ru24.pro
World News in Kazakh
Октябрь
2025
1 2 3 4
5
6
7
8
9
10
11
12
13
14
15
16
17
18
19
20
21
22
23
24
25
26
27
28
29
30
31

"Елді қаралайды деп қауіптенеді". Түркіменстан бұрынғы журналисті шетелге шығармай отыр

0

Түркіменстанда бұрынғы журналист Нұргелді Халықов тоғыз айдан бері елден шыға алмай отыр. Жыл басында Нұргелді Халықовты жұмыс визасы болса да, Біріккен Араб Әмірліктеріне жібермей қойған. Ол Ашғабаттың әуежайында бірнеше сағат тұрып, ақыры елден шыға алмады. Содан бері Халықов елден шығу құқығы үшін соттасып жүр.

Елден шығуға тыйым салуТүркіменстан азаматы Нұргелді Халықов былтыр жылдың соңында Дубайдан қонақ күту саласында жұмыс тапқан. Оның бұл салада жүргеніне шамамен жеті жылға жуық уақыт болған. Жұмыс беруші оған шақыру жіберіп, Fly Dubai рейсіне билет те сатып әперген. Алайда 12 қаңтарда Халықов елден кете алмады.

"Мені елден шығармай қойғаннан кейін маған "жай-жапсарын көші-қон қызметінен білесің" деп сол жаққа баруға кеңес берді. Ол жақта "құзыретті органның" шешімі бойынша маған елден кетуге шектеу қойылғаны жөнінде жауап алдым. Әдетте "құзыретті орган" деп ұлттық қауіпсіздік жөніндегі министрлікті айтады. Көші-қон қызметінің жауабында не үшін және қанша уақытқа шектеу қойылғаны жазылмаған. Бас прокуратура, адам құқығы жөніндегі омбудсменге үш рет жүгіндім, олар маған сотқа баруға кеңес берді. Сәуір айында сотқа шағым түсірдім. Сот процесі жүріп жатыр. Әлі күнге дейін маған не үшін елден кетуге шектеу қойылғанын ешкім түсіндірген жоқ" деді Нұргелді Халықов Азаттық Азияға.

Оның сөзінше, Түркіменстанда тыйымның екі түрі бар: "кәдімгі" және "бақылау".

"Кәдімгі түрін көші-қон қызметі өздері қоя алады. Онда әдетте қандай заң бойынша тыйым салынғаны және оның ұзақтығы көрсетіледі. Бақылау атты түрі де бар. Менің жағдайымда, мәселе сол жөнінде болып отыр. Нақты жағдайда не нәрсе негіз болғаны, мерзімі айтылмаған. Сот процесі кезінде судья маған салынған "бақылау тыйымы" заңсыз екенін, әкімшілік актіге сәйкес келмейтінін айтты. Әкімшілік актіде әрдайым [тыйым салуға] негіз болған жайт, оның ұзақтығы мен шешім қабылдаған адам жөнінде мәлімет болады" деді бұрынғы журналист.

Нұргелді Халықов 2018 жылдан бері тәуелсіз turkmen.news сайтымен әріптестік орнатқан. 2020 жылы қыркүйекте "алаяқтық" бабымен 4 жылға сотталған.

Құқық қорғаушылар істің қолдан ұйымдастырылғанын, оған азаматтың журналистикамен айналысуы себеп болғанын айтқан. Атап айтқанда, Халықов коронавирус індеті кезінде Түркіменстанға Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының делегациясы барған кезде редакция суреттерін берген.

Халықовқа түрлі халықаралық ұйымдар мен АҚШ-тың заң шығарушы органдары, Еуроодақ делегациясы араша түскен.

2024 жылы Халықов түрмеден шығып, журналистік қызметтен кетіп, өзінің негізгі мамандығы қонақ күту саласына оралды.

Бірақ оған бұл мүмкіндікті де бермей жатыр.

"Түркіменстанның ұлттық қауіпсіздік министрлігі егер елден кетсем, өзге белсенділер сияқты ТикТокқа эфирге шығып, елді қаралайды деп қауіптенеді, Бірақ менде ондай жоспар жоқ" дейді Халықов.

"ЖАЗАНЫҢ ЖАЛҒАСЫ"

Нұргелді Халықовтың елден шығуына тыйым салудың заңдық негізі жоқ деп санайды turkmen.news сайтының бас редакторы Руслан Мятиев.

