Руслан Берденов Алматы әкімдігінде қызметке тағайындалды
Мәжілістің бұрынғы депутаты, Шымкент әкімінің экс-орынбасары Руслан Берденов Алматы әкімдігінде жаңа қызметке тағайындалды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Бұған дейін әлеуметтік желілерде Руслан Берденов "Алматы даму орталығының" директоры болып тағайындалғаны туралы ақпарат тараған еді. Бұл мәліметті мегаполис әкімдігінің баспасөз қызметі растады.
Анықтама: "Алматы даму орталығы" 2008 жылы қала әкімдігінің қаулысымен құрылған. Орталықтың негізгі миссиясы – Алматының тұрақты әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосу, қаланы басқару тиімділігін арттыру, тұрғындардың өмір сапасын жақсарту және Алматыны өмір сүруге ең қолайлы қалалардың қатарына енгізу.
Еске салайық, 29 тамызда Руслан Берденов Шымкент әкімінің орынбасары қызметінен кеткен болатын. Бұған дейін ол өзіне жасалған қастандықтан кейін ұзақ уақыт ем қабылдаған.
Қастандық ісі:
2025 жылғы 21 сәуірде кешке Шымкент қаласы әкімдігі ғимараты маңында Руслан Берденовке қастандық жасалған. Шенеунік жарақат алып, ауруханаға жеткізілген. Дәрігерлердің айтуынша, ота шамамен төрт сағатқа созылған.
Күдікті Ернар Жиенбай қамауға алынып, оған "Адам өлтіруге оқталу" бабы бойынша айып тағылды.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!