасы: "Бірнәрсе болды ма, бір жерің ауырып тұр ма?" – деп сұрағанда, ол нақты жауап бермей, тек: "Бұл дұрыс жер емес", – деп қайталай берген", – дейді сарбаздың әпкесі.
Туыстарының айтуынша, оларға Нұрасылдың қазасы туралы 5 қазанда таңертең хабарланған. Алайда сағат 12:30-ға дейін отбасына баланың денесі көрсетілмеген.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!