"Көші-қон туралы заңның 24-бабы 1-тармағына сәйкес, Түркіменстанның кез келген азаматының елге кіру және елден шығу құқығы шектелмеуі керек. 30-бап елден кетуге қойылатын уақытша шектеулерді санамалап көрсетеді, бірақ Нұргелді Халықовтің жағдайы бұл пунктердің ешқайсысына жатпайды" дейді ол.

Мятиевтің айтуынша, бұрынғы журналистке бірнеше себеп бойынша елден кетуге тыйым салуы мүмкін.

"Бұл оның жазасының жалғасы. Олар шетелдегі түркімен диссиденттері мен құқық қорғаушы, оппозиционерлердің санын толықтырғысы келеді. Оларға оның көз алдында жүргені тиімді. Ол журналистік қызметпен айналысуға құлықты емес болса да. Ол өзінің негізгі мамандығы бойынша жұмыс істеп, ақша тауып, отбасы мәселесін де шешкісі келеді. Оның үстіне тәжірибесі де бар: ол біздің басылыммен әріптестік орнатқанға дейін сол салада көп жұмыс істеген. Олар өздерінің әрекеттерімен оны жұмыссыз қалдырып, шетелге кетуге мүмкіндік бермей, заңсыз түрмеде отыруға түрткі болған әрекетпен айналысуға итермелеп отыр" деді Митияев.

Елден кетуге тыйым салу тәжірибесіТүркімен билігі ұзақ жылдан бері өз азаматтарына елден шығуға шектеу қояды. Руслан Мятиевтің пікірінше, мұндай тәжірибе бұрынғы президент Гурбангулы Бердімұхамедов тұсында басталған және оның ұлы президент болып тұрған шақта да жалғасып жатыр.

"Кейінгі жылдары Түркіменстанның көші-қон қызметі шектен шығып кетті. Олар мұны өз бетімен және ұлттық қауіпсіздік министрлігінің нұсқаулығымен де жасап отыр. Тағы мынадай кек қайтару бар: егер отбасыңда қандай да бір адам "сенімсіз" танылса, онда оның барлық туысы да елден шыға алмай қалады. Түркіменстанда ұжымдық жазалау деген нәрсе бар" деді ол.

Егер алдыңғы жылдары тыйым негізінен билікті сынауға бейіл азаматтар мен олардың туыстарына қатысты болса, кейінгі уақытта билік қарапайым түркімен азаматтарына да елден шығуға шектеу қоя бастаған.

Азаттықтың Түркімен қызметінің хабарлауынша, Түркия азаматтарымен некеде тұрған, туған еліне төлқұжатын ауыстыру үшін уақытша келген түркімен азаматтары елден шыға алмай қалған.

Басылымның дерегінше, елден кетуге тыйым салынған азаматтардың тізімінде шамамен 150 әйел бар. Олардың мәселесіне көпшіліктің назары аударылғаннан кейін әйелдердің бір бөлігі Түркияға оралған.

Сондай оқиғалардың бірін turkmen.news сайты жариялаған. Интернет-ресурстың жазуынша, 2023 жылы қазанда ұлттық қауіпсіздік министрлігінің қызметкері Түркия азаматына тұрмыс құрған, еліне төлқұжатын ауыстыру үшін келген түркімен әйелін елден кетуге тыйым салынғандардың тізіміне енгізген. Әйел адам ұлттық қауіпсіздік министрлігінің қызметімен интимдік қарым-қатынастан бас тартқаны үшін өзін тізімге енгізгенін айтқан.

Ол 1,5 жыл бойы елден кете алмай, тек 2025 жылы оның жағдайына көпшілік назар аудара бастағаннан кейін Түркияға кете алған.

2025 жылы наурызда Түркімен қызметі басқа жағдай туралы жазған.

"Түркіменстан билігі Түркіменстан әйелдерінің шетелдіктерге тұрмыс құруын өте ауыр қабылдайды. Олар мұны ұнатпайды. Тіпті ашық та айтқан кездері болған: "Бұл жерде ешкім табылмады ма? Бізде еркек жоқ па?". Оларға "жоғарыдан" осындай кейстерді шектеу жөнінде бұйрық келген сияқты" дейді Руслан Мятиев.

Ресми Ашғабат шетелге шығатындардың санын өзге де себептермен де шектеуге тырысып жатыр. Мысалы, 2022 жылы кәмелетке толмаған балалары бар немесе түрмеде туыстары бар азаматтарға жұмыс бабымен және туристік мақсатта елден кетуге тыйым салынған.

2023 жылы тамызда елден кететіндер психологиялық тест тапсырып, ұлттық қауіпсіздік министрлігі өкілдерімен әңгімелесуге және виза мерзімі аяқталғанға дейін елге оралуға міндеттелді.